Қуаныш Сүлейменов

Сүлейменов Қуаныш Серікқазыұлы – «Шалабай» ЖШС бас директоры. 

n8Қуаныш Сүлейменов 1973 жылдың 14 қыркүйегінде бұрынғы  Семей облысының Шар ауданы Шар қаласында дүниеге келген. Семей мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітіреді. Оқуын Қазақ мемлекеттік заңгерлік академияда, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетте «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» мамандығы бойынша жалғастырып, ауылшаруашылық ғылымдарының магистрі атанады.

Қиын өтпелі жылдары жергілікті мектептің директоры Қуаныш Сүлейменов және ауылдық округінің әкімі Светлана Давлетова «Шалабай» сөзін бүкіл Қазақстанға таныстырғысы келеді. Олар ауылдағы өмірді жақсарту жолында елеулі еңбек етіп, көпжылдар бойы асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысып, республикаға қазақтың ақбас тұқымын беріп келеді.

ЖШС құру жолында олар тіпті мемлекеттік жұмыстан шығып кетті. Осылайша кешегі мұғалім Сүлейменов мал шаруашылығының теориясы мен тәжірибесіне көп көңіл бөлетін болды.  Жарма ауданындағы «Шалабай» ЖШС-нің қазіргі бас директоры Қуаныш Сүлейменов бұл күрделі бизнесті қазақстандық және әлемдік үздік тәжірибе негізінде жүргізудің заманауи моделін  құрды. Светлана Давлетова көпжылдық еңбек өтілі бар экономист және осы серіктестіктің бір бөлігін жүйелі басқарып келеді.

– Ерте көктемде ұрпақ алу үшін жайылымға жіберу керек. Бұл әлдеқайда арзан. Бұқаларды бір қыс және екі жаз ұстайды. Енді біз жаңа бордақылау алаңын саламыз, онда қарқынды түрде бордақылаумен айналысамыз. Технологиялық тізбекті қазақстандық ғалымдармен және біздің аргентиналық консультант Даниэль Рэартпен кеңесіп құрдық. Тұрақты дамып, көбею үшін күніне он теңгерімделген азық бірлігі беріледі.Біз ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қолдауымен селективті асыл тұқымды жұмыстармен айналысып келеміз және биылғы жылы асыл тұқымды шаруашылықтың мәртебесін аламыз, содан кейін зауыттың қамына кірісеміз. Бір жарым жылда салынған негізгі өндірістік алаңда қонақүйлер де бар – дейді Сүлейменов.

Біздің ұстанымымыз – ең бірінші мал емес, ең алдымен, адамның тұрмысын

түзеу, ауыл халқының жағдайын жасау, ауылды көркейту. Сол ұстаныммен шаруашылығымыз өркендеп келеді, – дейді кәсіпкер.

«Шалабай» шаруа қожалығы қазіргі таңда Жарма ауданындағы Шалабай, Бірлік, Мариновка ауылдарының халқын жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшылар ауысым бойынша жұмыс істейді. Мұндағы жұмысшылардың  орташа айлығы – 100-110 мың теңге.  «Шалабайда» өндірістің табысты жұмысын ескерген басқа да ауылдық фермерлер ынтымақтастыққа көп ниет білдіріп жатады. Осының арқасында жаңа мүмкіндіктерге жол ашылып, қазақтың ақбас сиыры мен байыс және жебе жылқыларының асыл тұқымды өсіру қолға алынды.

Жеке шаруа қожалықтармен бірлесе отырып, серіктестік мал тұқымын асылдандыруға күш салады. Ал шаруа иеліктері өз кезегінде бордақылау алаңдарын салып беруге тиіс. Осылайша, бірлескен жұмыстардың арқасында жеке кәсіпкерлер мен серіктестің жұмысы дөңгеленіп, алға жылжып келеді.

Сүлейменов бала кезінде «Кім болғың келеді? тақырыбына эссе жазғанда «мен савхоздың директоры болғым келеді» деп жауап қатқан екен. Расында да, армандар талмай еңбектенсе орындалады. Бүгінде Қуаныш өз ауылының жандануына елеулі үлес қосып келе жатқан азамат.

Әдебиеттер:

Аллабергенұлы Д. Мемлекет басшысының сенімін арқалап қайтты: 100 жаңа есім //

Дидар. – 2017. – 14 желтоқсан. – 10 б.

Интернет ресурс:

Қуаныш Сүлейменов: қазақстандық мал шаруашылығының үміті //

http://buqara.kz/?p=5434

Сұлтанов Ө. Қазақтың бас сиыры  «Шалабай» шаруашылығынан тараған //

http://www.zheruiyq.kz/archives/4341

Қуаныш Сүлейменов: Қазақстанның 100 жаңа есім // http://100esim.el.kz/kz/bio/kuanish_suleimenov