Өлке туралы жаңа басылымдар

Төлеужан Ысмайылов/ Құрст. Ө. Жақып.- Алматы: Елтаным, 2012.- 464 б.

Бұл кітап өмірден ерте озған, аса дарынды ақын Төлеужан Ысмайыловтың 80 жылдық мерейтойына арналып, шығарылып отыр. Кітапқа оның өлеңдері, поэмалары, сын-сықақтары, мақалалары, аудармалары, сондай-ақ ақын туралы естеліктер мен арнау өлеңдер енгізіліп отыр.

Ердембеков Б. Абайтану:Оқу құралы.- Өскемен,Берел.- 2015.- 580 б.

Еңбекте абайдың әдеби айналасы, ақынмен тікелей қарым-қатынаста болған әдеби орта өкілдері, олармен арадағы рухани байланыс көздері зерттеу нысанасына алынып ақын айналасының абайтану ғыылымындағы орны, Абайға әсер еткен әдеби ортаның ықпалы айқындалды. Бұл тұрғыда Абай әулетінің, атап айтатын болсақ, Зере әже, Шаншар атадан Ұлжан анаға дейін үзілмей жеткен шешендік, Құнанбай тәрбиесінің ақынға әсері, сол замандағы би-шешендер ортасындағы жас ақындар орны, Абай мен аға буын ақындар арасындағы рухани жақындық кездері жан-жақты сөз болды.

Оқу құралы әдебиетші ғылыми қызметкерлерге, жоғары оқу орындары филология факультетінің студенттеріне, аспиранттарға. Магистранттарға, мектеп мұғалімдеріне арналған.

Тұранқұлова Д. Сырлы саз –сахна сәні.- Алматы,Білім.-2003.- 204 б.

Сахна өнерінің ішкі иірімдері егжей-тегжейлі талданып, зерттелетін бұл оқулық өнер академиясының, эстрада студиялары мен арнаулы колледждердің студенттері мен оқытушыларына теледидар және радио дикторларына, жалпы өнер сүйер талапкер қауымға арналған.

Абайтанудың асқан білгірі:Абайтанушы, ғалым-текстолог, профессор Қайым Мұхамедхановтың 100 жылдығына арналған.- Семей,2016.- 72 б.

Белгілі абайтанушы, ғалым-тестолог, профессор Қайым Мұхамедханұлының 100 жылдығына арналған. Оқырман қауымға ұсынылып отырған бұл басылым Қайым Мұхамедхановтың өмір және ғылым жолы туралы сыр шертеді. Ғалымның өз қолымен жазған өмірбаяны, мақалалар, шәкірттерінің естеліктері мен арнаулары басылымда жинақталған.

Жинақ көпшілік қауымға, зерттеушілер мен әдебиеттанушыларға, жоғары оқу орындардың оқытушылары мен мектеп мұғалімдеріне, студенттерге, музей мамандарына арналған.

Кәрібжанова Г.А. Нәзипа Құлжанова.- Семей,2012.-198 б.

Кітап 20 ғасырдың бас кезінде тарих сахнасына көтерілген қазақтың қайраткер қызы Н.С. Құлжанованың өмірі мен шығармашылығын, мәдени-ағартушылық қызметін, журналистік, жазушылық аудармашылық мұрасын жан-жақты зерттеуге арналған.

Еңбек  тарихшы ғалымдарға, өлкетанушыларға, жалпы оқырман қауымға арналған.

Қайым Мұхамедханов: Хаттар сөйлейді. Каюм Мұхамедханов: Письма говорят.- Алматы, 2015.- 336 б.- қазақша, орысша.

Ғұлама ғалым Қайым Мұхамедхановқа жолданған хаттар топтастырылған бұл кітап өткен тарих беттерін парақтайды. Бұл кітапта ғалыммен бірге жүрген, бірге еңбек еткен ХХ ғасырдың көрнекті тұлғаларымен хат алмасулары берілген, олар: Ж.Сайын, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, С.Марков, І.Омаров, М.Хәкімжанова, Ә.Тәжібаев, М.Әуезов, Т.Иванова, Д. Снегин, С.Мұқанов, Т.Жароков, С.Машақов, Ш.Мұртаза, Ә.Нұршайықов, М.Төлеуов, Н.Анов, А.Сейдембеков, В.Коротич, Х.Ерғалиев, Е.Жақыпов, А.Тоқпанов, Ж.Бектұров, В.Карпов, Ү.Сұбханбердина және т.б. Сонымен қатар, аталмыш кітаптағы қазақ және орыс тілдерінде жазылған хаттарда отандық тарих пен ғылым, өлкетану мен мәдениет туралы, Карлагта өткізген ауыр репрессия жылдары жайлы аса танымдық мазмұнды фактілер келтірілген. Хаттардың тақырыбы да, мазмұны да әр алуан. Бірі ұлы тұлғалардың өмірінен сыр шертсе, бірі ел-жер тарихынан мағлұмат береді. Ұлы тұлғаның қалыманан шыққан бұл жазба материалдар әркезде тағлымның бастауы болып қала берері сөзсіз. Кітап жалпы оқырман қауымға арналған.

 Джакипов Д. Фортуна сыйын қалайсың ба?.- Семей,Техцентр.-2015.-51 б.

Үржар ауданы, Бестерек ауылының тумасы Дәулет Жақыповтың бұл кітабы салуатты, әрі бақытты өмір сүру үшін өмірдің мәні неде деген сұрақтар төңірегінде ой-толғайды. Рухани даму, бақытты болудың құпиялары жайында сыр шертеді.

Сейітқазы О.Ж. Киелі қобыз құдіреті. Қазақтың ұлттық музыка аспабы қобыз және онда орындаушылық дәстүрдің тарихы жайында.- Семей: «Талант», 2010.- 142 б.
Автор бұл кітабында бұрыңғы зерттеушілеріміздің көптеген тарихи, археологиялық және этнографиялық деректеріне сүйене отырып, халқымыздың киелі музыкалық аспабы – қобыздың Қорқыт заманынан бүгінгі күнге дейінгі тарихи жолын ғылыми тұрғыдан зерделеп, жүйелеген.
Қобыз аспабы туралы мол мағлұмат беретін бұл кітап арнайы музыкалық білім беретін оқу орындарының оқушыларына, студенттеріне және жалпы өнер сүйер қауымға арналады.

Шыңғыстау өсімдіктері мен жануарлары/Н.Ш. Карипбаева, М.Ғ. Қуанышбаева, В.В. Полевик, В.А. Хромов.- Семей: Интеллект,2015.- 231 б.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі тарапынан берілген грант бойынша, Шыңғыстау аймағындағы өсімдіктер мен жануарлардың көптүрлілігі зерттелді. Кітапта Шыңғыстау аймағында кездесетін 117 өсімдіктер, 120 бунақденелілер, 76 омыртқалы жануарлар түрлері сипатталған.
«Шыңғыстау» кітабын жоғарғы оқу орындарында биология, география, ауыл шаруашылығы, зоотехника, экология, фрамакология мамандықтарында оқитын студенттер мен магистранттар және мектеп мұғалімдері мен оқушылар пайдалана алады. Сонымен қатар, кітаптағы өсімдіктер мен жануарлардың көптүрлілігіне байланысты ғылыми ақпараттар халық арасында да қызығушылық туғызады, осыған байланысты кітап көпшілік оқырман қауымға арналады.

Қайым Мұхамедханов және абайтану мәселелері: Белгілі абайтанушы, ғалым, текстолог, профессор Қайым Мұхамедханұлының 95 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары.- Семей: Семей мемлекеттік педагогикалық институты, 2011.- 500 б.
Қазақтың қайсар ғалымы, абайтанушы, текстолог, ҚСР Тұңғыш Әнұранының авторы Қайым Мұхамедханұлының 95 жылдық мерейтойы барысында өткізілген конференция материалдары енгізіліп отырған бұл жинақта ғалымның өмірбаянына қатысты мұрағат деректері, Абай мұрасының мәтінтану мәселелері, абайтанудың бүгіні мен болашағы тақырыбындағы зерттеу мақалалары енгізілген.

Беттер: 1 2 3 4 5 6