Әміре Қашаубаев – 1888 жылы (кейбір деректерде 1886 жылы) Семей облысы, Абыралы ауданына қарасты Дегелең тауының етегінде туды. Әкесі Қашаубай кедей адам болған. Әміре тұрмыстың үлкен ауыртпалығын бастан кешкен. Қандай ауыр жалшылық жұмыста жүрсе де Әміре мойыған жоқ. Жастайынан әнге үйір болып, ыңылдап ән салатын. Әрі-бері өтетін қала жұрты керемет дауысты естіп тыңдап тұрып қалады екен. Кейіннен қаладағы болатын ойын сауық Әміресіз өтпейтін болды. Тұрмыс тауқыметі қаншалықты қиын болса да мейірімді әке-шеше өнерлі баланың маңдайын қақпады. Сөйтіп, әке-шешенің батасын алған өнерлі бала жалшылықтан босап, Арқа әншілерінің Меккесі болған Қояндыға жол тартады. Бұл Әміренің ән сапарына, музыкаға жол тартқан кезі болды. Онда жаяу Мұса сияқты әншілермен кездесіп, үйреніп, репертуарын байытады. Әншілерден үйрене жүріп өзінің ән айту стилін байытуға күш салады. Сөйтіп, он үш жасынан ән салып, Жаңа Семейдің шала қазақ, татарлар арасында ”әнші бала” атанып, жасы он сегізге таянған Әміре үшін үлкен жаңалықтар болды.

Әнге байып Семейге қайтқан Әмірені қалалықтар қызу қарсы алды. 1921-1924 жылдары Семейде құрылған ”Ес-аймақ” ұйымына кіріп, әншілігін шыңдай түседі. Онда ол әнші Майрамен кездесіп домбырамен, гармонға қосылып Семейдің жәрмеңкесін қыздыра түсті. Әміре дауысы Мәскеуге дейін жетіп:

”Қазақ әншісі Әміре Қашаубаев Парижде болатын жержүзілік көрмеде қойылатын этнографиялық концертке қатысуға келісім бере ме екен? Соның хабарын тез білдіруіңізді сүраймын, жол қаражаты, гонорары төленеді. Мерзімі – июнь, июль айлары. РСФСР Халық Ағарту Комиссары – Луначарский” деген, Семейдің губерниялық ағарту бөліміне телеграмма келеді. Әміре Мәскеуге жол тартады. Парижде болатын концертке қатысу үшін астанаға басқа ұлт республикаларынан белгілі өнерпаздар келеді. Париж концертіне дайындық есебінде өткен Үлкен театрдағы концерт табысты етті. Ол туралы: ”Керемет концерт”. Керек болса – башқұрттың қурайшысы Исенбаев, қазақтың әншісі Әміре Қашаубаев, өзбектің бишісі жөне әншісі Тамара Ханум – олардың өнерлері еуропалықтардың нөмірлерінен кем түспейді, ал қолдарындағы қандай жұпыны құрал десеңізші- деп жазады ”Правданың” 1925 жылғы 26 июнь күнгі номерінде.

Әміре этнографиялық ансамбльмен Парижге барып, 11 концерт береді. Сол коцерттерде Әміре өзінің сүйікті әндері ”Ағаш аяқ”, ”Үш дос”, ”Екі жирен”, ”Дудар”, ”Қос барабан”, ”Қызыл бидай” тағы басқа әндерді шырқап париждік көрермендерін тамсандырып қайтады. Ол туралы ”Қазақтың әншісі Әміре Қашаубаев өзінің халықтық манерада айтылатын емін-еркін даусына ұлт аспабы домбырасының сүйемелін қосып өз елінің жаныңды толқытатын әндерін орындады”, – деп жазады.

Францияның белгілі музыка зерттеуші ғалымы ‘Лемюзикаль” журналында Әміренің дауысы сирек кездесетін музыкалық көрініс екенін жазады.Әміре Қызылордадағы театр труппасына жұмысқа кіріп, 1926 жылы январьдың 13-күні М.Әуезовтің ”Еңлік-Кебек” пьесасымен қазақ тарихында бірінші рет қойшы Жапалдың ролін сомдайды. Сөйтіп, Әміре әрі әнші, әрі актер ретінде де таныла бастайды. 1927 жылы сәуір айында Әміре тағы Мәскеуге шақырылып, советтер съезінде концертке шығып, тағы бір үлкен табысқа ие болады. Сол жылдың жазында әнші Германияның Майнадағы Франкфурт қаласында болатын Жержүзілік музыкалық көрмесіне жіберіледі. Мұнда Әміре тоғыз концертке қатысып, көрермендердің үлкен сүйіспеншілігіне бөленеді. Сөйтіп, шетелге екінші рет өнер көрсетуге шыққан әнші өнер қайраткерлерінің ішінде ерекше табысқа ие болады.

Әміре қайтып, Қызылордадағы театрына келеді. 1928 жылы театр Алматыға көшкенде де бірге жүреді. Концерттерде басты артист болып белгіленеді. 1933 жылы драма театрының жанына құрылған ”Музыкалық студияның” ішінде бірінші болып жүреді. Ол студия келесі 1934 жылдың 13 қаңтарында ”Музыкалық театр” болып, М.Әуезовтің ”Айман-Шолпан” атты музыкалық пьесасымен ашылды. Онда Әміре басты рольдің бірін атқарады. Бірақ өмірі ұзақ болмай сол жылдың күзінде қайтыс болады.

Сөйтіп, замана көшінде аққан жұлдыздай із қалдырған өнер саңлақтарының бірі- Әміре Қашаубайұлы болды. Оның есімі қазақ өнері тарихында алтын әріппен жазылды. Әміренің керемет қайталанбас даусын шетелдіктер өте жоғары бағалады. Франция ойшылдары Анри Барбюс: ”Мен Әміредей әншіні сирек кездестірдім”, десе Ромен Роллан Әміре даусына қайран қалып ”Мен Шығыста әншіні бұлбұл құсқа неге теңейтінін енді түсіндім”-деп жазады. Ал, Мұхтар Әуезов 1920 жылдарда ”Ес-аймақ” ұйымында жүргенде-ақ: ”Сен, Әміре, Семей өңірінің ғана емес, бүған қоса Ұлы жүз бен Кіші жүз әндерін, романс сияқты ырғағы мол, сезімі зор Мұхит әндерін үйренуің керек. Сонда ғана сен жалпы қазақ әншісі атанасың. Ал қазақ атынан ән айтсаң есімің әлемге танылады”- деп сол кезде-ақ көрегендік танытқан.

Әміре туралы жазушы, өнер зерттеуші Жарқын Шәкерімов: ”Әміре ғасыр көшіндегі замана тудырған дара тұлға. Халқымызда әйгілі әншілер жүздеп саналады, өсіп келеді, әлі де туар. Ал, Әміре жалғыз. Ол халқымыздың мәңгілік тарихында солай сақталуы тиіс”, – деп бағалайды.