s02   Философиялық лирика — тақырыптық-мазмұндық жағынан, лирикалық поэзияның азаматтық лирика, көңіл күй лирикасы, саяси лирика, табиғат лирикасы, махаббат лирикасы, әлеуметтік лирика деген сияқты дараланған жанрлық түрі. Оны лириканың басқа жанрлық түрлерінен «сыршылдықтан ойшылдығы басым, философиялық сарыны күшті» болуы мен «ғалам сыры, тіршілік құпиясы, жазмыш жұмбағын» тануға ұмтылысы дараландырып тұр. Яғни, ойшылдық, басқаша айтқанда, танымдық аспектісі дараланған, поэзияда осы танымдық бейнеленіп берілген. Шәкәрімнің осы бағыттағы өлеңдерін қай ғылым саласы қарастырмасын жанрлық табиғаты жағынан философиялық лирика деп тануы шындықка жанасымды.

Философиялық лирика — көркем философия мен сопылық поэзияның және өнер философиясының да объектісі. Діннің де, философияның да, басқаның да бастауына сөз өнері (миф, т.б.) тұрғаны туралы ғылымда неше мәрте айтылған. Философиялық лирика көпқабатты (көркемдік, эстетикалық, танымдық, діни аспектісі астасқан) жанр. Шәкәрімнің философиялық лирикасы жанр болғанда – сыр сөз, хикмет, трактатқа тән сенім мен танымның негізін бойына жиған барлықты (болмысты) көркемдік шындық арқылы бейнелеп келе жатқан және ұлттық – адамзаттық құндылықтар жүйесіне негізделген қазақ сөз өнеріндегі метажанр. Мұнда танымға сенім үндескен. ”Өзіңді өзің таны” дейтін антропологиялық философияның концепциясы мен ”Өзіңді өзің танысаң, Жаратушыңды да танисың” Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар хадисінің шынайылығы, Құран Кәрімнен бастау алар ислам санасы, ізгілік жолы Шәкәрім шығармашылығында ерекше көрініс тапқан. Жаратушының барлығы және мәңгілігі туралы идея, дүниенің тұтастығы мен антропологизм, адамның тұлға ретіндегі құндылығы ақын Шәкәрімнің философиялық лирикасында кең өріске шыққан. Шәкәрім шығармаларында автобиографиялық жад аса қуатты, онда өткен өмір тізбектеліп айтылмайды, одан ақиқатқа бастайтын даналық ой қорытылады.

Ақынның ”Мұтылғанның өмірі” деген автобиографиялық көркем шығармасын Ғарифолла Есімнің ”Мұтылған” фипософиясы деп қарастыруы кездейсоқтық емес. Шәкәрімнің философиялық лирикасына иек артқанда, философ, мәдениеттанушы, теолог, филолог барлығы, оны ең алдымен қазақтың ұлтгық мінезін, барлығын (болмысын) контексте танитын ұлттық сөз өнерінің үлкен жанры, ерекше метажанры деп қарастырганы ләзім. Философиялық лирика, көркем философия, жалпы сөз өнері—ұлттық дүниетанымның, қазақ философиясының бастауында тұрғаны жайында қазір де нақтылы айтыла бастады. Мәселен, Ғарифолла Есім ”…халықтық, ұлттық дүние-танымның табиғи-тарихи арналары қайсы дегенде, мен бүл мәселені халык-тың сөз өнеріне қатысты қарастырмақпын…” немесе ”Ұлттык дүниетатанымның бастауы қайда?,-дейді.

Философиялық лирикада сол ұғымдардың мәніне, адам денесінің бес сезімі арқылы білінген нәрсенің кайда барарына бағыттайды. Ақын Шәкәрімнің бейнелік ойы, философ Шәкәрімнің танымдық ойымен үндесетін, өзінің философиялық трактатындағы «Анықтың» мәніне, антропологиялық философия мәселесіне сәйкес келетін сәті осы. Шәкәрім ”Үш анық” философиялық трактатында: ”Енді бір кесел; 1797 жылы туып, 1857 жылы өлген Опост Конт деген адам: ”Физика жолымен анықталмаған, метафизика нәрсені білем деп әуре болмайық. Дене сезімімен барлығы табылған нәрсені ғана шын деп білейік’ деген бір жол шығарып, оған ”позивитивизм” деп ат койған. Соған нанып қалып, сол жолға түсіп, дененің бес сезімі арқылы білінбеген нәрсені біржола жоқ деп коятын болған. Сөйтіп жанның ең қасиеті — терең ой, ноқтадан сау ақылын арқандап қойып, жанын тани алмай қалған” — дейді. Яғни, бесеуінен мидағы ой хабар алып, жақсы, жаман екенін ақылға салып тексермек, билік жүректен шығарылмақ. Маңызды мәселелерді поэтикалық ой-толғаныстан өткізу Шәкәрімнің философиялық лирикасының стилі. Ақылға салмай, ықтималмен, өлшеуге алмай, нәпсінің ұнатқанымен жүргеннің қайда ұрындырарын Шәкәрім өленде дәл бейнелеп берген: ”Нысананы сығалап, дәлдеп атпай, көзін жұмып оқ атқан қайтіп оңбақ”.

Шәкәрім өлеңінің мәйек-ядросы жүрек болып, негізгі ой соған бағытталған. Абай «Он төртінші қара сөзінде» жүрекке қаратып: ”Тірі адамның жүректен аяулы жері бар ма? … Рақымдылық, мейірбандылық, әр түрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар — жүрек ісі. Асықтық та — жүректің ісі. Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады” деген. Ал, «он жетінші қара сөзінде» де қайрат, ақыл, жүрек үшеуінің өнерлерін айтысып, таласып келгенде, ғылым ”Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп, Кітаптың айтқаны осы” — дейді. Бұл, философиялық трактаттағы тұжырым. Ислам дінінде, Құран Кәрімде жүрек — негізгі тірек. Шәкәрімнің философиялық лирикасында да жүрек — негізгі макрокатегория. Шәкәрімнің ақиқатка жетуге, хақиқатты тануға бағытталған философиялық трактат-еңбектеріндегі ой-танымы, философиялық лирикасында бейнелілік жолмен дами жалғасын тауып, үндесіп жатады: ”Жасырып тұр Жар өзін, Бас көзімен қарама, Жүрегіңнің көзін аш, Жанның сырын арала,т.б., т.с.с.

Абай қалыптастырған философиялық лириканың дәстүрін Шәкәрім дамыта жалғастырды дегенде, осы тақырыпта жазған шығармаларының мазмұндық сыры мен пішіндік тұрпатынан да реминиценциялық, өзгеше үндестік табамыз. Мәселен, ”Ел бұзылса, құрады шайтан өрмек, Періште төменшіктеп, қайғы жемек” (21, Абай), ”Арсыз, арам, асығыс, айлакерлік, Мұның бәрі шайтанның досы болмақ” (Шәкәрім). Екі өлеңде де Ар ілімі, адал рухани таза жолмен жүрмеген пендені не күтіп тұрганы соңғы түйін-сентенция шумақта шешімін табады. Абайда ”Иттей қор боп, өзіне сөз келтірмек” болса, Шәкәрімдегі үкім одан да қатал: ”Құдай кешер, Алла деп күнә қылмақ, Ар кетіріп, ант ішіп, жан сатылмақ, Не жалғанда немесе ақиретте, Оңалмастай өкпеден бір атылмақ”.

Филсофиялық лирикада суреткердің адамгершілік позициясы, ар ілімі көрініс тапқан. Ақынның толғаныс пен ізденіс, қиялының поэтикалық қорытындысы дүниетанымдық мәнде, көремдік ойлау – мәдениеттің қуаты. Шәкәрімнің филсофиялық лирикасы ұлттық рухқа ие. Ақынның филсофиялық лирикасының негізгі идеясы – адамдық сапасы, ар ілімі туралы.

Әдебиеттер тізімі:

Шаңбай Т. Шәкәрімнің философиялық лирикасы // Қазақстан мектебі. -2008.-№ 4. – 70-76 б.
Жетібаев, Е. Шәкәрім ойларының ерекшелігі // Қазақстан мектебі. – 2009. – № 7. -3-8 б.
Омаров, А.”Қырықтан соңғы қырымды…” (философиялық көзқарасы // Абай. – 2006. – № 3. – 46-59