Біздің байланыс телефонымыз: 8 (7222) 52 04 94 · semeybib@yandex.kz

Белослюдов Николай Николаевич (1880-1943)

Белослюдов Николай Николаевич –  суретші.  Семей қаласында туып өскен. Белослюдов 1895 ж. Семейдегі 5 класты қ қалалық училищені, 1895-99 жылдары Омбы қаласныдағы техникалық училищені бітіреді. 1906 жылдан 1916 жылға дейін жер бөлімі мекемесінің басқармасыңда топографиялық қызметте болды. Ол бүкіл Сібірді аралап, тарихи-этнографиялық мәні бар зерттеу жұмыстарын жүргізген  Г.Н. Потанинмен жақын танысып, оның кеңесімен археологиялық-этнографиялық коллекциялар жинаған, Бұл іске өз бауырлары Виктор, Алексейлерді де тартқан. Сөйтіп, өздері жинаған экспонаттардан мұражай ашқан. Николай Николаевич  Семейдегі мұғалімдер семинариясы мен мектептерде сурет, сызу пәңдерінен сабақ бере жүріп, қазақ халқының мәдени-рухани байлығын зерттеп, оған ерекше мән бере қарады.

Семейдегі орыс географиялық қоғамының тапсыруымен археологиялық-этнографиялық мәні зор экспонаттар, қазақтың  ауыз әдебиеті, халық әндері үлгілерін жинап  зерттеді. Семейде қазақ мұғалімдерінің қысқа курстарын ұйымдастырып, өнер мен әдебиет, Абай туралы лекциялар оқыды. Абай өлеңерін орысшаға аударып, оны орыс халқына таныстыруды армандады.

Белослюдов 1911 ж. 28 қаңтарда Томскіден Викторға жолдаған хатында: Г.Н.Потанинмен кездесіп, үйінде әңгімелестім, оған ақын Құнанбаев туралы айттым, ол білмейді екен. Маған Потанин: «Коншинге жазыңдар, ол Абайдың ең таңдаулы өлеңдерін таңдап іріктеп алып, «Сибирьская жизньге» бастырып, көпшілік қауымға таныстырсын дейді», -деп жазады. Сол жылғы жазған енді бір хатында: «Григорий Николаевич қазақ әндерінің әуені жөнінде өз көзқарасын айтты», – деп жазған. 1912 жылы 13 қазанда інісі Викторға «Гребенщиковты  тосудамын, онымен Құнанбаевтың өлеңдері туралы сөйлескім келеді», – деп жазған осы салада жазысқан хаттарының ұзын саны 900-дей,  соның 700-дей хаты Семейдегі Абайдың мемлекеттік қорық-музейінде, 100-ден астамы Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының сирек қорында, 50 шақтысы Шығыс Қазақстан музейлері мен архивтерінде, біразы Семейдің өлкетану музейінде сақтаулы.

Ол М.Әуезов, Ж.Шанин, Қ.Сәтбаев, Х.Ғаббасов, Ә.Ермеков, Н.Құлжановалармен пікірлес, дос болған. Бұлар арқылы Абай Құнанбаевты біліп, оның озық ойлы мұраларын орыс тіліне аударып, орыс халқына таныстыруды мұрат тұтқан. Абай өлеңдері мен музыкалық мұраларын Г.Потанинге таныстырып, оның пікірін хатқа түсіруде Белослюдовтің еңбегі зор.

Әдебиеттер:

Бейсенбаев М. Белослюдов Николай Николаевич // Абай. Энциклопедия / Бас ред. Р.Н.Нұрғалиев. – Алматы: Атамұра, 1995. – 155 б.