Шәкәрімнің философиялық лирикасы

s02   Шәкәрім өлеңінің мәйек-ядросы жүрек болып, негізгі ой соған бағытталған. Абай «Он төртінші қара сөзінде» жүрекке қаратып: ”Тірі адамның жүректен аяулы жері бар ма? … Рақымдылық, мейірбандылық, әр түрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар — жүрек ісі. Асықтық та — жүректің ісі. Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады” деген. Ал, «он жетінші қара сөзінде» де қайрат, ақыл, жүрек үшеуінің өнерлерін айтысып, таласып келгенде, ғылым ”Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп, Кітаптың айтқаны осы” — дейді. Бұл, философиялық трактаттағы тұжырым. Ислам дінінде, Құран Кәрімде жүрек — негізгі тірек. Шәкәрімнің философиялық лирикасында да жүрек — негізгі макрокатегория. Шәкәрімнің ақиқатка жетуге, хақиқатты тануға бағытталған философиялық трактат-еңбектеріндегі ой-танымы, философиялық лирикасында бейнелілік жолмен дами жалғасын тауып, үндесіп жатады: ”Жасырып тұр Жар өзін, Бас көзімен қарама, Жүрегіңнің көзін аш, Жанның сырын арала,т.б., т.с.с.

Абай қалыптастырған философиялық лириканың дәстүрін Шәкәрім дамыта жалғастырды дегенде, осы тақырыпта жазған шығармаларының мазмұндық сыры мен пішіндік тұрпатынан да реминиценциялық, өзгеше үндестік табамыз. Мәселен, ”Ел бұзылса, құрады шайтан өрмек, Періште төменшіктеп, қайғы жемек” (21, Абай), ”Арсыз, арам, асығыс, айлакерлік, Мұның бәрі шайтанның досы болмақ” (Шәкәрім). Екі өлеңде де Ар ілімі, адал рухани таза жолмен жүрмеген пендені не күтіп тұрганы соңғы түйін-сентенция шумақта шешімін табады. Абайда ”Иттей қор боп, өзіне сөз келтірмек” болса, Шәкәрімдегі үкім одан да қатал: ”Құдай кешер, Алла деп күнә қылмақ, Ар кетіріп, ант ішіп, жан сатылмақ, Не жалғанда немесе ақиретте, Оңалмастай өкпеден бір атылмақ”.

Филсофиялық лирикада суреткердің адамгершілік позициясы, ар ілімі көрініс тапқан. Ақынның толғаныс пен ізденіс, қиялының поэтикалық қорытындысы дүниетанымдық мәнде, көремдік ойлау – мәдениеттің қуаты. Шәкәрімнің филсофиялық лирикасы ұлттық рухқа ие. Ақынның филсофиялық лирикасының негізгі идеясы – адамдық сапасы, ар ілімі туралы.

Әдебиеттер тізімі:

Шаңбай Т. Шәкәрімнің философиялық лирикасы // Қазақстан мектебі. -2008.-№ 4. – 70-76 б.
Жетібаев, Е. Шәкәрім ойларының ерекшелігі // Қазақстан мектебі. – 2009. – № 7. -3-8 б.
Омаров, А.”Қырықтан соңғы қырымды…” (философиялық көзқарасы // Абай. – 2006. – № 3. – 46-59

Беттер: 1 2