Өлке туралы жаңа басылымдар

Кемелбаева А. Сөз хикмет:Эсселер, мақалалар, сұхбаттар. – Алматы: «Қаратау КБ», Дәстүр,2016. – 384 б.

«Сөз хикмет» атты бұл кітапқа жазушы, әдебиеттанушы, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Айгүл Кемелбаеваның көркем эсселері мен әдеби, өнертану, ғылымтану сұхбаттары енген.

Кітапқа қазіргі қазақ әдебиетіне теориялық-аналитикалық талдау жасалғанәдебиет танытқыш, әдебиет зерттеуге арналған ғылыми мақалалар мен көркем эсселер, интеллектуалды сұхбаттары енді.

Пірәлі Г. Мұхтар Әуезов. Кітапхана: Жазушы мұражайындағы кітаптар әлемі. – Алматы: «Қаратау КБ» ЖШС, Дәстүр, 2016. – 384 б.

Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің кітапханасы қазақ әдебиеттану ғылымы мен библиографиясында , кітаптану ісінде тұңғыш рет жүйеленіп, зерттеліп, бір ізге түсіріліп жарық көріп отыр. Кітапта Мұхтар Әуезовтің жеке кітапханасының қоры мен әрбір кітапқа түсірілген белгілер анықталып, бүкіл басылымдар тізімінің библиографиялық сипаттамасы жасалынды. Тегінде тарихи тұлғалардың кітапхасындағы кітаптар, басқа да ақпараттық мәні бар басылымдардың толық тізбесін бөлек басып шығару үрдісі әлемдік тәжірибеде баршылық болғанымен ұлттық әдебиеттануда алғашқы рет жүйеленіп отырғандықтан бұл еңбек құнды дүние болмақ. Кітапта суреткердің оқыған кітаптарының жақтауларына жазылған ойлары, сөздері, өзге де символдық белгілері көрсетіліп, сипатталады.Бұрындары жарияланбаған көптеген әдеби, ғылыми, тарихи мәліметтер оқырман қауымның қызығушылығын тудыруы хақ. Кітап жалпы оқырман қауымға арналған.

Кеңесбай Т. Марафон. Повестер мен әңгімелер. + Алматы: «Қаратау КБ» ЖШС: «Дәстүр», 2016. – 288 б.

XX ғасырдың сексенінші жылдарында қазақ әдебиетіне келген буынның талантты өкілі Талғат Кеңесбай – жаңашыл жазушы. Жазушының оқырмандарға ұсынып отырған «Марафон» атты бұл кітабына бірнеше повестері мен әңгімелері топтастырылған.
Шығармаларының тілі жеңіл, көркемдік ерекшеліктері оқырманның арман-қиялын шарықтатып, мол әсерге бөлейді. Кітап әдебиет сүйер қауымға арналған.

Жұртбай Т. Біртұтас Алаш идеясы: толғаныстар. – Алматы: «Хантәңірі» баспасы, 2016. – 380 б.

Қазақстан педагогика ғылымдары академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбайдың «Біртұтас алаш идеясы» атты бұл жинағына – ұлттық тәуелсіздік пен тәуелсіз бас бостандығы, тәуелсіз жан бостандығы сияқты шетін де киелі мәселелер арқылы Біртұтас алаш идеясының қалыптасуы мен даму жолын пайымдаған және сол қасиетті аңсарлы идеяның бүгінгі қоғамымыздан алуға тиісті орны туралы толғамдары топтастырылған.
Жинақтың әдебиетшілер мен тарихшылардың, мәдениеттанушылар мен саясаттанушылардың, ғылыми көпшіліктің, жалпы зиялы қауымның назарын аударатыны сөзсіз.

Ибрагимов Т. Малаев С. Шыңғыстау өңірінің шертпелері: күйлер. – Алматы: «Айғаным» баспа үйі, 2016. – 96 б.

Бұл жинақ Абайдың туғанына 165 жыл, Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайына 70 жыл толуына орай әзірленген қорық-мұражайдың қорында жинақталып, сақталған күйлер жинағы.
Жинаққа қорға әр жылдарда түсіп сақталған белгілі күйші-орындаушылардың орындауындағы Шыңғыстау өңірі, Абай айналасында топтасқан өнер иелерінің және өздерінің шығарған шығармалары еніп отыр.

Беттер: 1 2 3 4 5 6