24 шiлде – Ақын, жазушы, философ, тарихшы, композитор Шәкәрiм Құдайбердиевтiң  туғанына 160 жыл (1858-1931)

6Шәкәрім Құдайбердіұлы 1858 жылы  шілде айының 24 жұлдызында   Шыңғыстың сыртындағы Құнанбай әулетінің жайлауында дүниеге келді. Әкесінен жеті жасынан жетім қалған Шаһкәрім, Құнанбай қажының ерке немересі, ақылы мен білімі дария  Абайдай ағасы бар бала Шәкәрім материалдық жағынан да, рухани жағынан жоқшылық пен жетімдік көрмейді. Бойында табиғи таланты, ақындық дарыны бар Шәкәрімнің өмірдегі ұстазы, мектебі, университеті – Абай болды.  Ұстазының «Ғылым таппай мақтанба, пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге, артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» – деген өсиетін бойына сіңіріп, санасына тоқып өскен Шәкәрім ғылым-білім жолында бар өмірін сарп етті. Жеті жасынан өлең шығара бастаған дарынды бала жасы он бестен асқанда, ақылы кемелденіп, ой өрісі тереңдеп өсе бастайды, ғылым жолына қарай ойысып, ақындық өнерін де жарыққа шығара бастайды.

Түрік, араб, парсы, шағатай және орыс  тілдерін жетік меңгерген ақынның бойынан  әлем мәдениетінің озық үлгілерінің көбін оқығанын байқауға болады. «Шәкәрімнің өмірі – өлеңінде» деп ғалым абайтанушы, шәкәрімтанушы, мұхтартанушы Қайым Мұхамедханұлы айтқандай, «Мұтылғанның өмірі» деген ғұмырбаяндық дастанына  шолу жасасақ, оның бар-өмірін танып білеміз.

Ол алғашқы жинағы «Қазақ айнасындағы» (1912) өлеңдері қамтитын тақырыптың бастысы – адам тағдыры, адам өмірінің мәні, адамгершілік тәрізді философиялық ой-таным. Жанға, тәнге, көңілге, өлім мен өмірге байланысты өлеңдер («Өзіме», «Өмір», «Талап пен ақыл», «Адамшылық», «Адам немен», т.б.) Шәкәрім поэзиясының желісі. Өлеңдерінде ой-тереңдігі, ақындық танымның кеңдігі көзге айқын шалынады.

Ол тек қазақ халқының ғана емес, барлық туыстас түркі халықтарының, тіпті барлық Шығыс мәдениетінің, одан қалды орыс халқымен барлық Еуропа елдерінің философиялық ой-танымдарын зерлеп, өз халқының ұлттық дәстүріне негіздей отырып, жетілдіріп, философиялық ойымызды, дүниетанымымызды әрі қарай дамыта түскен ойшыл.

Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылығы – өте күрделі құбылыс. Шәкәрім еңбектері – өмір мен қоғамның қыр-сырын сала-сала етіп мазмұндық баяндауда да, сол мазмұнға философиялық, ғылыми мән беруде де, мазмұн мен  бірлігін көркемдік тұрғыда өрнектеуде де көп жүйелі, терең мағыналы туындылар танытатын өлеңдерді де көптеп жазды. Оларда азаматтық сарын басым болып келеді. «Қазағым», «Қазақ», «Тағы сорлы қазақ», «Партия адамдары», «Бостандық туы жарқырап», «Бостандық таңы атты» өлеңдерінде ой тереңдігі арқылы замана шындығын ашудағы ізденістері байқалады.

Абайдың ақыл-кеңесімен  ақын шежіре жазды. Шығыс, Батыс классиктерінің шығармашылығын жете танып, мұсылмандық ілім-білімді де еркін меңгерген. Түркі халықтарының тарихын терең білетін, діни, тарихи тақырыптарға «Мұсылмандық шарты», «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі», «Үш анық» еңбектер жазған ғұлама ғалым.

Шежіре кітабының кіріспесінде Шаһкәрім былай дейді: «Қазақтың түпкі атасының жайын білмек болып, көп уақыттан бері сол туралы естіген-білгенімді жазып алып, әр түрлі жұрттың шежіре кітаптарын оқыдым» дейді.  Оқыған кітаптары түрік-араб шежірелері: Табари. Түрік, араб шежірелері: «Тарих ғумуми», «Тарих ғұсмани»,  Нәжип Ғасымбектің «Түрік тарихы», Әбілғазы Баһадүр ханның жазған «Шежіре түрік», Ж.Баласағұнның «Құтадғу білік», Радловтың «Ұйғыр туралы шежіресі», Аристовтың «Түрік нәсілі туралы» шежіресі, «Орхон жазбалары» және әр түрлі кітаптардан алынған сөздер. Орыс-тарихшы ғалымдарынан: Березин, Левшин, Спасский, Маевскийлерді оқыды. Шаһкәрім осылай шығыс және орыс ғалымдарының еңбектерін оқып, қазақ халқының аңыз-әңгімелерін зерттеп, ондағы уақиғаларды тарихи шығармалармен салыстыра отырып барып өз еңбегінде пайдаланды.

Сөйтіп, Шаһкәрім он тоғыз жасынан бастап, қазақ шежіресін жазуға кірісті. «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі»  осындай ізденістерден кейін 1911 жылы Орынборда шықты.   Көп тілді білгеннің арқасында шығыс және орыс классиктерінің шығармаларын түпнұсқасы бойынша қазақ тіліне еркін аударған.  Әзірбайжанның ұлы ақыны Мұхаммед Физулидің «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасы (1907), орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің «Дубровский» атты повесін «Дубровский әңгімесі» (1908) деген атпен, «Метель» әңгімесін «Боран» деген атпен (1936) өлең түрінде аударды.

Сегіз қырлы, бір сырлы Шәкәрім ойлы өлеңдеріне ән де жазған өнерлі сазгер болды. Бұл ақынның керемет өзгешелігі, талант дәрежесінің биіктігі. Ол ән жазумен қатар күй де шығарған. Ақын «Бозторғай» деген күйінің шығу тарихын да таңсәрідегі табиғат көрінісімен байланысты туғанын айтады. Ел жайлауға шыққанда, таң атып келе жатқан мезгілде аспанда сайраған бозторғайдың әдемі үніне елтіп, әсер алғаннан кейін туған күй.

Шәкәрім әндерінің көпшілі 20-40 жастың аралығында туған. Сондықтан, оларды жастық әндері деп аңғарсақ та, философиялық ой-тұжырымдарға жетелейді.

Бүкіл адамды кемелдікке жеткізу идеялары туралы  ұстазы Абайдан бастау алған Шәкәрім – әдебиеттің көптеген жанрларында туындылар жасаған қаламгер. Шығармашылығының басты тақырыбы сол кездегі қазақ қоғамының бар саласын қамтыған. Ол әсіресе, Абай үлгісін насихаттауда елеулі еңбек етті. Сондықтан, Абай дәстүріндегі көркемдігі жоғары, мазмұн, түр жағынан сонылығы басым, үлкен қоғамдық-әлеуметтік мәні бар лирикалар туғызды. Абай ұстанған ағартушылық, гуманистік көзқарасты қатты қолдады.

Қазақтың ғұлама ақыны, ойшыл данасы Шәкәрім зұлмат заман салдарынан 1931 жылдың 2 қазан айында мерт болды. Өзінің бар ғұмыры өткен шерлі Шыңғыстауда ел-жұртымен қоштаса алмай, халқы оны аққа көме алмай, қатыгез жендеттер ақын денесін Бақанастағы Құрқұдыққа тастап еді. Арада өткен 30 жылдан соң, 1961 жылы баласы Ахат Бақанасқа келіп әкесін Құрқұдықтан аршып алып Жидебайға арулап жер қойнына тапсырды. 1991 жылы еліміз Тәуелсіздігіне қолы жеткеннен кейін ағасы Абайдың қасына бір кесенеде қайта жерленді.

 

Әдебиеттер:

 

  1. Бекбосынов М. Шәкәрім мұраларының тағылымдық мәні // Шәкәрім. – 2009. – № 1. – Б.21-27
  2. Бекбосынов М. Екі өмірдің азығы-ұждан // Түркістан. – 2011. – 17- наурыз. – Б.6
  3. Еспенбетов А.С. Шәкәрім және Сұлтанмахмұт: монографиялық зерттеу. – Алматы: «Раритет», 2008. – Б.230
  4. Азмухамбетов, Ш. Древняя быль о трагичной любви  // Рудный Алтай. – 2014. – 20 марта. –  С. 12_
  5. Жұртбай Т.Шәкәрім мұрасы қалай ақталды? // Түркістан. – 2012. – 15 наурыз. – Б.9
  6. Ибрагимов Т. “Сөз сынап, өлең өлшемек” // Семей таңы. – 2012. – 24 сәуір. – Б.4
  7. Иманбаева А. Шәкәрім мұрагері // Мәдениет. – 2012. – №1. – Б.12-15
  8. Мағауин М. Шәкәрімге қатысты үш дерек // Жұлдыз. – 2011. – №4.- Б.130 -144
  9. Мағауина З. Сахараның дана ойшылы // Дидар. – 2008. – 11 қыркүйек.
  10. Медеуханұлы Ә. Ақынның ажалы: үш көріністі драма // Ақ Ертіс. -2011. – №1. – Б.21-41
  11. Өмірбекова, Н.        Ахат Шәкәрімұлының естеліктері // Шәкәрім әлемі. – 2007. – №1. –  С. 87-91_
  12. Сабырова, Әлия. Шәкәрімнің музыкалық эстетикасы мен  әндері  // Музыка әлемінде. – 2009. – №1. –  С. 6-10 : портр._
  13. Смағұлова А. Ақыл мен ғибрат өрнегі: (ақынның тұңғыш өлеңдер жинағына 100 жыл) // Шәкәрім. – – № 1. – Б.88
  14. Шәкәрім Құдайбердіұлы // Қазақтың дәстүрлі 1000 әні. – Алматы, 2010.- Б.21
  15. Шәкәрімұлы, А. Құнанбай туралы // Аңыз адам. – 2015. – № 13. – Б. 5-12.
  16. Шаңбай Т.    Ұғым мәдениеті (Шәкәрім шығармашылығы аясында) . – Алматы : Раритет, 2009. – 352 б.
  17. Омаров Д.     Шәкәрім шыңы  : ұлы ойшыл көтерілген рухани деңгей  – 208 б.
  18. Дүйсенов М. Шәкірттер және “Шәкәрім дәрістері” // Жас қазақ үні. – 2003. – 17 қаңт. –  С. 7
  19. Жәкеева Г. Шәкәрім қара сөздерінің тәрбиелік мәні  // Қазақстан мектебі. – 2001. – №9. –  С. 47-49
  20. Көркембаев Р. Шәкәрім – өз ойларын өлеңмен өрнектеген ақын // Арна. – 2000. – 13 қазан. –  С. 2
  21. Қасқатаева Б.Р. Шәкәрім Құдайбердиев шығармаларындағы еңбек тәрбиесі // Бастауыш мектеп. – 2007. – №2. –  С. 30-32
  22. Мақалқызы Т. Шәкәрім мен Абай // Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектептерінде. – 2003. – №7. –  С. 45-51
  23. Сабырбай Қ. Шәкәрім қажының кіндік баласы // Семей таңы. – 2005. – 18 наурыз. –  С. 9
  24. Байқуатова О. М. Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығын таныту // Білім. – 2009. – №3. –  С. 36
  25. Базылхан Н. Абайдың қолжазбасы. Шәкәрім  жасырған сырлы қобдиша Шыңғыстаудан  табылуы  мүмкін // Дала мен қала. – 2010. – 8 қараша. –  С. 14 : портр.
  26. Ақтанова А. “Қалқаман-Мамыр”: поэма мен либеретто  Шәкәрім. – 2012. – №1. – б. 31-35
  27. Жүсіпова Б. Шәкәрім өмірі мен шығармашылығы // Қазақ тілі мен әдебиеті. – 2012. №8. – Б. 62-65.
  28. Нақтыбайұлы Е. Абайды ардақтап, Шәкәрім шығармаларын шарықтатты // Дидар. – 2012. – 11 маусым. – Б. 5.
  29. Бекбосынов М. Шәкәрім және оның заманы  // Қазақ тарихы. – 2012. – №5. – Б. 21-22
  30. Әбдіғазиұлы Б. Шәкәрім шығармашылығының дәстүрлік және көркемдік негіздері. – Алматы : Кенже-Пресс, 2002. – 216 с.
  31. Мұстафина Қ. Шәкәрім шығармаларындағы мақал-мәтелдер // Қазақ тілі мен әдебиеті. – 2012. – №11. – Б. 138-140.
  32. Шәкәрімтану мәселелері  : сериялық ғылыми жинақ.  Т.2.-Алматы: Раритет, 2007. – 372 Б.
  33. Шәкәрімтану мәселелері : сериялық ғылыми жинақ. Т.1.- Алматы : Раритет, 2007. – 448 Б.
  34. Бекбосынов М. Шәкәрім тағылымы : (Шәһкерім Құдайбердіұлы ғұмырбаянының ғибратты ізімен). – Семей .- – 62 Б.
  35. Әбдіғазиев Б. Асыл арна  : Көмекші оқу құралы . – Алматы : Қазақ университеті, 1992. – 128 с.
  36. Шәкәрімтану мәселелері : сериялық ғылыми жинақ.   Т.6.-Алматы : Раритет, 2008. – 351 Б.
  37. Асқарова Г. Шәкәрімдегі ислам тақырыбы  // Абай. – 2013. – №2-3. – б. 57-61_
  38. Зинуллина Қ. Шәкәрім Құдайбердіұлы және ұлттық психология // Қызықты психология. – 2013. – №5-6. – Б. 14-115
  39. Дайырбекова К. Рухани-адамгершілік білім және тәрбие беру  // Қазақстан мектебі. – 2012. – №8. – Б. 43-45.
  40. Айкебаева Ш. Шәкәрімге арналған онкүндік  // Егемен Қазақстан. – 2013. – 31 шілде. – Б. 12.
  41. «Шәкәрім” тұлғалық энциклопедиясының сөзтізбесі . – (Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті). – Семей :  – 119 б.