Әлеуметтік-саяси көзқарастары

s18   Шәкәрімнің көптеген шығармаларында еңбек ету идеясы, іскерлік пен жаңашылдықтың пайдасы туралы идея бірінші кезекке шығарылады. Байлық пен игіліктер адам өмірі үшін қажет. Байлықтың мәні мақтаныш емес. Байлық адамның жанына қызмет жасайды. Байлық болса адам басқаның қолынан қол үзбейді. Байлық адамға еңбекпен, маңдайдың терімен келсе ол әділетгің, ардың, ғибадаттың тірегі. Байлықтың жақсылық болуы байлықты жасайтын адамның жақсылығына тәуелді. Зорлықпен, арамдықпен, алдаумен келетін байлық елге келетін жаманшылықтың көзі, – дейді Шәкәрім ғұлама.

Шэкэрімнің әлеуметтік көзқарастарының ауқымы кең. Ақын халықты тәрбиелеудің, біліммен адамгершілікке тартудың нақты жолдарын көрсетеді. Сондықтан қазақ ұлтын топтастыратын, өркениетке бағыттайтын адамгершілік идеологиясын Шәкәрімнің шығармашылығынан табамыз. Оның шығармашылығының идеялық, поэтикалық куаты ақынды ұлттың ұстазы деңгейіне көтерген десек артық бағалау емес. Оған дәлел, қандай құбылыс болмасын Шәкәрім жеңіл қарамайды, оңай баға бере салмайды. Құбылыстың өзгермелі өмірімен байланысы, оның қоршаған қоғамға әсері, келешекке тигізер ықпалы мен салдары тереңнен сарапталады. ”Мақтау мен сөгіс”, ”Мінеу мен күндеу” күнделікті тіршілікте әрбір адамның басында болатын жағдайлар. Бір қарағанда тайға таңба басқандай анық дүниелер сияқты. Ал, Шәкәрім осы құбылыстарды әлеуметтік руханилық категориялар деңгейінде бағалайды. Қарапайым құбылыстардың халықтың моралдық келбетіне, қоғамның рухани ахуалына өшпес іздер қалдыратындығын көрсетеді.

Әрине, мақтаулы болған жақсы, сөгіс адамды тұқыртады. Шын мақтау бар, өтірік мақтау бар. Адам ақылдылар сүйсінетін іс істей алса шын мақтаныш. Надандар жамандай берсін. Надандардың жаласынан сіз төмен кетпейсіз. Білімділер, адал ниеттілер ісіңді қаламаса, саған ренішін білдірсе шын сөгіс осы. Халықтың көпшілігі надан. Сенің істерің көп наданға ұнамаса, аз жақсыға ұнасын. Сонда осы міндеу мен күндеуден де қорықпайсың. Шындықтың да табиғаты күрделі. Бүрынғылар үшін шындық болған нәрсе бүгін шындық болмай қалуы мүмкін. Қазір шын деп отырғанымыз қате шындық шығар. Бірақ түбінде барлығынан құнды анық шын бар екендігі де ақиқат. Шәкәрім осы өлеңінде дұрыс, тура жолдағы қоғам орнату үшін шындықтың табиғатын, генесологиялық тамыры болудың қажеттілігін дәлелдейді.
Ақын сөз жоқ өзі өмір сүрген қитұрқы қоғам туралы айтып отыр. Социализмді адамзат арман қылды. Бүл қоғам нағыз шын қоғам, әділетті қоғам болып көрінді. Ал жеңіске жеткен социализм өзі туралы шындықты жоқ қылды. Бүл қоғам қате қоғам, оның шындығы да қателі шындық. Сондықтан бұл шындық адамзатқа берілген у іспеттес. Жақсы деп, тура жол деп қате жолды таңдап отырмыз деп меңзейді ойшыл ақын:

Көп сөз айтқан бұрынгы білімділер,
Пайдалансын, шын деп кейінгілер.
Сынға салып талғамай талантты жас,
Соның бәрін қатесіз жөн деп білер.
Олай емес, ойласаң, талай мін бар,
Бұрын шын, қаталы шын, анық шын бар.
У берді ме, сусын деп, су берді ме,
Көзің жұмда жұта бер деген кім бар?

Бір қарағанда қарапайым айтылған сөз, қатардағы өлең. Шындығы тереңде. Ұлттың әлеуметтік тәжірибесіне қатысты. Адамның білімі теңіздей болып жинақталған. Бірақта, соның барлығы қазаққа қажет пе, пайдасы бар ма? Бүгінгі үрпақ пайдалысын, тек ұлағаты турасын ғана пайдаланғаны жөн. Білім екен деп, тарихи тәжірибе екен деп көзсіз откеннің тәжірибесін пайдалана беру қауіпті. Өткен ұрпақтар біліміне сын көзбен қарап талдау абзал. Пәлен деген ақылды айтқан екен деп бас ұра берсек біз мінді, қатені түсінбейтін, көрмейтін кейіпке келеміз. Ақын өзінің шығармашылығына да халықтың сын көзбен қарауын, жүректің таразысынан өткізуін қалайды. Мінді түзеу, қателікті түзеу өткенді қирату емес, оны сараптау, таразылау. Жақсысы, пайдаға асатыны бүгінгі күнге жұмыс істейді. Ондай білімді, ондай тәжірибені жаңартып, өңдеп бүтінгі күн талаптарына сай пайдаланған жөн.

Беттер: 1 2 3