Кітапхана тарихы

img05Кітапханада өлке тарихын оқырмандарға таныстыру бағытындағы жұмыстар басты назарға алынған. Семей өңірінің бай тарихымен, Семей өлкесің тарихи тұлғаларының, белгілі қоғам қайраткерлерінің өмірі мен қоғамдық қызметін және мол мұраларын оқырман қауымға таныстыру мақсатында «Семей өңірінің тарихи тұлғалары» атты айдармен өлкетану оқуын өткізу дәстүрге айналған. Кітапхана қызметкерлері Өскемен қаласындағы А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапхананың оқырмандарын Семей өңірінің белгілі тұлғаларымен таныстырып, бірлесіп әріптестік қызмет көрсетеді. Өлкетану оқуының материалдары қаладағы «Талант» баспасы арқылы жарыққа шығарылып отырылады. Семей өңірінің тарихы, әлеуметтік – экономикалық және мәдени жағдайы мен Семей өңірінің тарихи тұлғалары туралы кітапхана библиографтары әзірлеген «Семей ақын-жазушылары», «Семей суретшілері», «Семей сазгерлері», «Семей – ежелгі қала», «Семей қаласының тарихи-мәдени орындары», «Семей ескерткіштері», «Семей: кеше және бүгін» және т.б. қазақ және орыс тілдерінде био-библиографиялық естеліктер, «Сахараның дана ойшылы» атты Ш.Құдайбердіұлының туғанына 150 жыл толуына байланысты өткізілген өлкетану оқуының материалдары баспадан жарық көріп, оқырмандардың талап-тілегін қанағаттандыруда көмекші құрал болуда.

Кітапханада жастарды оқуға тартуда, қазіргі заман ағымына сай жастардың көңілінен шығатын мәдени іс-шараларды өткізу ісі басты назарға алынған. «Қазақстан-2030» сртатегиялық бағдарламасын, Қазақстан Республикасы Президентінің дәстүрлі Жолдауларын және «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға бағытталған «Әлеуметтік-қажетті ақпараттар лекториі», пайдаланушыларды әдебиеттің танымал тұлғаларының және жас ақын-жазушылардың шығармаларымен таныстыру мақсатында «Әдеби қонақжай», әлемдік, ұлттық мәдениеттің жетістіктерін насихаттау, ұлттық өркениеттің құндылықтарын бағалай білуге баулу мақсатында «Өнер өлкесінде» клубы ұйымдастырылған.
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2008 жылы 22 желтоқсандағы қаулысы бойынша «Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы» мемлекеттік мекемесі болып аталады. АҚШ елшілігі Қоғаммен байланыс бөлімінің грантымен 2009 жылы АҚШ туралы ақпараттарды пайдаланумен қамтамасыз ету, білім саласы, америка мәдениетін тарату жөніндегі байланыстарды дамытуға ықпал ету мақсатында ”Ақпарат орталығы” ашылып, пайдаланушыларға қызмет көрсетіп келеді.

Кітапхана 2010 жылы Ұлы Абайдың және абайтанушы Қ.Мұхамедхановтың мерейтойлары қарсаңында республика көлемінде ауқымды іс-шаралар атқарды. Астана қаласында Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Мұражайында ”Алға ұмтылған Қазақстан” аймақаралық жобасына ұлы Абайдың 165 жылдық мерейтойы қарсаңында ”Ұлы тұлғалар бесігі” тақырыбында сирек қор басылымдарының көрмесін қойды. Қазан айында Алматы қаласында «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығы қоғамдық қорының» ұйымдастыруымен Қайым Мұхамедхановтың туғанына 95 жыл толуы қарсаңында өткізілген дөңгелек үстелге кітапхана қызметкерлері қатысты.

Кітапхана қызметкерлері Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының ұйымдастыруымен өткен республикалық ”Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорының мәселелері” конференциясында ”Далалы өлке және оны зерттеушілер” көрмесіне сирек басылымдар көрмесін ұсынып, өлкетануға байланысты сирек басылымдар бойынша ”Семейдің қоғамдық кітапханасы: Шығыс Қазақстан, Семей өңірінің зерттелу мәселелері” тақырыбында баяндама жасады.
Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы қазіргі заман талабына сай өз оқырмандарын ақпаратпен және құжаттық ресурстардың дәстүрлі және электронды түрімен қамтамасыз етудің қайнар көзі болып отыр. Қазір кітапхана қорындағы 4,5 мыңнан аса сирек басылымдар қоры мен 342 мыңға жуық әдебиеттер қорын 17 мыңға жуық оқырман пайдаланады.
Кітапхана бүгінде жаңа технологиялардың барлық мүмкіндіктерін меңгере отырып, үздіксіз даму үстінде. Бар рухани байлықтың алтын кені болған кітапхана қоғамның мәдени дамуына өз үлесін қосып, әр уақытта өз оқырмандары үшін қызмет етеді.

2011 жылы кітапхана қызметкері «Индексирование документов с использованием информационных поисковых языков» семинарына қатысып Ресей кітапханасының сертификатына ие болды. 2012 жылы кітапхана қызметкерлері Қырғызстанда өткен «Америка бұрыштары» және Ресейдегі «О краткосрочном повышении квалификации» семинарларына қатысып сертификаттарына ие болды. 2012 жылдан бастап кітапхана облыстық, қалалық және жоғары оқу орындарының кітапханалары арасында жүргізілетін корпорациялық бірлесіп библиографиялық жазуына қатыса бастады. 2013 жылдың 10 қыркүйегінде Абай атындағы кітапхана арбалы-мүгедектерге үйлерінде кітапханалық қызмет көрсету үшін «Книгоноша» әлеуметтік жобасын бастады. Мүгедек адамдарды компьютерлік сауаттылыққа үйрететін жоба Абай атындағы әмбебап кітапханасында 2013 жылдың 30 қыркүйегінде жұмысын бастады. 2014 жылдың басында Семей өлкесінде болған Алаш зиялыларының еңбектерін «Алаш арыстары» жобасы арқылы пайдаланушыларға кеңінен ұсына бастады. 2014 жылы кітапханада жаңа жобалар қосылды: «Библио-күн» жобасы, Бүкіләлемдік күн: (Халықаралық мерекелер күнтізбесін бойынша), Жазғы мектеп оқуы, Орхон Енисей жазба ескерткіштері күні, Сирек қор: Қазақ елі ғылыми басылымдарда, Туған өлкенің тарихы мен жетістіктері, «Шебер қолдар»: халықтың қолданбалы қолөнер үйірмесі.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7