Өлке туралы жаңа басылымдар

Ақтайлақ би шежіресі. – Алматы: «Хантәңірі», 2015. – 160 б.

Кітапқа көрнекті қоғам қайраткері, дипломат, ақын, шежіреші, атақты би Ақтайлақ Байғараұлының XVIIIғасырдың соңында жазып қалдырған қазақ ру-тайпалары мен найман руын таратқан шежіресінің алғашқы нұсқасы және осы нұсқа негізінде жалғастырлып, кейінгі ұрпақтар таратылған ататек шежіресі, сонымен бірге белгілі халық ақыны, этнограф, шежіреші Қалихан Алтынбаевтың найман руы туралы «Сегіз арыс, тоғыз таңба» атты шежіресі қоса беріліп отыр. Кітап ел тарихына қызығушылық танытқан барша оқырманға арналады.

Шаяхметұлы Қ. Қазіргі қазақ тілі (Сөзжасам-дериватология, сөзөзгерім-морфология).- Семей-Новосібір, «Талер-Пресс» 2007. – 334 б.

«Қазіргі қазақ тілі» ғылыми курсы бойынша мамандану үдерісі үшін оқулыққа қосымша баламалық дәрежедегі бұл еңбекте сөзжасам және сөзөзгерім (дериватология, морфология) жүйелерінің өзара қатынасы туралы мәселе лингвистикалық арнада тұңғыш рет арнайы түрде қарастырылған. Кез-келген құбылыстың өзге құбылыспен шектесу тұсында болмай қоймайтын эволюциялық өсу мен диаелктикалық даму көріністері – жұмыстың методологиялық негізі.

Еңбек лингвист мамандарға, кәсіби зерттеушілік жолындағы, аспиранттарға, магистранттарға, орта мектеп мұғалімдеріне арналған.

Тастағанов М. Мәңгі жас ғұмыр: Өлеңдер, эссе, очерктер жинағы.- Семей: Сарыарқа, 2013. – 260 б.

Талантты ақын, кәсіпқой журналист Мұрат Тастағановтың бұл жинағында әр жылдары жазылған жырлары, баллада-толғаулары, ән мәтіндері, әр тақырыптағы эссе, очерк, мақалалары топтастырылған. Өлең өрнектерін тек өзіне ғана тән тәсілмен өретін дара қаламгердің кітабы өз оқырманын табатыны шүбәсіз.

Рахманова Н.М. Әуезовтану дәрістері. Оқу құралы. – Алматы, 2010.- 354 б.

Оқу құралында Әуезов өмірі мен сан салалы шығармашылық қырлары бір-бірімен сабақтастырыла, біртұтас бірлікте қарастырлады. Кітапта әуезовтанудағы бүгінге дейін айтылып келген пікірлерге жаңа тұрғыда толықтырулар жасалған. Еңбекте Әуезов шығармашылығына қатысты әр кезеңдегі түрлі ұстанымдағы сындар, жазушы болмысын танытудағы естеліктер мен хаттар, қазіргі әдебиеттануға қатысты ой-пікір ізденістері сарапталған.

Ғибратқа толы ғұмыр: атақты ұстаз Төкен Жұманов туралы естеліктер жинағы. – Семей: Интеллект, 2016. – 381 б.

Әйгілі педагог Төкен Жұманов туралы естеліктер топталып берілген. Естелік иелері Семей қаласының ұстаздары мен №1 мектеп-интернаттың түлектері. Бәрі де ұстаздың ғибратқа толы ғұмырына тәнті болып, тебірене жазады. Аталған мектеп-интернаттың даңқты оқу орнына айналуы – ондағы балаларды өз кіндігінен тараған ұл-қызындай жақсы көрген Төкен ағаның бар күш-жігерін сарқа жұмсауының арқасы. Ұстаз туралы әр естелік жылы жүрекпен, шынайы махаббатпен сыр шертеді.

Беттер: 1 2 3 4 5 6