1 қаңтар –  Сазгер, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы лауреаты лауреаты Жолан (Жолдыбай) Дастеновтiң туғанына 75 жыл   (1943-1991)

01Жерлесіміз, сазгер Жолан Дәстенов Бесқарағай ауданы, Өндіріс селосының түлегі. Болашақ сазгер қарапайым жұмысшы отбасында туған. Семияр орта мектебін тәмамдаған соң, Семей музыка училищесіне түсіп, өмірдегі орнын дәл болжап, түпкілікті бағдарлайды.

Басында баян класында оқыған Жолан кейіннен өз ыңғайын байқап музыка теориясы бөлімшесіне ауысады.

Осыдан кейін Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясына түседі. Онда профессор Қ.Қожамияровтың композиция класын бітіреді.

Консерваторияны бітірген Жолан Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында бір жылдай лекторлықпен шұғылданады. Енді бір жыл өткенде Композиторлар Одағына мүшелікке қабылданады.

Кешегі шәкірт өзі де ұстаз атанып, көп ұзамай 1971 жылдан бастап консерваторияда сабақ береді. Бұдан соң біраз жылдар қазақ теледидары мен радиосында бас редактор қызметін атқарады. Жерлесіміздің біраз еңбек еткен жері – өзінің Семейі. Сол кезде Композиторлар одағының Ертіс өңірі бөлімшесі құрылып, оның төрағалығына Жолан Дәстенов сайланады. Кейіннен қайта Алматыға оралып, Композиторлар одағы басқармасының хатшысы болып қызмет етеді. Жолан қазақтың музыка өнерін насихаттауда қанша елді шарлады.

Қазақ, орыс тілінде телевидение мен радиодан 400-ден аса материалдарды оқыды. Осындай қызметтерден басқа сазгердің шығармашылығы өз алдына бір сала еді. Композитордың оркестр мен виолончельге арналған концерті, оркестр үшін жазылған екі концерті, бірнеше симфониялық поэмалары, «Абайды еске алу» дейтін фортепианалдық трио әндері, хорлары, романстары т.б. бар. Композитор драмалық спектакльдерге де сөз жазған. «Тоқта мерген« атты мюзиклдің авторы Ж.Дәстенов болатын. Сазгердің ең бірінші балаларға арнап жазған операсы «Қаңбақ шал» 1979 жылы жарық көрді.

1976 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы лауреаты атағын алды.

Шығармашылық өнерде Жолан ежелгі фольклорға да ден қойды. Шығыстың саз мәдениетіне тән ортақ қасиеттерді бедерлендіре отырып, қазақ, өзбек, тәжік, ұйғыр халық музыкасының әуендерін үндестіре білген. Сазгердің ең соңғы ірі шығармасы Абайдың аттас поэмасы бойынша жазылған «Ескендір» симфониялық поэмасы.

 

Әдебиеттер:

  1. Дәстенов Ж. Автромда; Айболитті күткен тасбақа; Көңілді қонжықтар // Балалар альбомы: Фортепианоға арналған пьесалар. Бірінші жинак, //Құраст. А.Б.Байсақалова. – Алматы, 1986. – Б. 23-26.
  2. Дәстенов Ж. Кішкентай машинист; Кешкі ертегі:/Фортепианоға арналған арналған миниатюралар/ Құраст.Ә.Бабыкова.-Алматы: 1982.-Б.21-23.
  3. Дәстенов Ж. Семейім: (Өлеңі Қ.Ыдырысовтікі) // Семей таңы.-1977.- 5 ноябрь.
  4. Аужанова М. Асу: (Сазгер жайлы) //Қазақ әдебиеті. – 1976.- 30 июль.
  5. Елеуғожин Б. Танымал шығармалар авторы //Семей таңы.-1986.-11 апрель.
  6. Жанияров О. Ғұмыры қысқа болғанмен: (Сазгердің туғанына 50 жыл толуына орай) // Семей таңы.-1993.-16 қаңтар
  7. Жұманиязов Б. Биік талғам: (Сазгер Ж.Дәстенов) //Мәдениет және тұрмыс.-1977.- И10.-8 б.
  8. Жолдыбай Дәстенов // Егеменді Қазақстан.-1991.-12 қазан.