Әдебиет (Б-Ж)

09Баймұратов Нұрлыбек

Нұрлыбек Баймұратов 1887 жылы 6-желтоқсанда Бесқарағай ауданы Балапан деген жерде туған. Нұрекеңе өлең он жасында дарыпты. Сол кездегі тәжірибелі Абайдың хатшысы болған ақын Ахметшәріп баланың бойында булығып шыға алмай тұрған өнердің барын бірден байқайды. Баланы бір айдай қасына ертіп, білгенін үйретеді, ақындық жолға баулиды. Алғашқы ұстазынан осылай тәлім алған ақын 15 жасынан ақындық жолын ұстана бастайды. Нұрлыбектің балалық, жастық шағы жетімдік, жоқшылық құрсауында өтті. Соған мойымай домбыраны серік етіп, дархан еліне еркелеп өсті. Әр ақынның өзін танытатын бір кезеңі болады.
1922 жылы Семей қаласында ақын Иса Байзақовпен айтысады. Кезінде М. Әуезов бұл айтысты аса жоғары бағалаған. Баймұратовтың тұңғыш баспасөзде жарялаған шығармасы «Қала сұлуы» атты поэмасы. Ол 1925 жылы Семейде шығатын «Таң» журналында басылған.
Ақынның республика жұртшылығына кеңінен танылған кезеңі 1939 жыл. Осы жылдың 21-27 маусым күндері Қазақстан жазушыларының Алматыда өткен 11-ші сиезінде делегат ақын суырып салма шумақтарымен ұлы жиынды құттықтаған. Сол съезд үстінде Нұрлыбек СССР Жазушылар Одағына мүшелікке қабылданады.
Нұрлыбек айтыс өнерін жете меңгерген тұлға. Оның атақты ақындармен айтыстары көп болған. 1939 жылдары «Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағы берілген. Ол 1943 жылы қарағандылық М. Жапақовпен, 1944 жылы Т. Көбдіковпен айтысқан. Сол жылдары
Б.Момышұлы, М.Ғабдуллин, Т.Тоқтаров сынды халқымыздың қас батырларын жырға қосты. Саңынан «Ер Төлеген» атты дастан жазды. Азамат соғысының оқиғаларын суреттеген «Қанды жорық» атты дастаны 1962 жылы кітап болып шықты.
Нұрлыбек ақынның өмірінде жазықсыз жала жауып, тар қапасқа қамап, азап тартқызған күндері де аз болмаған. Қазақтың біртуар марқасқа ұлдары- М.Әуезов, Ж.Аймауытов, Ә.Қашаубаев т.б. басқалармен қоян-қолтық араласып, халқына қызмет көрсеткен перзенті 1969 жылы 8 қарашада 82 жасында дүние салды.
1992 жылы Башкөл совхозының орталығы Жаңа-Николаевкада ақынның мұражайы ашылып, басына ескерткіш орнатылды.

Әдебиеттер:

Баймұратов Н. Өлендер мен поэмалар.-Алматы: Қазмембаскөркемәдеббас, 1957.- 144 б.
Баймұратов Н. Қазына: өлеңдер мен поэмалар.- Алматы: Жазушы, 1982.- 240 б.
Баймұратов Н. Ер Төлеген : Поэма.- Алматы : Жалын, 1985.- 25 б.
Баймұратов Н. Қанды жорық: (Поэма).- Алматы: ҚМКӨБ, 1962.- 124 б.
Баймұратов Н. Аттаныңдар: жинақ .- Алматы: 1965.- 97 б.
Түгісов У. Ақиық ақыны еді Семейдің // Арна.- 2000.- 31 наурыз.- 20 б.
Шәріпов Е. Нұрлыбек ақынның мерейтойы (110 жыл толуына орай ) // Семей таңы.- 1997.- 30 қыркүйек.
Иманжапаров М. Халық ақындары мұрасы: Зерттеулер, өлең-толғаулар, поэма-дастандар. 1-кітап.-Семей, 2010.-322 б.
Иманжапаров М. Семей өңірінің ақын-жазушылары: оқу-әдістемелік кешен.-Семей: «Үш биік», 2010.-113 б.
Иманжапар М. Бір суреттің сыры // Ертіс өңірі.-2009.-3 маусым.-12 б.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10