3 қазан – Шығыс Қазақстан Облыстық Абай атындағы әмбебап кітапхананың ашылғанына 135 жыл (1883)

57Кітапхана – 1883 жылдың 3 қазанында (ескіше 20 қыркүйек) Семей өңірінде облыстық санақ комитеті үйінде  ашылған тұңғыш кітапхана. Алғашқы ашылған жылы қоғамдық кітапхананың 130 оқырманы, 274 дана кітап қоры болған.

Қоғамдық кітапхананың ашылуына себепкер болған саяси жер аударылушылар,  қазақ халқының ұлы ағартушысы Абай Құнанбаевтың сырлас досы, сыйлас ұстазы   Евгений Петрович Михаэлис бастаған, А.А. Леонтьев, П.Д.Лобановский, С.С.Гросс, Н.И.Долгополов сияқты орыс интеллигенттері еді. Олар жер ауып келсе де кітапхана, музей ашып сәулелі істердің ұйтқысы болған.

Білім-ілім  іздеген адамдар мұнда жиі келіп, білім бесігінде бас қосатын, ғылым, білім жайлы пікірлер алысатын.

1885 жылы  Сібірді зерттеу, жер аударылушылар тұрған даланы көру мақсатымен Семейге келген белгілі американ журналисі Дж.Кеннан  «Сібір және айдау» («Сибирь и ссылка»)   деген кітабында былай деп жазады: «Мен Спенсердің, Бокльдің,  Гекслидің, Миллдің, Дарвиннің шығармаларын…, В.Спойттың, С.Диккенстің, Ж.Эмоштың, Ж.Мак-Дональдтың және басқаларының романдары мен повестерін таңқаларлық сезіммен көрдім. Әсіресе, ғылыми шығармалар және саяси экономия бойынша әдебиеттер көп болды. Кітапты бұлайша іріктеу оны жинаушылар мен пайдаланушылардың  мәдениеттілігі мен талғамын танытады».

Міне, осы бір шағын үзіндіден-ақ сол кездегі ғылымға құштар адамдардың кітапханаға қаншалықты ықыласпен, қамқор сезіммен қарағанын аңғаруға болады.

Сол кездегі өлкетанушылардың, қоғам қайраткерлерінің естеліктеріне қарағанда, бұл кітапхана ең прогресшіл бағыттағы адамдармен тығыз қарым-қатынаста болған. Қалың жұртшылық арасына білім нәрін таратуда елеулі роль атқарған.

Кітапхананың  жұртшылық арасында қаншалық беделі жоғары болса да, патша өкіметі тарапынан қаржы бөлінбеді.  Ол негізінде қоғамдық ұйымдар мен жеке адамдардың көмегімен жарна есебінен өмір сүрді.

1902 жылы желтоқсан айында Семей қаласында тегін пайдаланатын оқу залы ашылып, оған қайтыс болғанына 50 жыл толуына байланысты орыстың ұлы жазушысы Н.В.Гогольдің есімі берілді.

1906 жылы ақысыз оқу үйі мен қоғамдық кітапхана біріктіріліп, Н.В.Гоголь атындағы қоғамдық кітапхана болып аталды.

1902-1911 жылға дейін кітапхана жұмысын басқарған, өлке мәдениетінің дамуына үлес қосқан,  кітапхананың дамуына елеулі үлес қосқан алғашқы кітапханашылардың бірі,  Батыс Сібір Географиялық қоғамының мүшесі Н.Я.Коншин Семей  қаласының тарихын, археологиясын, этнографиясын, табиғат байлықтарын зерттеуде елеулі еңбек сіңірген.

Н.В.Гоголь атындағы облыстық кітапхананың өмірге келуі, алғашқы қалыптасу жылдары қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаев есімімен тығыз байланысты. Ол кітапхана ісіне белсене араласып, өзі  де кітаптар алып тұрақты оқырманы болғанын деректер дәлелдейді.

Орыс зиялыларымен рухани қатынаста болған Абай өзі де бас болып, кітапхананың тұрақты оқырманы бола жүріп, қатар ашылған өлкетану музейіне Долгополов екеуі  50-ден астам экспонат тапсырғаны тарихтан мәлім және бұл ақынның әлем әдебиетінен білімін тереңдеткен мектепке айналып еді.

1991 жылы Кеңестер Одағы ыдырап, еліміздің тәуелсіздік алуына байланысты Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1992 жылының 8 желтоқсандағы № 1035  шешіміне орай,  бұрынғы Н.В.Гоголь атындағы облыстық кітапхана Абай атындағы әмбебап ғылыми кітапхана атына ие болды.

Көп жылдар өтсе де кітапхана өзінің сирек кітаптар қорын ерекше  күтіммен сақтап, келешек ұрпаққа жеткізуде.

Кітапхана қоры  Кеңестік дәуірге дейін орыс тілінде шыққан сөздіктердің ең бай қорымен: «Брокгауз бен Эфронның энциклопедиялық сөздіктері» (1890 және 1894 жж.),  «Толық орыс-француз-неміс сөздігі» (1826 ж.), «Орыс-қырғыз азбукасы» (1914), «Грек-орыс сөздігі» (1848 ж.) т.б. анықтамалармен де бағалы.

Кітапханада өлкеміздің шежіресін шертетін: «Обзоръ Семипалатинской области» (1898), «Советская степь» (1929 ж.), «Екпінді», (1935-1951 жж.) «Еңбекші қазақ» (1931 ж.), Прииртышский коммунар» (1936 ж.), «Социалистік майдан» (1931 ж.), «Приитышская правда» (1929-1962 жж.) т.б. аймақтық басылымдар шыққан кезінен бастап қорда сақтаулы. 1996 жылы «Сорос-Қазақстан» қорының байқауына қатысып, жеңіске жеткен ұжым бүкіләлемдік Интернет жүйесінің желісіне қосылды. 2000 жылдың қазан айынан бастап оқырмандарға дәстүрлі каталог жүйесімен  қатар  электронды каталог арқылы қызмет көрсетіле бастады.

2002 жылдың қыркүйегінен бастап кітапхана жанынан Интернет орталығы ашылды. Дәлірек айтқанда, Интернет желісі көмегімен электрондық почтамен хабар алып, хабар беру, басқа компьютерлердегі ақпаратпен танысу шалғайдағы телеконференцияларға қатынасу мүмкіндіктері қамтамасыз етілді.

Кітапхана әлемдік үлгідегі осындай озық технология жүйесіне қосылғалы  кітапхана оқырмандары үшін құнды деректер жинақталып қалды.

Кітапхана  Турция, Норвегия, Оңтүстік Кореяда өткен Халықаралық кітапханашылар  конференцияларына белсене қатысты.

Абай кітапханасы заман талабына сай жаңа технологиялардың барлық мүмкіндіктерін пайдалана,  меңгере отырып, үздіксіз даму үстінде.

Әдебиеттер:

  1. Аязбаева Г. Ілім мен білім ордасы // Семей таңы.-2003.-3 қазан.-14 б.
  2. Галиев В. Книжное дело в Северо-Восточном Казахстане // Абай.-2005.-№ 1.-37
  3. Елеуғожин Б. Өнер – білім ордасы // Семей таңы.-1977.-27 октябрь.
  4. Зүкенов М. Ежелгі мәдениет ошағы // Дидар.-2003.-9 желтоқсан.
  5. Нұғманбекова Р. Кітапхана – мәдени орталық // Дидар.-2004.-19 қазан.-4 б.
  6. Нұрқасым Қ. Білім дариясының арнасы // Егемен Қазақстан.-2005.-27 сәуір.-7 б.
  7. Тоқсанбай Қ. Полигон емес, поэзияның мекені // Егемен Қазақстан.-2003.-3 қыркүйек.-8 б.
  8. Төлеуғазықызы З. Тарихи кітапхананың жанашырлары // Ертіс өңірі.-2003.-2 қазан.-32 б.
  9. IATP Интернет орталығы // Ертіс өңірі.-2005.-30 маусым.
  10. Чушекова Ж. Парасаттылық ордасы // Семей таңы.-2003.-22 тамыз.-12 б.
  11. Әділбекқызы Ж.      Кітап – ғасырлар мұрасы // Семей таңы. – 2012. 8 мамыр. – Б. 7_
  12. Шаймарданова А. Абай және кітапхана // Абай. – 2013. – №2-3. – б. 100-105_
  13. Әділбекқызы Ж.      Ғасырлар мұрасы // Абай. – 2013. – №2-3. – б. 105-111_
  14. Кәкішев Н.Шығыстың рухани мұрасы // Семей таңы  . – 2013. – 27 желтоқсан. – Б. 7_
  15. Еспенбетов А. Абай оқыған кітапхана  // Қазақ әдебиеті. – 2014. – 24 қаңтар. – Б. 6_
  16. Аязбаева Г. Кітапхананың түнгі әлемі // Ертіс өңірі. – 2014. – 30 сәуір. – Б. 2_
  17. “Жазғы демалыста – кітап әлемімен”  // Ертіс өңірі. – 2015. – 17 маусым. – Б. 2