Еспенбетов Арап СләмұлыҒалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Балалық шағым өткен ғасырдың елуінші жылдарына келді. Бір қызығы мен мектепке бармай тұрып хат таныған екенмін. Алғашқы кезде 3-4 класқа дейін тек қана мектептің оқулықтарын оқыдық. Ал нені, қалай оқу керек деген түсінік 7-8 класқа келгенде пайда болды. Ауылда әкемнің шағын кітапханасы болды, өзі оқыған адам еді. Бар кітаптарды оқи бердік. Сол кезде мұғалімдеріміз каникулға шыққанда күзде келгенде сен мына шығармаларды оқып келесің деп тапсырма беретін. Жалпы көбірек оқуға, әдебиетке бейімдей бастаған мектептегі мұғалімім Бәтташ Сыдықов ағамыз еді. Ол кісі бізге 8, 9, 10 кластарда сабақ берді. Сонда әдебиеттен нені оқу керек, нені жаттау керек, неге мән беру керектігін қадағалайтын. Кейіннен әдебиет факультетіне түсуіме де сол кісінің әсері болды.

Сонымен, институтқа келгенде талап күшейіп кетті. Онда оқытатын ұстаздарымыз филолог-әдебиетші күніне 300-400 бет оқуы керек дейтін. Бір күнде оқи алмаймыз десек те, қатал тәртіп қоятын, көп нәрсені оқытты, көп нәрсені білдік. Жастайымыздан көп оқыдық, қазір де оқуды жалғастырып келемін. Компьютердің, теледидардың келуі балалардың оқуына, өзінше білім алуына кері әсерін тигізіп жатыр. Бұл уақытша нәрсе, өтіп кететін дүние деп ойлаймын. Тегінде кітаптің құрымайтыны, қайта әр адамның жанашырына айналары хақ.
Соңғы жарты жылда оқып жатқаным, «Классикалық әдебиеттер» сериясымен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шығарған кітаптар. Әзір 34 томы бар. Осыларды қарап, оқып жатырмын. Өзім әдебиетші болғандықтан шығар, маған өте қызық. Өйткені бұрын студент күнімізде оқыған дүниелерді, одан бұрын шыққан дүниелерді жинақтап, ашып көрсеткен, өте пайдалы, қажетті дүние. Жалпы, көз бен уақыттың мүмкіндігі болса, оқымайтын кездерім болмайды.

Студенттерге де әрқашан айтып отырамын оқу керек, ал интернеттегі дүние ол бетінде ғана тұрған дүние, ешқашан ешкім өзінің терең зерттеген, ғылыми еңбектерін толығымен интернетке салмайды. Терең дүниелерді тығып қояды. Сендер сол бетіндегі қалқыған дүниені ғана көріп жүрсіңдер, әрі қарай көру керек, оқу керек деп ақыл қосамын.
Мен бір-ақ нәрсе айтқым келеді: жалпы білімді адам қашан да оқуы керек, интернеттен көріп алам деген жалқаудың әңгімесі. Бір сөзбен айтқанда, оқымаған адам, меніңше артта қалып қойған адам.
Сүйікті кітаптарым Абай мен С.Торайғыровтың шығармалары болғандықтан қайталап оқып отырамын. Кейіннен қайта оралған Алаштың ардагерлерінің шығармаларын да қарап, төңкеріске дейін шыққан кітаптарды қазіргі шыққан кітаптармен мұқият салыстырып, мәтін жағынан қандай айырмашылықтар бар екен, текстологиялық қандай ауытқулары бар деп қарап отыратын жайым бар.