Кітапхана тарихы

img011894 жылы Семейдің көпшілік кітапханасының оқырман саны -130, ал білім деңгейіне қарай: 30 жоғары білімді, 38 орта, 41 бастауыш білімді және 21 оқырман үйінде білім алғандар. Оларды ұлтына қарай топтасақ: 111 орыс, 9 поляк, 1 неміс, 5 еврей және 4 қазақ.
Кітапхана қызметкерлері абоненттердің әдебиеттерді үйге алып оқуға сұраған 4338 сұранысын қанағаттандырған. Үйге берілген әдебиеттердің 2498-і кітап болса, 1840-ы мерзімді басылымдарды құраған. Оқырмандар жиі сұрайтын әдебиеттер қатарында орыс классиктері Л.Н.Толстойдың, М.Е.Салтыков-Щедриннің, И.С.Тургеневтің, А.П.Чеховтың, Н.В.Гогольдің, Ф.М.Достоевскийдің, И.А.Гончаровтың авторлық шығармалары аталады.

1896 жылы Семей әкімшілігі Қала Басына мұражай мен кітапханаға 600 сом мөлшерінде жәрдемақы тағайындауға өтініш береді. Санақ комитеті өз тарапынан жыл сайын 200 сом қаржы бөліп, қолдау жасаған. 1896 жылдың 6 – наурызында Қала Басқармасы 1897 жылдан бастап жыл сайын 400 сом, ал 1896 жылы сметадан тыс кіріс есебінен аталған соманы босататынын мәлімдеген.
1897 жылғы 10 желтоқсандағы Бастауыш білім беру қоғамының Кеңесінің қаулысы кітапхана мен мұражайға 525 сом жәрдемақы бөлінгенін жазады.

Сол жылы кітапхана өз қаржысына 38 атаулы мерзімді басылымдарды жаздырып және Облыстық Басқарма баспаханасынан облыстық «Въдомости», «Сибирская торговая газета», Солтүстік Агенттігі телеграммаларымен қамтамасыз етілген. Жыл бойы 66 атаулы басылымдар мен 371 кітап жаңадан түскені, жиыны 1860 атаулы басылымдар мен 3074 кітап бар екені тіркелген. Осы жылы оқу залын 487 ақылы және 2529 ақысыз келушілер, жиыны 3016 оқырман пайдаланып, оларға кітапханашы В.Н.Федотов қызмет көрсеткен. Жыл кезеңінде: бір жылға -10, жарты жылға – 9, бір айға – 442, жиыны – 461 оқырман билеттері беріліп, абоненттік ақы – 348 сом 02 тиынды құраған.
Келесі 1898 жылы 29 желтоқсандағы Санақ комитетінің мәжілісінде кітапхана мен мұражайды басқару ісін Бастауыш білім беру қоғамы уақытша емес, енді түпкілікті өз қамқорлығына алатынын мәлімдеп, Санақ Комитеті тарапынан жыл сайын төленіп келген жәрдемақыдан бас тартқан.

Өлкетануға байланысты сирек басылымдардағы деректер:
– 1896 жылы 278 абонент, ақылы келушілер саны- 235;
– 1897 жылы 461 абонент, ақылы келушілер саны – 487;
– 1898 жылы 460 абонент, ақылы келушілер саны – 573;
– 1899 жылы 567 абонент, ақыылы келушілер саны – 712;
– 1900 жылы 519 абонент, ақылы келушілер саны – 790.

1901 жылы Семейдің қоғамдық кітапханасының кітапхана меңгерушісі М.В.Колмакова, кітапханашы В.Н.Федотов екенін атап, пайдаланушылар жайлы 2550 абонент, ақылы келушілер саны – 730, жалпы оқырман саны – 3280 деген нақты мәліметтер береді. 1902 жылдың 1 қаңтарынан 1 шілдесіне дейін В.Н.Федотов, одан кейін 1 қарашаға дейін А.В.Романова, одан кейінгі кезеңде Н.Г.Гиршфельд қоғамдық кітапханада кітапханашы қызметін атқарған. 1902 жылы қоғам мүшелері Н.Я.Коншин, Н.П.Горбачев, Д.Д.Правдин қоғамдық кітапхана жұмысын жандандыруға үлестерін қосып, меңгерушісі Ф.К.Зобнин қор тексеру жұмысымен айналысып, өкінішке орай біршама кітаптардың жоғалғанын анықтаған.

1902 жылы 21 ақпан мен 28 сәуірде Бастауыш білім беру қоғамы орыс жазушылары В.А.Жуковский мен Н.В.Гогольдің дүниеден өткеніне 50 жыл толуына байланысты ақысыз әдеби музыкалық кеш өткізіліп, Гогольге арналған кеште сиқырлы фонарь көмегімен экранға гогольдік кейіпкерлер типі көрсетілген. Екі кешке де бір жарым мың адам қатысқан. Бұл шараға қосымша Борис Герасимов бастама көтеріп Бастауыш білім беру Қоғамы арнайы ресми рұқсатпен Н.В.Гоголь атындағы ақысыз оқу залын ашып, жазушыны еске алған. Қоғам кеңесінің облыс бойынша халықты жаздыру арқылы жинаған 139 сом 99 тиын және әр түрлі тұлғалардан көмек ретінде түскен 72 сом 98 тиын және Б.Герасимов өз жанынан 100 сом қаржы беріп, жиыны 312 сом 97 тиын қаржыға кітапханаға керекті құрал-жабдықтар алынған.
Гоголь атындағы ақысыз оқу залы кітапханасы Семейдің қоғамдық кітапханасымен бір ғимаратта, бірақ бөлек бөлмеде орналастырылған.
Кітапханашы Н.Г.Гиршфельд ханымның қызмет көрсетуімен 1902 жылы 693 оқырманды қабылдап, 319 абонент үйіне 1615 дана кітап алса, қалған 374 оқырман әдебиеттерді оқу залына алып оқыған.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7