Қуаныш Жұмабекұлы – қазақ тіліндегі туындыларды өзге тілде сөйлетіп жүрген аудармашы

n5Қуаныш Жұмабекұлы  1988 жылы Семей облысында дүниеге келген. Бала кезінен зеректілігі соншалықты,  2000-2005 жылдар аралығында Е.Рахмадиев атындағы 5 жылдық Үржар балалар музыка мектебін «домбыра-тенор» мамандығын бітірген. Кейін, 2006 жылы ШҚО Үржар ауданы, Үржар ауылында М. Горький атындағы орта мектепті тәмамдаған. 2006 жылы ШҚО бойынша өткен облыстық «М.О.Әуезов және әлемдік мәдениет» шығармашылық сайысында 100 үміткер ішінен М.Әуезовтің 20 томын жатқа айтқаны үшін М.Әуезов атындағы Семей университетінің грантын жеңіп, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алған. Білімін толықтыру мақсатында 2010-2011жылдар аралығында Малайзияның Куала-Лумпур қаласындағы UCTİ университетінде ағылшын тілін оқыған.

Осылайша, 2010-2012 жылдар аралығында Қайнар университетін «шет тілі: екі шет тілі (ағылшын-түрік)» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2012-2014 жылдар аралығында Шет тілдер және іскерлік карьера университетінде «шет тілі: екі шет тілі (ағылшын-түрік)» мамандығы бойынша ғылым магистрі дәрежесін алған.

2015 жылдан бастап Түркия Республикасы, Өмер Халисдемир университетінің докторанты. 4 тілді еркін меңгерген аудармашы, докторант 2015 жылы Анкарадағы «Bizim Büro» баспасынан ағылшын тілінде «Let’s Learn to Speak English» атты кітабы жарық көрген. 3 бөлімнен тұратын кітаптың сенсациялық жаңалығы – ағылшын грамматикасын басқа тілдерге сүйенбей, тікелей қазақ тілінде түсіндіретін алғашқы оқу құралы және қазақ ертегілерінің ағылшын тілінде ұсынылуы болды. Сонымен қатар, кітапта британдық ағылшын тілінен бөлек американдық ағылшын тілінің сөздігі де берілген.

2017 жылы мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Серпер» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, ақын Ержан Жұмабектің «Шексіздік Шұғыласы» атты кітабын түрік тіліне аударған. Аталмыш кітап Түркия Республикасы «Medeniyetin Burçları» ұйымының қолдауы бойынша «Sonsuzluk Şûlesi» деген атпен Ыстамбұл қаласы, «Ezgi» баспасында басылып шыққан. Соңғы аударма саласына қосқан үлесі ақын, жазушы Құл-Керім Елеместің «Шырағым-ай» кітабын ағылшын тіліне аударған.

Әдебиеттер:

Жұмабек Еркін, Қуаныш. Біздің жетістіктеріміздің бастауында халық ауыз әдебиеті тұр: [“100 жаңа есім” жобасына енген сегіз қырлы, бір сырлы, ағайынды Еркін мен Қуаныш Жұмабектер туралы.] / Е. Қ. Жұмабек; сұхбат. Ж. Мұратқали // Дидар. – 2017. – 28 желтоқсан. – Б. 12-13.

Интернет ресурс: 

Қуаныш Жұмабеков: Қазақстанның 100 жаңа есімі

//http://100esim.el.kz/kz/bio/_kuanish_zhumabekov

Ұлттық бояуын сақтай отырып «Абай жолын» ағылшын тіліне аударғым келеді – Қуаныш Жұмабек //  https://baq.kz/kk/news/ruhani_zhangiru/ulttik_boyauin_saktai_otirip_abai_zholin_agilshin_tiline_audargim_keledi__kuanish_zhumabek20170905_171800