1Мейрамхат Кәрібекұлы Айнабеков – 1953 жылы 4 қарашада Шығыс Қазақстан облысы, Шұбартау ауданы Қосағаш ауылында туған. Жоғары білімді. Ұзақ жылдар партия, Совет органдарында қызмет етті. 1992 жылдан кәсіпкерлікке бет бұрып, нарықтық экономиканың қыр-сырын терең меңгерген.
1994-2001 жылдары Семей облыстық мүлікті басқару жөніндегі аумақтық комитеттің төрағасы, Семей қаласы әкімінің орынбасары. Семей өңірінде орта және шағын бизнестердің дамуына үлес қосқан. Қала әкімі ретінде қала экономикасының базалық салаларының көпшілігінде көрсеткіштердің өсуі қамтамасыз етілді, бюджеттік сала қызметкерлерінің орташа айлық еңбекақысы өсті, жұмыссыздық, қылмыскерлік деңгейі төмендеді. Агроөнеркәсіп кешенін орнықты дамытудың 2006-2010 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыруда жүйелі жұмыстар жүзеге асты.
2001 жылдан «Казполиграф» ЖШС директоры, 2005 жылдан осы комбинаттың директорлар кеңесі төрағасы. Президент жанындағы кәсіпкерлер Кеңесінің мүшесі.
Шығыс Қазақстан облысы әкімі жанындағы экономикалық Кеңестің төрағасының орынбасары, Қазақстан кәсіпкерлерінің «Атамекен» одағын ұйымдастырушылардың белсенді мүшесі, осы Одақтың басқарма мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері.
2007 – 2011 жылдары Семей қаласының әкімі қызметінде қаланың және өңірдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына өзіндік үлесін қосты. Семей қаласы мәслихатының 2018 жылғы 29 қарашадағы № 30/202- VI шешімімен экономика, әлеуметтік салаларды дамытуға сіңірген ерекше еңбегі, белсенді мемлекеттік және қоғамдық қызметі, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Мейрамхат Айнабековке «Семей қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Әдебиеттер:

Абыройға бөленгендер: («Семей қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді) // Ертіс өңірі. – 2018. – 19 желтоқсан. – 11 б.
Айнабеков Мейрамхат. Сыннан сүрінбей өтетінімізге сенімдіміз: [Семей қаласының әкімі Мейрамхат Айнабековпен әңгімелескен Д. Сейсенұлының сұхбаты] // Егемен Қазақстан. – 2009. – 20 наурыз. – Б. 2.
Айнабеков Мейрамхат. Қаймағы бұзылмаған қасиетті Семей / М. Айнабеков, С. Құсанбаев // Дидар. – 2009. – 10 сәуір. – Б. 3.