Кітапхана тарихы

Алғашқы жылы қоғамдық кітапхананың қорында 274 дана кітап болып, 130 оқырман жазылса, екі жылда пайдаланушылар саны 270 – ке жеткен. Әр жылдары кітапханаға қала тұрғындары мен жер аударылғандар Н.Я.Коншин, А.А.Блек, Облыстық Басқармада қызмет ететін Әміре Айтбакин тағы басқа зиялы қауым өкілдері қайырымдылық көмек көрсетіп, оның іргелі мәдениет ошағына айналуына ықпал етті. Ресми түрде кітапхана кешкі 9-00 ға дейін жұмыс жасағанымен оған келушілер бірі жаңа түскен әдебиеттермен танысып, келесі бірі шет тілінен аударма жасап, үшінші бірі қазақ құқығына қатысты мәліметтерді зерттеп түн жарымына дейін отырған. Кітапхана мен мұражай далалы аймақтағы ең ірі мәдениет ошағы ретінде алдыңғы қатарлы ақыл-ой иелері бас қосатын орынға айналды.

Ұйымдастырушылардың ғылыми кітапхана қорын толықтыруға көмек сұрап халыққа тастаған үндеуі кітапхана қорының толығуына игі ықпал етті. Семей Облыстық Санақ комитетінің мүшесі, Юрьев университетінің профессоры Е.Ф.Шмурлодан 18 атаулы шығармалардың 33 данасы келіп түскен.
Қазіргі кезде Абай атындағы әмбебап кітапхананың сирек қорындағы өлкетану әдебиеттеріндегі мәліметтер қоғамдық кітапхана қоры жылдан-жылға көпестер мен шенеуніктердің, жеке адамдардың сыйға тартуымен біршама толығып отырғанын көрсетеді. Осындай игілікті іс жасаған азаматтар қатарында деректерде Г.Ф.Кудрявцева, Г.А.Сопетов, Ф.В.Ступин, А.И.Соловьев, С.Ф.Плещеев, В.Н.Федотов және статс-секретарь А.Н.Куломзиннің есімі құрметпен аталады. Қорда сақталған сирек басылымдарда кездесетін «Библіотека Федора Федоровича Трейерова», «В.Н.Коншина», «Товарищ.Курбатова и Игнатова. Пристань Семипалатинская» экслибристері бұл кітаптардың жеке кітапханадан сыйға тартылғанын дәлелдейді.

Кемеңгер ақын Абай кітапхананың алғашқы оқырмандарының қатарында болып, ғылым-білім ордасындағы мол қазынадан рухани сусын алумен қатар Е.П.Михаэлистей пікірлес досын тапқан. Е.П.Михаэлистің кеңесімен Абай енді тек көркем әдебиеттің озық үлгілерін ғана емес философия, жаратылыстану, тарих тәрізді ғылым салалары бойынша энциклопедиялармен, сөздіктермен, анықтамалармен танысып, әдебиеттерді талғап оқитын болған. Абай Е.П.Михаэлис арқылы С.С.Гросс, А.А.Леонтьев, Н.И.Долгополовпен танысады. 1885 жылдың жазында Семейде болған американдық публицист Джордж Кеннан өркениет орталықтарынан қашықта жатқан қаланың бай кітап қорын көріп таң-тамаша қалған. Сол кезде мерзімді басылымдардың екі жүзге жуығын жаздырып алып отырған кітапхана қорындағы орыс классиктері шығармаларының тамаша жинақтарын, батыс авторларының қоғамдық ғылым мен көркем әдебиетінің бай қорын көріп, кітапхананы ұйымдастырушылардың талғамы мен еңбегіне ризалық сезімін білдірген. Кітапхананы жергілікті тұрғындар да пайдаланатыны ол үшін күтпеген жаңалық еді. Өзі А.А.Леонтьевпен әңгімесінде естіген Ибрагим Құнанбаев жайлы «Сібір және сүргін» кітабында жазған.

Кеннаннан кейін кітапханаға келіп асықпай танысқан орыстың әйгілі жиһангері Николай Михайлович Пржевальский кешкісін офицерлер залындағы мәжілісте: «Город можно поздравить с такой хорошей библиотекой. И организаторы заслуживают похвалы»- деп өз пікірін білдірген. Негізгі мүшелері жазаларын өтеп, тарап кеткен Санақ комитеті қамқорлығындағы кітапхана мен мұражайды басқару ісінде қиындық көріп, ол міндетті Бастауыш білім беру қоғамына тапсыру шешіміне келеді. Кітапхана мен мұражай ісімен жете танысқан аталған қоғам төрағасы Н.Н.Петухов (Санақ комитетінің де төрағасы) мәселені 1893 жылдың 15 мамырында болған қоғам кеңесінде талқылап, біржарым жылға уақытша тәжірибеге алуға келісім жасайды.

1893 жылдың 1 тамызында Бастауыш білім беру қоғамы кітапхана мен мұражайды өз қамқорлығына қабылдап алып, басқа мекенжайға көшірген. Ол жайлы Санақ комитетінің «Семипалатинский Областной Статистический Комитет за 1894 годъ» басылымында қоғамдық кітапхана мен мұражайға ең қолайлы орын ретінде Большевладимир көшесіндегі (кейіннен Совет және Колыван көшелерінің қиылысындағы Комхоз үйі) көпес Петрова үйінің екінші қабатын жалға алып, ақысын 1893 жылдың 1-шілдесінен 400 сом, ал келесі жылдан 420 сомнан үш ай бұрын төлеп отыруға міндеттеме алғаны айтылады. Кітапхана бұдан соң да бірнеше рет қоныс алмастырды: Петрова үйінен Знаменск көшесі қиылысындағы Извеков үйіне, одан Омск және бұрынғы Мещан көшесі бұрышындағы Зенков үйіне көшкен.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7