img50   Семей – тарихы тереңнен бастау алатын, сәулетті ескерткіштерімен ерекшеленетін қала. Қала тұрғындары қойнауы құнды деректерге толы туған қаласының тарихын және тарихи-мәдени ескерткіштерін қастерлеп құрметтейді, аялап сақтайды.

Семей тарихына үңілсек, қатпарлы жылдар қойнауына, әртүрлі дәуірлер тұңғиығына кіреміз. 1776 жылы салынған Ямышев қақпасының үлкен аркалары, шатырлы төбесі, карнизінің түрі қарапайым суретімен және қабырғаларының екі метр қалыңдығымен, он метр тереңдігімен таң қалдырады. Осы қақпаның құлпы тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы. Қала қамалының қақпасы өткен тарихымыздың белгісіндей ескерткіші болса, ХVIII-XIX ғасырлар арасында салынған төрт мешіт, екі шіркеу, әйелдер шіркеуі және часовня қазіргі заманға сай жаңа мазмұнда жұмыс істеп, қаламыздың тарихи келбетін көрік беруде. Солардың ішінде, губернатордың бұрынғы үйі (қазіргі тарихи-өлкетану мұражайы), екі мұнаралы және бір мұнаралы мешіт, Тыныбай мешіті, Қытай Консулдығы (қазіргі «Бинар» қонақ үйі), ерлер гимназиясы (қазіргі Қазақ инновациялық-гуманитарлық заң университеті) орналасқан ғимараттар өткеннен қалған тарихи орындар.

Семей өлкесінде алғашқы өлкетану орталығы ретінде 1902 жылы құрылған Императорлық Орыс Географиялық қоғамының Батыс Сібір бөлімінің Семей бөлімшесінің жүргізген географиялық, археологиялық, тарихи, статистикалық зерттеулері мен еңбектері өлшеусіз. Семей мен Шыңғыстау да бір-бірінен ажырамас тарихи ұғым. Бұл жерде ұлы ақын Абай, ойшыл Шәкәрім, қазақты әлемге танытқан жазушы М.Әуезовтей ұлыларды дүниеге әкелген Жидебай, Бөрілідегі мұражай қорықтарының кейінгі ұрпаққа берер тарихи-тағылымы мол.

2013 жылы 130 жыл мерейтойы аталып өтілетін Абай атындағы әмбебап кітапхана мен тарихи-өлкетану мұражайлары қорларында сирек ұшырасатын әлемдік және қазақстандық бағалы туындылар сақталған. Міне, қаламызды Қазақстанның рухани астанасы деп атауға толық негіз бар. Семейдің кең шалқар даласы халық таланттарына бай өлке. Бұл өлкеде «елім» деп еңіреген ерлер, атамекенін ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен жаудан қорғаған батырлар, тілінен сөз маржаны төгілген ақын-жазушылар, бармағымен күй өрген дәулескер күйшілер, бұлбұл дауысты әншілер, тағылымды білім-тәрбие бастауларын қалыптастырған ғалымдар, қайраткерлер туды, тұрды және қызмет етті.

Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайы, Ф.М.Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейі, тарихи-өлкетану мұражайы, Невзоровтар отбасы атындағы Шығыс Қазақстан облыстық бейнелеу өнері мұражайы, Семей аймағындағы баспасөз және кітап шығару мұражайы туралы ақпараттар пайдаланушылардың көңілінен шығады деген сенімдеміз.

Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы пайдаланушыларға кітапхананың бай өлкетану қорын ұсынады. Материалдар кітапхананың сирек басылымдар қорын, «Семей» электрондық мәліметтерін, анықтама-библиографиялық аппаратын негізге ала отырып және деректерді нақтылауда қала мәдени мекемелерімен байланыс жасай отырып әзірленген.

Қазақстанның көне қаласы Семей шаһарының тарихы туралы берілген «Өлкетану» айдары тарихшыларға, өлкетанушыларға, мұғалімдер мен студенттерге және өлкетану жанашырларына қызықты да пайдалы ақпараттар ұсынатынына сенімдіміз.

e-mail: semeybib@yandex.ru телефон: 8(7222) 520144 8(7222) 561076