Әдебиет (Б-Ж)

12Жанатайұлы Көкбай

Өткір тілді, ұшқыр ойлы, импровизатор ақын Көкбай Жанатайұлы 1861 жылы 26 маусымда Абай ауданында Шыңғыстаудың етегінде туған.
Шығармаларын жазуда ұлы Абай ақынның көп ықпалы болған.
Абайтанудың білгірі Қ.Мұхамедханұлы: «Көкбай ақын архив материалдарында Семейдегі орыс мектебінде оқығандығы туралы құжаттар сақталған. Оның оқу үлгерімі жайында ведомоста «1878 жылы Көкбай 17жаста» деп жазылған. «Көкбай Жанатайұлы 1861 жылы Семей облысы Абай ауданында туған» деген тоқтамға келеді.
Көкбай алғашкы сауатын ауыл молдасынан ашады. Үш жыл мұсылманша сауатын ашқан Көкбай есейе келе әншілік, ақындыққа ауысады. Жастайынан ән-жырға әуес Көкбай ауыл арасында ән салып, өлең айтып, суырып салып өлең шығарып жүреді. Ол мұсылманша оқып қана қоймай, 1878 жылы үш сыныптық уездік училищеге түсіп оқиды. Орысша окуда ол өзінің зеректігін байқайды.
Көкбайдың осы училищеде оқығандығы, қандай пәндерден қандай баға алғандығы туралы Мемлекеттік Орталық архивте құжаттар сақталған.
Сөйтіп, орысша, мұсылманша окыған Көкбай елге келгенде үнемі Абай жанында болды. Осы кезде Абай ағасына жыр жолдарын арнады.
Өлең «Семейге Абай келсе, бізге думан» деп басталады. Осыдан бастап ұлы ақын мен Көкбай арасында достығы басталып, шығармашылық жолдары тоғысады.
Абай өз өлеңдерін Көкбай атынан жазып, Көкбайдың аты танымал бола бастайды. 1889 жылы Көкбай есімі баспасез бетінде де жарық көреді. Абайдың «Жаз» деген өлеңі 1889 жылғы «Дала уалаяты газетінің» 7-санында Көкбай атымен жарияланған.
1880-1886 жылдар аралығында Абай біршама өлеңдерді Көкбай атымен шығарған екен.
Өзге шәкірттеріне тақырып бергендей Абай Көкбайға да тарихи тақырып береді. Абай өз шәкірттеріне тақырып бергенде, Көкбайға қазақтың өткенін бейнелейтін тарихи жырды, Шәкерімге ғашықтық жырды, Ақылбайға романтикалық поэмаларды жазуды таңдап береді екен. Осылардың барлығы Абайдың нақты ұстаз болып, шәкірттерін баулып отырғанын көрсетеді.
Көкбай Абай ұстазының тәрбиесі арқасында, оқығаны мен тоқығаны мол, импровизацияға жүйрік, ұшқыр ойлы, өткір тілді ақын болған.
Көкбай одан арғы шығармашылық жолында қаншама өлеңдер мен дастандарды жазумен бірге, біршама айтыстарға да қатысқан. Оның Әріп, Біралы, Саржан, Жүнісхан, Міржақыппен айтысқан қағыстары сақталған.
Көкбай – ұзак оқиғалы көлемді шығармалар жазған эпик ақын.
Оның қаламынан «Абылай хан жыры», «Сабалақ», «Қандыжап» қиссалары туды. Ақын өз поэмалары арқылы өткен тарихқа деген ұлттық сезімін білдірген.
Болашақта ел билеген Абылай-Әбілмансұрдың сыртқы келбеті, бейнесі, тектік қасиеті де осында сыйдырылған.
Өткен тарихты білдіру, ұлтын сүюге шақырып, адамшылдық қасиеттерді уағыздау – ақынның басты мақсаты.
Ақын «Наурызбай-Фатима» – ғашықтық дастанын да жазды. Көкбай Жанатайұлының рухани нәр алған алтын бастауларының бірі – шығыс әдебиеті. «Мың бір түн» ертегісінің негізінде екі қисса жазды. Оның алғашқысы «Ғаділ патша қиссасы», екіншісі «Арон Ра-шид қиссасы». Қиссаларда қызықты оқиғалар арқылы оқырмандарын ертегі әлеміне жетелеп, имандылыққа, адамгершілікке жетелейді.
Көкбай ақын ұстазы Абай қайтыс болғаннан кейін 20 жыл толуына орай Семей қаласында өткен әдеби кеште Абайдың ақындық тұлғасын шеберлікпен сипаттап шығады.
М.Әуезов бағалағандай, Абай мұрасының толыққанды сақталуына, дәл деректердің осы күнге жетуіне шәкірті теңдессіз еңбек сіңірген.

Әдебиеттер:

Көкбай Жанатайұлы: Шығармалары.- Алматы: «Информ-Арна»,2001.-192 6.
Көкбай Жанатайұлы «Сабалақ»: Абылай хан туралы дастан // Абай .- 1992. -ИЗ. -59-66 6.
Әубәкір Ж. Көкбай ақын ұлы ұстаз хақында // Семей таңы.-1998.-23 шілде
Әубәкір Ж.Шындықтан басқа жолға түсе алмаймын: Көкбай мұрасы хақында.-Алматы: «Информ-Арна»,2002.-195 б.
Бейсенбаев М. Өлеңдері мен өмірінен: Көкбай ақын күндері//Семей таңы.-1993.-22 шілде
Ердембеков, Бауыржан (ф.ғ.д.). Абай мен Көкбай : әдебиет мәселелері // Ақиқат. – 2011. – № 10. – С. 52-57 : фото
Еркінұлы , Рүстем. Үлгі болған ұлтына, ұлықталды үш тұлға // Ертіс өңірі . – 2011. – 21 қыркүйек. – С. 10-11
Есентаев Е. Көкбай ақындар зерттеушілердің есіне// Егемен Қазақстан.-1994.-19 шілде
Кошкин, Ержан. Көкбай ұрпағы да қуғын көрген // Ертіс өңірі . – 2011. – 14 қыркүйек. – б. 7
Ибрагимов, Төкен ”Заманды түзетпейді кісі билеп” Көкбай ақын//Семей таңы.- 2011. – 13 қыркүйек

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10