1«Жақып Ақбаев – ер, шешен, қызу юрист.
1905 жылы патшаға тіл тигізді деп… жер
аударылады, көп тепкі көрді…
ағайын арасының өсегіне боялып,
соңғы жылдарда халық көзінде
бұрыңғы Жақып өзгергендей болды».

(«Қазақ» газеті, 1915 жыл)

Жақып Ақбаев – қазақ елінің мемлекеттігі үшін күрескен қоғам қайраткері, энциклопедиялық білімі бар ғалым, әмбебап тарихшы, этнограф, “Алаш” қозғалысының көшбасшысы, “Алашорда” үкіметінің мүшесі, ұлт зиялысы, қазақтың тұңғыш құқық магистрі.
Ж.Ақбаев 1876 жылы 25 қазанда Семей облысы, Қарқаралы уезі, Берікқара болысы, №3 ауылының (кей деректерде №4) Төңіректас деген жерінде Сарыарқа өңіріне атақты Ақбай әулетінің дәулетті отбасында дүниеге келген.

Жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбайдың («Ұраным-Алаш!») түрме әфсанасында Аспазия Жақыпқызының зерттеуші М.Құлмұхамедке ұсынған әкесінің «Қысқаша өмірбаянында» өзі жайлы ол: «Мен қазақпын, 1876 жылғы 7 қарашада, бұрынғы жыл санау бойынша 25 қазанда Төңіректас маңында, Қарқаралы округінің Берікқара ауданындағы 3-ші ауылға қарасты жерде туғанмын. 1889-84 жылдары мен жазда ата-анамның қозысын, қыста қойын бақтым»-деп жазған екен.

Жақып Ақбаев 1886 жылы Қарқаралы қаласындағы орыс-қазақ мектеп-интернатына оқуға барады. 1889 жылы Омбы гимназиясына, кейін Томск гимназиясына оқуын ауыстырған Ж.Ақбаев 1898 жылы оны бітіреді. Гимназиядан соң Жақып Ақбаев Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, 1903 жылы оны алтын медальмен бітіріп, қазақтың тұңғыш “право магистрі” деген атақты иеленеді.

Университетте оқып жүргенде-ақ Ж.Ақбаев ілім-білімнің әр саласын меңгеруге талпынады. Осы мақсатта Ж.Ақбаев адамның есте ұстау қабілеті мен айғақ-дәлелдерді екшелеудің әдіс-тәсілдерін жете меңгеру үшін Одесса қаласындағы мнемоника профессоры С.Файнштейннен дәріс тыңдауға және С.Петербургтегі Археология институтына оқуға түсуге университет басшыларына өтініш жазады. Сөйтіп, университетте оқи жүріп, 3-курста Санкт-Петербург Археология институтына түсіп, толық курсын тәмәмдайды. Мемлекеттік сынақ комиссиясында «Қазақтардың некелік құқығы» атты тақырыпты қорғауға бекітіп алады. Студент кезінен Жақыптың өзін зерек, қабілетті жас екенін таныта алғанынан болар, университеттің ректоры, құқықтанушы, профессор А.Х.Гольмс өзі оның магистрлік жұмысына ғылыми жетекші болып, кейіннен Омбыға жұмысқа тұрарында сенімді адам ретінде таныстыру хатын жазып беруі соған дәлел болса керек.

Күрескерлік тұлғасы ерте қалыптаса бастаған Ж.Ақбаев студент кезінен саяси іс-қимылдарға қызу араласып, “Санкт-Петербургские ведомости”, «Айқап» журналы мен “Дала уалаяты” («Адам, қоғам, табиғат», 1901. №12. 25 март), «Сарыарқа» (1917. №15.29 сентябрь, №19. 9 ноябрь), «Қазақ» газеттерінде және Омбыдан шығып тұрған «Иртыш», «Степь», «Степной край» газеттеріне азаттық жолындағы мақалаларын жариялайды.

1903 жылы оқуын аяқтаған Жақып туған еліне, оралып, Қарқаралы өңірінің құрметті адамдарының бірі, қаланың бай көпесі, ұлт зиялыларымен араласып, олар бас қосатын «Көк үйдің» иесі, қайырымдылығы үшін 1888 жылы орыс императорынан күміс медальмен марапатқа ие болған Халиолла Бекметевтің қызы Гүлбахорға таңдауы түсіп, шаңырақ көтерген. Сол жылы Омбы сот палатасына қызметке тұрады. Алғыр, зерек жас маман кәсіби шеберлігін шыңдап, 1904 жылы палата хатшысы, 1905 жылдан бастап, бітістіруші судья міндетін атқарған және округтік сот палатасында лауазымды қызмет атқарды.

1905-1907 жылдардағы Ресейдегі төңкеріс саяси белсенділігіне қозғау салып, Жақып Ақбаев митингілерге және жиналыстарға қатысып, сөз сөйлейді. Омбыдағы, Петропавлдағы, Семейдегі, Павлодардағы, Баянауыл мен Қарқаралыдағы демонстрацияларға қатысып, отаршылдық жүйеге, патша үкіметіне қарсы күрес жүргізе жүріп, Омбыда шығатын “Степной край” газетінде мақалаларын жариялап, патшаның отаршылдық саясатын сынайды.

Жақып Ақбаев 1905 жылы шілдеде Қарқаралыдағы Қоянды жәрмеңкесінде “Алаш” көсемдерінің бастамасымен өткен қазақ съезінде Ресей Министрлер Кеңесінің төрағасына Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсыновтармен бірге шаруаларды көшіріп әкетуді тоқтату, қазақтардың діни басқармасын ұйымдастыру, цензураны жою, ресми іс қағаздарын қазақша жүргізу, қазылар сотын енгізу, қазақ депутаттарын Мемлекеттік Думаға шақыру жөніндегі талаптар қойылып, қоныстандыру саясатының озбырлығы айтылған, отаршылдық езгіге қарсы наразылықтағы 145 мың адамның қолы қойылған “Қарқаралы петициясын” ұйымдастырады. Жиындарда Жақып жалынды сөздер сөйлеп патша режимін шенейді.

Ол 1907-1927 жылдары Семей, Сырдария, округтік губерниялық соттарында лауазымды қызметер атқарып, еліне адал қызмет етуге бар күш-қайратын жұмсаған ол қоғамдық саяси жұмыстарды ұйымдастырушыларының алдыңғы қатарында болды. 1907 жылдан Орыс географиялық қоғамы Семей бөлімшесіне мүше болып, далалы өлкені ғылымның сан-саласына зерттеу ісіне өз үлесін қосқан алғашқы қазақ зиялыларының қатарында да Ж.Ақбаевтың есімі де құрметпен аталады.