Кітапхана тарихы

img01   1902 жылы 31 наурызда қала тарихындағы өлкетану ісінде жарқын ізін қалдырған Императорлық Орыс Географиялық Қоғамының Семей бөлімшесі ашылып, кітапхананың дамуына өз үлесін қосқан.
Алғашқы кезеңде өз алдына бөлек мекеме болып келген Н.В.Гоголь атындағы халықтық ақысыз оқу залымен қоғамдық кітапхана кітап қоры ұлғайған соң 1906 жылы біріктіріліп, Н.В.Гоголь атындағы көпшілік кітапханасы деп аталды.
1919 жылы Кеңес үкіметі орнағаннан кейін кітапхана мен мұражай 1920 жылдан Семей Губерниялық Халыққа Білім беру Бөлімі қамқорлығына көшеді.
1921 жылы мұражай мен кітапхана Семей Географиялық Қоғам бөлімшесі қамқорлығына қайта қайтарылады.
1922 жылы жаңа орын – Маловладимир көшесі 45 үйге көшірілген Н.В.Гоголь атындағы көпшілік кітапханасы 17 қыркүйекте оқырмандарға есігін айқара ашқан. Директор қызметін атқарған Шубин 20-шы жылдары Н.В.Гоголь атындағы көпшілік кітапхананы қала халқының қуана келетін сүйікті орнына айналдырған. Кітапхананың әр түрлі ғылым салаларынан жинақталған қомақты кітап қоры өлке тұрғындарына қызмет көрсеткен.

1924-25 жылдары кітапхана қоры ондық жіктеу жүйесіне көшірілді.
1924 жылдың мамырында Н.В.Гоголь атындағы кітапхана «Книга и жизнь» атты газет шығарған.
Сауатсыздық пен күрес, халыққа білім беруді дамыту талаптары қалада жаңа кітапханалар ашып, материалдық базасын нығайтуды қажет еткен.
1924 жылдың 26 маусымындағы КАССР Наркомпросының хатында Орталық губерниялық және уездік кітапханаларға ауылды жерлерде жылжымалы кітапханаларды мүмкіндігінше молырақ ұйымдастыру тапсырылды. Н.В.Гоголь кітапханасы аталған жылы ауылдардан 30 жылжымалы кітапхана ұйымдастыруға тапсырыс алып, оның тек 12-сін қанағаттандыра алды. Келесі жылы халықтан 500-ден аса томдар жинап алған кітапхана 5-уі қазақша, жиыны 25 жылжымалы кітапхана ұйымдастырып, 18 елді мекен тұрғындарына қызмет көрсете алды. Жылжымалы кітапханаларға 200 кітап бөлініп, 2895 оқырман тартылған, оның 675 қазақтар.
1925 жылы пайдаланушыларға 17507 кітап пен журналдар берілген.
Материалдық ауыр жағдайға қарамастан кітапхана жұмысына жан кіріп, лениндік бұрыштар құрылып, кештер, әңгіме және дауыстап оқу, көрмелер мен альбомдар, қабырға газеттері ұйымдастырылған. Уездік және аудандық кітапханаларға маңызды саяси мәселелер мен В.И.Ленин туралы әдебиеттер тізімі жіберілген.

Н.В.Гоголь атындағы кітапхана саяси және әдеби тақырыптарға ақылы дәрістер өткізуді тәжірибеге енгізіп, белсенді оқырмандар көмегімен спектакльдер қойып, түскен қаржыға маркстік-лениндік және көркем әдебиеттер сатып алып отырған. 1924 жылғы 27 наурыздағы КАССР ГПП нұсқауымен губерниялық кітапханаға енді Губполитпросвет бақылауымен атқарылатын кітапхана ісі бойынша барлық әдістемелік жұмыстарды атқару міндеті жүктелген. Бұл жарғы кітапхананың іс жүзінде атқарып отырған жұмысын ресми түрде бекітті.
Аудандық, ауылдық кітапханаларға әдістемелік құралдар жіберіліп, кәсіби маман дайындау ісі табысты жүргізілді. 1925 жылы Н.В.Гоголь атындағы кітапхана бірінші үш апталық тәжірибелік сабақ (практикум) өткізіп 30 адамды оқытты. Тәжірибелік сабаққа қатысушылар теория негіздерімен және кітапханашы мамандығы кәсібі сырымен жақын танысқан.
Ұлы Отан соғысы алдында 1940 жылы Семей қаласында 42 кітапхана, оның 5 көпшілік, 6 кәсіподақтық, 11 мектептік, 15 арнайы орта оқу орны кітапханалары 4 ғылыми және облыстық Н.В.Гоголь атындағы кітапхана халыққа қызмет еткен. 1940 жылы Н.В.Гоголь атындағы кітапхана 46 атаулы мерзімді басылымдарды жаздырып алған.
Ұлы Отан соғысының отты жылдарында Семейдің облыстық Н.В.Гоголь атындағы кітапханасы оқырмандар үшін қызмет етіп, еліміздің бейбіт өмірге жетуіне өз үлестерін қосқан.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7