7 қараша – Жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ырысхан Мұсаұлының туғанына 85 жыл (1933-2012)

1Қаламгер Ырысхан Мұсаұлы Абай ауданының Құндызды ауылында 1933 жылы дүниеге келген. Он жылдық білім алғаннан кейін 1953-58 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде білім алған. Сол студенттік қызықты шақтық өзінде «Ағасұлтан» деген роман жазуға кірісіпті.

Ырысхан Мұсаұлы еңбек жолын 1958 жылы «Лениншіл жас» газетінде бастайды. Онда бірнеше әңгіме, очерктер жазды. 1965 жылы облыстық «Семей таңы» газетіне ауысып, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болды. Сонда қызмет ете жүріп Мәскеудегі Жоғары партия мектебіне оқуға жіберіледі. Сол кезде жүріп те жазады. Оны бітірген соң Маңғыстау облысына қызметке жіберіледі. «Коммунистік жол» деген газеттің іргетасын қалайды. Баспасөзде істеген жылдары жер-жерді аралап, мақала, очерктерді көп жазды.

1977 жылы Семейге қайтып, «Семей таңы» газетіне бас редактор қызметіне кіріседі. Бас редакторлық қызметте жүріп Семей сынды рухани орталықтың рухын көтеріп, халықтың санасын, болмыс-келбетін көтеруде айтарлықтай еңбек сіңірді.

Көп жылдардан кейін 1992 жылы республикалық «Абай» журналына бас редактор болып тағайындалады. 1994 жылғы сандарында «Ағасұлтан» романының бір бөлімі жарық көрді. Мұнда XIX ғасырдың орта шеніндегі Қарқаралы ауданында болған қат-қабат оқиғалар суреттеледі. Мұнда оқырмандар Құнанбай, Алшынбай, Тәттімбет, Мұсалармен кездеседі.

Ырысхан Мұсаұлы «Құрмет орденінің», «Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер» атағының иегері. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

Қасиетті Шыңғыстау топырағынан өніп шыққан жазушы Ырысхан Мұсаұлының шығармашылығындағы негізгі тақырып – XX ғасырдағы қазақ халқының тағдыры.

2000 жылы жазушының жарық көрген қос томдық прозалық кітаптары этнографиясы мен тілінің байлығы жағынан оқырмандарға үлкен рухани күш берері сөзсіз. Бірінші кітаптағы «Ағасұлтан» романы тарихи деректерге негізделген. Мұнда Құнанбай қажының күрделі бейнесі берілген. Жазушының соңғы үш томына «Саға» трилогиясы енген. Бұл еңбектерінде Кеңес дәуірінің XX ғасырдағы келбетін көрсетеді. «Саға» трилогиясының үш бөлімі – «Бейуақ», «Құлқынсәрі», «Қызыл іңір» журнал бетінде, сонан соң жазушының үш томында жарық көрді. «Саға» романы автордың өзі туып өскен өңірдің дауылды жылдарын, колхоздастыру кезеңіндегі заман ағымын суреттейді. Колхоздастыру кезеңі (ақ пен қызылдың салған қырғыны) мен ашаршылықты (1931-32 жылғы) суреттеген «Құлқынсәрі» – алдыңғы «Бейуақтың» жалғасы іспетті. Ал «Қызыл іңір» – 1937 жылғы әлемді тітіренткен саяси қуғын-сүргін туралы.

Жазушы трилогиясының кейіпкерлері Санияз, Ғаббас, Доғал, Ешкей, Құлпынай, Лағыл, Дүр т.б. Әсіресе Мәкі мен Санияз кесек тұлғалы кейіпкерлері арқылы адамгершілік болмысты, халық болмысындағы қастерлі қасиеттерді ашуға ден қояды.

Қара дауылы қазақ түңлігін ұшыра соққан сұрапыл XX ғасыр ұлт жадында ешқашан ұмтылмайтын қатал сабағын қалдырды. Жазушының тарихи романдары, оларға әңгіме, очерктері мен абайтану мәселесіне арналған зерттеулері қосылып бес том кітапқа жүк болды. Жарты ғасырдай мерзімде баспасөзде істеген алаш азаматының осындай шығармашылық биікке жетуі үлкен бақыт.

2012 жылы Семей қаласында 17 қазанда қайтыс болды.

Әдебиеттер:

  1. Бәшей К. Атамекен азаматы //Ертіс өңірі.-2003.-б қараша.-3 б.
  2. Жүнісбеков Б. Абай рухының мұрагері [Мәтін] / Б. Жүнісбеков // Ана тілі. – 2013. – 20 – 27 наурыз. – Б. 8.
  3. Кемелбаева А. Бұл аға басынан не кешпеген //Дидар.-2003.-4 қараша.-3
  4. Мұсаұлы Ы.  “Семей таңы” – ұшқан ұям: Газет не туралы не жазып еді?  // Семей
  5. Мұсаұлы Р. Шығармалар жинағы: Үшінші кітап: Саға. Құлқынсәрі. – Семей, 2003.-
  6. Мұсаұлы Р. Шығармалар жинағы. Саға. Қызыл іңір: 4- кітап.- Семей, 2003.-351 б.
  7. Мұсаұлы Ы. Ұлы ақын еліндегі ұлағатты басылым // Абай .- 2002.- №З.-З-б б.
  8. Мұсаұлы Ы. Шығармалар жинағы: Бірінші кітап: Ағасұлтан.- Семей, 2003.-352 6.
  9. Мұсаұлы Ы. Шығармалар жинағы: Екінші кітап: Саға. Бейуақ.-Новосибирск:
  10. Нұршайықов Ә. Шыңғыстау перзенті // Семей таңы . – 2012. – 23 қараша. – Б. 7
  11. Сапаев, Ғ. Асыл кездік қын түбінде жатпайды // Қазақ әдебиеті. – 2003. – 14 қараша.
  12. Тайжігіт Б. Елге оралған «Аға сұлтан» //Семей таңы.-2005.- 20 мамыр.- 3

таңы. – 2009. – 3 желтоқсан. –  4 б.