Исин Амантай фотоСемей қаласы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты.

Балалық шағымызда қазақ эпостары, батырлар жыры, эпикалық жырларды сүйіп оқыдық, оның ішінде «Қобыланды», «Алпамыс», «Ер Тарғын» жырларын оқып өстік. Бала кезімде ерекше әсер қалдырған ақын, аудармашы Тұрмағамбет Ізтілеуұлы жырлаған «Рүстем-Дастан» эпикалық жыры. Парсы ақыны Ә.Фирдаусидың «Шаһнама» эпопеясының қазақша жырлануы. Бұл еңбек М.Әуезовтің алғы сөзімен 1961 жылы басылып шықты. Бала кезімізде білте шамның жарығымен әке-шешеміз осы жырды жиі оқытып отыратын. Міне, бұл ғажап дүние. Қазір осы шығарманы көп ешкім білмейді және оқымайды.

Жоғары бағалайтын кітаптар мен шығармаларым бұл әрине тұлғаларға арналған кітаптар, бала кезімде Қалмақан Әбдіқадыровтың «Қажымұқан» хикаятын қызыға оқушы едік. Сонымен қатар, мемуарлық шығармалар оның ішінде рулық қатынас, шежіре, әдет-ғұрып, салт-сана, тың оқиғалар суреттелетін С.Мұқановтың «Менің мектептерім», «Өмір мектебі», «Есею жылдары» трилогиясы. 1967 жылы 8 сынып оқып жүрген кезімде каникул уақытында бас алмай оқыған ерекше бағалайтын кітабым әрине, М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясы. Қайталап оқу – адамның өсіп- жетілуіне байланысты.

Бүгінгі күні Батыс пен Шығыс музыка өнері жайындағы зерттеулер, опера, аспапты музыка, әйгілі өнерпаздар, өнер қайраткерлерінің шығармалары мен олардың өмірбаяндарын қатты ұнатып оқып жүрмін. Жастарға, жалпы оқырман қауымға М.Әуезовтың «Абай жолы», жыраулар поэзиясының асыл маржандарын топтастырған «Бес ғасыр жырлайды», І. Есенберлиннің «Көшпенділер» және М.Шолоховтың «Тынық Дон» кітабының түпнұсқасын оқыңыздар деп айтар едім. Бұл шығармалардың тілі деген ғажап қой. Кітап – рухани асыл қазына. Одан еш адам алыстамауы тиіс.