5 тамыз – Семей қаласының ірге тасы  қаланғанына 300 жыл (1718 жыл)

2Семей қаласы 1718 жылы Ямышев көлі жанынан салынған бекінісі  бой көтерген уақыттан бастап, Семей қаласының дүниеге келген күні болып есептеледі. ХІХ ғасырда Семей қаласын зерттеуші ғалымдар Миллер, Н.Абрамовтар «Семь палат», «Жеті шатыр» атануына назар аударып, өздеріне дейін жазылған деректерді іздестірді. Оларды оқып, зерттей отырып, бұл өзі қалмақтардың тастан қаланған жеті құрылысы екенін, 1660-1670 жылдары жергілікті феодалдардың өзара шайқасы кезінде бұл құрылыстардың бүліншілікке ұшырағандарын айтып жазған жазған еңбектері бар. Тобыл қаласының архив мекемелерінен әкелінген Семей қаласы туралы құнды мәліметтер Абай мұражайында сақтаулы. «Тобольская губернская ведомости» газетінің 1861 жылғы 11-санында Н.Абрамовтың «Князь Матвей Петрович Гагарин» деген зерттеу еңбегінде Семей қорғанына «Семь палат», «Жеті шатыр» деген аттың берілуін, оны қалмақтар өз тілінде «Зордшинкинд» деп атағанын жазады. Олай аталуы туралы зерттеуші Миллер Тюменнің ескі архивтерінің ішінен 1616 жылы 25 қазанда патшаға жазылған Грамотада жеті шатыр туралы айтылады.

1783 жылдан Семей бекінісі уездік қала дәрежесіне көтеріледі. 1796-1822 жылдардың арасында Семей уезі Тобыл губерниясы, Омбы облыстарына бағынған кезеңдерді басынан өткізді.

1852 жылы түйенің, айдың, бес жұлдыздың белгісі салынған Семейдің гербі белгіленді.

1854 жылдан Семей жеке облыс болып құрылды. Осы жылы Семейде 1-гильдиялы –1 көпес, 2-гильдиялы –9 көпес, 3-гильдиялы – 97 көпес болды.

Жан-жақты сауданың дамуына байланысты «Таможня» мекемесі құрылды. Осыған орай 1755 жылы қалада полиция басқармасы ашылды.

1855 жылы қалада 2 жәрмеңке ашылды, олар 25 мамыр – 10 маусым аралығында  және 15 желтоқсан-1 қаңтар аралығында өтіп тұрды.

Семей қаласы – орыс елінің қазақ даласымен, Орта Азиямен, Батыс Қытаймен саяси, экономикалық, мәдени байланыс қатынастарының өзекті орталық қаласына айналды. Сол кездегі қаланың негізгі өнеркәсібі – былғары тері илеу зауыттары, сабын қайнататын зауыттар, ұн-диірмен, сыра зауыты т.б. жеңіл өнеркәсіп түрлері  болды.

Семей – сауда-саттықтың ірі орталығы болды. Бұл туралы Омбы қаласында көлемді архив томдары бар. Онда Семей саудагерлерінің әрқайсысына анықтамалар жазылған. Солардың ең бастылары: Плещщев, Арафьев, Мусиндер, Баймұратов, Каукенов т.б.  туралы жазылған.

1760 жылы Семейде азиялық көпестермен және шекралық шептерге таяу көшіп-қонып жүрген қазақтармен сауда байланыстарын ұлғайту үшін айырбас, сауда сарайы салынды. (1778 жылы ол Ертістің оң жағалауына көшірілді). Семейде айырбас сарайының ашылуына тек орыс саудагерлері ғана ықпал еткен жоқ, айырбас сауданың дамуына Әбілмәмбет ханның баласы Орта жүздің сұлтаны Әбілфайз да ықыласты болды.

Семейдің сауда орталығы ретіндегі маңызы әсіресе 1804 жылдан бастап Батыс Қытаймен арадағы сауданың жандауына байланысты өсе түскенін көруге болады.

Профессор Ж.Қ. Қасымбаевтың деректері бойынша 1891 жылы Шығыс Қазақстанда 14 жәрмеңке жұмыс істеген, олардың жалпы түсірген жалпы табысы 1736800 сомды құраған. Олардың ең ірісі Қоянды жәрмеңкесі болған.

Семей қаласында баспахана үйі де болды. «Яржам» атты баспаханадан ақын Т.Жомартбаевтың «Қыз көрелік», Шәкәрім ақынның кітаптары жарық көрді.

1883 жылы «Сибирская газетінің» 47-санында  «Семейден хабар» деген айдармен Семейде тұңғыш рет ашылған қоғамдық кітапхана мен музей туралы хабарлар беріп тұрды. Сонымен қатар, Семейде қазақтың ұл-қыздарына арналған интернат ашылды. Міне, осындай Семей қаласының Октябрь революциясына дейін өсіп өркендеу жолындағы тарихын баяндайтын архив жазбалары  еліміздің көптеген қалаларынан кездесіп отырды.

Ұлы Отан соғысы семейліктер үшін де ерекше сын болды. Семейде 1941 жылы бірнеше дивизиялар жасақталды. Семейліктер майданда Отан қорғау жолында ерлікпен шайқасты, сөйтіп 44 адамға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Қала кәсіпорындары өз жұмысын майдан мүддесіне сай құра білді. Эвакуациямен келген тектес кәсіпорындар жергілікті кәсіпорындармен бірікті. Семейге Осташков былғары заводы орналастырылды. Үш фабрика (Киев, Азов және Артем ) негізінде Семей аяқ киім фабрикасы құрылды. Клинцов жұқа шұға комбинаты мен П.Алексеев атындағы шұға фабрикасының жабдықтары Семей шұға комбинатына берілді.

Қала еңбекшілері Ұлы Отан соғысының алғашқы үш жылында ғана майданға 71 вагон азық-түлік , 150 мың дана жылы киім , 35 мың пар пима , 11 мың посылкалар жіберді. Осынау сын кезеңде сол кездегі М.И.Калинин атындағы ет-консерві комбинатының коллективі ерекше еңбек үлгісін танытты.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Семей қаласы көп өзгерді . Ертіс жағалауындағы көп қабатты үйлер, соңғы жобамен салынған аэропорт, темір жол, өзен вокзалы, театр үйі, кинотеатрлар, неке сарайы, «Рахат» тұрмыс қажетін өтеу үйі, орталық мейманхана т.б. құрылыстар сол кездегі Семей қаласының ажарын аша түсті.

2007 жылдың 16 маусымда Семей қаласына іс сапармен келген Президент Н.Назарбаевтың ұсынысымен “Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы” Заңын басшылыққа ала отырып, қалалық мәслихат пен қала әкімдігінің бірлескен шешімімен  “Семипалатинск” атауының транскрипциясы “Семей” деп өзгертілді.

Бүгінгі  Семей қаласы Республикамыздың ірі мәдениет орталығы. Қалада Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық қорық мұражайы, Ф.Достоевскийдің әдеби мемориалдық музейі, Абай атындағы қазақ музыкалы драма театры, Ф.Достоевский  атындағы орыс драма театры, Абай атындағы әмбебап ғылыми кітапхана тағы басқа да мәдени орындары бар.

 

Әдебиеттер:

  1. Асылжан Пе Елбасы қаланың «Семипалатинск» атауын «Семей» деп өзгертуді ұсынды // Семей таңы.-2007.-21 маусым.-1 б
  2. Ахметұлы Т. Көпес Мусиндер көне Семей байларының алды болған // Семей таңы.-2001.-8 маусым.-9 б.
  3. Зұлхаров Ғ. Тануға тұрарлық тұлға: (Қ.Үкібаев туралы) // Семей таңы.-2003.-14 ақпан.
  4. Игембаев Б. Көне қалада түйе болған ба? // Ертіс өңірі.-2006.-27 қыркүйек.-14 б.
  5. Кенемолдин М. Қаражан Үкібаев кім?: (Семейдің атақты бай-көпесі Қ.Үкібаев туралы мұрағат құжаттары) // Абай.-2010.-№ 4.-23-26 б.
  6. Қазбалинов Т. Тарихы бай шаһар // Семей таңы.-2006.-12 қазан.-3 б.
  7. Қазбалинов Т. Ең алғашқы баспахана // Семей таңы.-2004.-3 қыркүйек.-14 б.
  8. Қазбалинов Т. Семейді дамытушылар // Семей таңы.-2006.-10 тамыз.-6 б.
  9. Мұхамадиева А. Жаңа кітапша жарық көрді [Текст] : Семейдің 285 жылдығына орай / Мұхамадиева А. // Ертіс өңірі. – 2003. – 25 қырк. –  С. 3
  10. Мүфтиұлы М. Семейдің тұңғыш қазақ топографы // Ертіс өңірі.-2004.-2 желтоқсан.-2 б.
  11. Семейдің тарихынан” кітапшасы шығарылды [Текст] : Мұрағат // Семей таңы. – 2003. – 17 қазан. – С. 3_