Шәкәрім Құдайбердіұлы

s02   Шаһкәрім – тарихшы. Абайдың ақыл-кеңесімен ақын шежіре жазды. Шығыс, Батыс классиктерінің шығармашылығын жете танып, мұсылмандық ілім-білімді де еркін меңгерген. Түркі халықтарының тарихын терең білетін, діни, тарихи тақырыптарға «Мұсылмандық шарты», «Түрік, қырғыз, қазақ һәм ханылар шежіресі», «Үш анық» еңбектер жазған ғұлама ғалым.

Шежіре кітабының кіріспесінде Шаһкәрім былай дейді: «Қазақтың түпкі атасының жайын білмек болып, көп уақыттан бері сол туралы естіген-білгенімді жазып алып, әр түрлі жұрттың шежіре кітаптарын оқыдым» дейді.
Оқыған кітаптары түрік-араб шежірелері: Табари. Түрік, араб шежірелері: «Тарих ғумуми», «Тарих ғұсмани», Нәжип Ғасымбектің «Түрік тарихы», Әбілғазы Баһадүр ханның жазған «Шежіре түрік», Ж.Баласағұнның «Құтадғу білік», Радловтың «Ұйғыр туралы шежіресі», Аристовтың «Түрік нәсілі туралы» шежіресі, «Орхон жазбалары» және әр түрлі кітаптардан алынған сөздер.

Орыс-тарихшы ғалымдарынан: Березин, Левшин, Сапсский, Маевскийлерді оқыды. Шаһкәрім осылай шығыс және орыс ғалымдарының еңбектерін оқып, қазақ халқының аңыз-әңгімелерін зерттеп, ондағы уақиғаларды тарихи шығармалармен салыстыра отырып барып өз еңбегінде пайдаланды.
Сөйтіп, Шаһкәрім он тоғыз жасынан бастап, қазақ шежіресін жазуға кірісті. «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» осындай ізденістерден кейін 1911 жылы Орынборда шықты.
Мұнда тарих, әдебиет, тіл және этнография жайында, тарихи тұлғалар туралы және басқа да әлеуметтік-тарихи мағлұматтар мол.
Сонымен, шежіре Шаһкәрімнің тұңғыш жарық көрген салиқалы еңбегі. Бұл шығарма қазақ халқының тарихын дұрыс баяндау және қазақтың түп атасын анықтап беру мәселесінде ешқашан тарихи мән-мағынасын жоймайтын құнды мұра болып қалды.
«Шәкәрімнің басқа шығармаларын түсіну үшін ең алдымен шежірені оқу керек» дейді ғалым Қайым Мұхамедханұлы.

Шәкәрім аудармашы. Көп тілді білгеннің арқасында шығыс және орыс классиктерінің шығармаларын түпнұсқасы бойынша қазақ тіліне еркін аударған. Әзірбайжанның ұлы ақыны Мұхаммед Физулидің «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасы (1907 ж.), орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің «Дубровский» атты повесін «Дубровский әңгімесі» (1908 ж.) деген атпен, «Метель» әңгімесін «Боран» деген атпен (1936 ж.) өлең түрінде аударды.
Орыс жазушысы Лев Толстойды ерекше бағалап, құрмет тұтқан. Оның бірнеше шығармаларын аударды: «Асархадон патша», «Үш сауал» әңгімелерін аударды. Оны да өзіне ұстаз санап, хат жазысып, өзіне ақыл кеңес сұрағанын ақынның баласы Ақат та, өлеңдері де айғақтайды.
«Жасымнан жетік білдім түрік тілін» деген Шаһкәрім араб, парсы, түрік, шағатай, орыс тілін жетік білгеннің арқасында шығыс және орыс классиктерінің шығармаларын түпнұсқасы бойынша қазақ тіліне еркін аударған.
Аударма мәселесі туралы ақынның өзі былай дейді:
«Ақын, жазушы өзінің төл тумасына жауаптылықпен қарайтыны сөзсіз. Ал біреудің шығармасын аудару – одан да жауапты нәрсе. Бұған өте шеберлік керек».
Шәкәрім –сазгер. Сегіз қырлы, бір сырлы Шәкәрім ойлы өлеңдеріне ән де жазған өнерлі сазгер болды. Бұл ақынның керемет өзгешелігі, талант дәрежесінің биіктігі. Ол ән жазумен қатар күй де шығарған. Ақын «Бозторғай» деген күйінің шығу тарихын да таңсәрідегі табиғат көрінісімен байланысты туғанын айтады. Ел жайлауға шыққанда, таң атып келе жатқан мезгілде аспанда сайраған бозторғайдың әдемі үніне елтіп, әсер алғаннан кейін туған күй. Шәкәрім әндерінің көпшілі 20-40 жастың аралығында туған. Сондықтан оларды жастық әндері деп аңғарсақ та, философиялық ой-тұжырымдарға жетелейді.
«Анадан алғаш туғанда» әнінде филососфиялық толғамға толы адам өмірінің бар болмысын айқындап, толғамға толы әні адам өмірінің бар болмысын айқындап, қысқа ғұмырдағы пендешіліктің бет-болмысын әшкерелей отырып, кісілікке, парасаттылыққа шақырады.
«Кәрілік туралы», «Жапанда жалғыз жаттым елден безіп», «Сұраған жанға сәлім айт» атты әндері адам өміріндегі мың алуан құбылыстарын, мінез-құлықтарын, кісілікке үндейтін жастық, махаббат сезімдерін дәріптейді.
Семейлік сазгер, журналист Арғынбек Ахметжанов ширек ғасыр Шәкәрімұлы Ахатпен дос бола жүріп қажы әндерінің шығу тарихы туралы жазған еңбектері бар. Ол Шәкәрімнің көптеген әндерін өз аузынан естіп, магнитафон таспасына түсіріп алды. Нотаға түсірген. Арғынбек Ахметжановтың айтуынша ақынның 30-ға жуық әні бар көрінеді.
Ақын өмірінің дәм-тұзы таусылғанын сезгендей өмірінің соңғы жылдары «Қош жұртым» деген өлеңін жазған.
Шәкәрім әндерін лекция-концерт арқылы бүкіл Қазақстанға насихаттаған әнші, домбырашы Мәдениет қайраткері Келденбай Өлмесековтің еңбегі өлшеусіз.
Міне, бүкіл адамды кемелдікке жеткізу идеялары туралы ұстазы Абайдан бастау алған Шәкәрім – әдебиеттің көптеген жанрларында туындылар жасаған қаламгер. Шығармашылығының басты тақырыбы сол кездегі қазақ қоғамының бар саласын қамтыған. Ол әсіресе, Абай үлгісін шашуда елеулі еңбек етті. Сондықтан Абай дәстүріндегі көркемдігі жоғары, мазмұн, түр жағынан сонылығы басым, үлкен қоғамдық-әлеуметтік мәні бар лирикалар туғызды. Абай ұстанған ағартушылық, гуманистік көзқарасты қатты қолдады.
Ол қазақ әдебиетінде Абай қалыптастырған реалистік дәстүрдің алғашқы дамытушыларының бірі болды. Өзі өмір сүрген ортаның қоғамдық-саяси және әлеуметтік сыр-сипаттарын көре білуде, халыққа жол көрсетуде Абай бағытын, ұлы ағартушы ақын дәстүрін ұстанды.
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихында Абайдан кейінгі ұлы ақынымыз – Шәкәрім өзінің жарты ғасырдан астам шығармашылық жолында мол әдеби мұра қалдырды. Оның өлеңдері мен поэмалары, прозалық шығармалары мен публицистикалық мақалалары, жұмбақтары мен мысалдары, философиялық ой пайымдары, түрлі тілдерден тәржімалаған туындылары қазақ әдебиетінің тарихына қосылған баға жетпес асыл қазына болып табылады.
Ақынның осындай табиғи талантының түп-тамырының тереңдігі, жан-жақты, сан қырлы қабілет иесінің мұралары ұрпақтан-ұрпаққа жететіні сөзсіз.

Әдебиеттер тізімі:

Еспенбетов А.С. Шәкәрім және Сұлтанмахмұт:Монографиялық зерттеу.-Алматы:«Раритет», 2008.-230 б.
Медеуханұлы Ә. Ақынның ажалы: үш көріністі драмалық қойылым // Ақ Ертіс.-2011.-№1.-21-41 б.
Мұхамедханұлы Қ. Ш. Шаһкәрім. // Көп томдық шығармалар жинағы. 3-том.-Алматы: Алаш, 2005.-267-316 б.
Мұхаметқанұлы Қ. Шаһкәрім // Шәкәрімтану мәселелері. Сериялық ғылыми жинақ. 1-том.-Семей-Новосибирск: «Талер-Пресс», 2006.-48-100 б.
Мұхамедханов Қ. Шәкәрім: Фильм (орыс тілінде) // DYD – диск-М.,1990.
Мұхамедханов Қ. Шәкәрім: Қ.Мұхамедханұлыны сөзі (орыс тілінде) // DYD – диск-М.,2007.
Шәкәрімтану мәселелері: Сериялық ғылыми жинақ. 1-т.-Алматы: Раритет, 2007.-448 б.
Шәкәрімтану мәселелері: Сериялық ғылыми жинақ. 2-т.-Алматы: Раритет, 2007.-376 б.
Шәкәрімтану мәселелері: Сериялық ғылыми жинақ. 3-т.-Алматы: Раритет, 2007.-376 б
Шәкәрімтану мәселелері: Сериялық ғылыми жинақ. 4-т.-Алматы: Раритет, 2007.-376 б.
Өлмесеков К. Бұл ән – бұрыңғы әннен өзгерек: // DYD – диск.-2007.
Сәрсенбайқызы Ғ. Бар ғылымның түп атасы – Шәкәрім // Дидар.-2008.-16 қыркүйек.
Сейсенұлы Д. Шәкәрім. Ғұмырнамалық баян.-Астана: Фолиант, 2007.-264 б.
Мағауина З. Сахараның дана ойшылы // Дидар.-2008.-11 қыркүйек.

Шәкәрімнің шығармашылығы
Әлеуметтік-саяси көзқарастары
Дүниетану туралы көзқарасы
Шәкәрімнің философиялық лирикасы
Шәкәрім аудармалары

Беттер: 1 2