Шығармалары:

«Әліппе» (1919, мектепте қолжазба түрінде оқылған);
Халық әдебиетінің үлгілері (1921-1930 жылдар аралығында қайталанып басылып отырған;
Орта Азиядағы жылан тұқымдарының түрлері.- Қызылорда, 1925;
Майлы өсімдіктердің түрлері, 1926;
Итсигек-улы өсімдік, 1926-1927, Қызылорда;
Көкпек- жылқы үшін улы өсімдік, 1926;
Тары, жүгері тағы да басқа қуаңшылыққа шыдамды өсімдіктер.- Қызылорда, 1926,
Кендір-техникалық дақыл.- Қызылорда, 1926
Татыран-жемдік дақыл және оны қызылшамен будандастырудың нәтижесі.- Қызылорда; 1927
Он оқулық (ауыл шаруашылығының 10 саласы туралы балаларға арналған оқулық, 1929;
«Халық әдебиетінің құрастырмасы» (хрестоматия), 5-жылдық оқушыларға арналған, 1929;
Құмыршық (жұмыршық-?)- Батыс Қазақстандағы азықтық өсімдік, 1929;
«Өсімдіктер әлемі» (1-2 бөлімдер, Мәскеу мемлекеттік баспасы, 1927-1930);
«Жыланды қолға үйрету және оның көз гипнозы».-Қазақ мемлекеттік баспасы, 1927;
«Қой және оның жүні».-Қазақ мемлекеттік баспасы,1930;
«Қант қызылшасы» (Қазақ мемлекеттік баспасы, 1936);
«Қытайдағы босқындар өмірі» (1920);
«Қазақтардың ата-тегі туралы материалдар» (1930) этнографиялық еңбегі;
Мерзімді басылымдарда:
«Шөлге төзімді өсімдіктер – тары, күнбағыс»т.б. (Қызылорда облыстық газеті, 1926);
«Қаратұт-табиғи жібек талшығын беретін ағаш», Алматы, газетте басылған;
«Табиғи жібек алынатын ағаш» (Алматы облыстық газеті, 1929);
«Қойды жедел қоздату» («Научный труд»журналы, 1936);
«Халық әдебиетінің жинағы» (1921-1930 жж. Қызылорда, Алматы облыстық газеттерінде жарияланған).

Аудармалары:

«Кендір», Мәскеу, 1931;
Н.Н.Баранскийдің «Экономикалық география»(1-2 бөлімдері, Қазақ мемлекеттік баспасы, 1927-1929);
Покровскийдің «Соя өсімдік майын береді» (1935);
Фроловтың «Менің малмен кездесулерім» (1937);
Б.А.Крыль «Ауыл шаруашылығы машиналары» (Қазақстан мемлекеттік баспасы, 1936);
Поспелов «Арам шөпке қарсы көпшілік күресі»;
Берландпен бірлесіп жазған «Кендір-Қазақстандағы жабайы өсімдік» (Москва мемлекеттік баспасы, 1930);

Қолжазба күйінде:

«Қазақ рулары жайында»;
«Жамбасбұршақ (соя)-жан-жақты азықтық дәнді дақыл» (аударма), 1932;
«Қазақстанның физикалық географиясы»;
«Ауылшаруашылық дақылдарының зиянкестерімен күрес»;
«Техникалық дақылдар туралы энциклопедия»;
П.Ф.Лезгаф. Физикалық география, аударма 1929;
«Қазақстанның мал шаруашылығы туралы энциклопедиясы» т.б.

Ж.Күдериннің қуғындалуы

Бүкіл отбасымен «Халық жауы» деген жаламен қуғын-сүргін құрбаны болған қазақ зиялылары қатарына ғалым Жұмахан Маусымбайұлы Күдерин де жатады. Осындай жемісті ғылыми шығармашылық жұмыспен айналысып отырған ғалым Жұмахан Күдерин Ташкентте ұсталып жауапқа тартылған. 1930-шы жылы 20 қыркүйекте әкелі-балалы Күдериндер Маусымбай мен Жұмахан туысы Мұхамеджан Тынышбаевтың ісіне байланысты тұтқынға алынып, «контрреволюциялық үгіт таратушы» деген айыппен «үштіктің» шешімімен әрқайсысы бес жылдан бас еркінен айрылып, әкесі Қарқаралы, ұлы Воронеж лагеріне айдалды.
Ол жайлы жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбай: «Сөйтіп, тағдыр тауқыметі «атадан туған алтауға», яғни, Маусымбайдың өзіне, бәйбішесі Айсадан туған –Жүніс, Жұмахан, Төлеубектің, тоқалы Аядан (Ай, Айқыз-?) туған-Асен, Қуандық (Қуаш), Мариямның талайына бұйырды. Тәркілеу мен мойынсерік науқаны олардың тұқымын құртты. Егіншілікпен айналыспайтын 6 түтінге тиесілі 3 сауын сиыр, 2 бұзау, 4 тайынша, 21 жылқы, 3 түйе, 101 қойы тәркіленген отбасына тағы да, алғашында – 40 пұт, кейіннен -200 пұт астық салығын салған. Сөйтіп, жалпы құны 385 сом мөлшерінде салық төлеуден бас тартты деген айыппен бұрыннан келе жатқан «жер мен жесір дауының қарсылас топтағы қайраткерлері» ауылнай Ерғалиевтің, белсенділердің көрсетуі бойынша бұрынғы болыс, би, 1875 жылы туған, 55 жастағы Маусымбай Күдерин 1930 жылы 10 ақпан күні «байларға салынған азық-түлік салығын төлеуден бас тартқан» зиянкес бай ретінде тұтқындалып, ОГПУ-дің үштігінің шешімімен 2 наурыз күні 58 баптың 10 тармағы бойынша 5 жылға еңбек түзету лагеріне жіберіліп, жер аударылыпты..». Әкесі Маусымбай Қарқаралы түрмесінің тас қамалында көз жұмса, Жұмахан Маусымбайұлы 1936 жылы мерзімін өтеп еліне қайтты.
Ауыл белсенділерінің өштесуіне ержеткен Төлеубектің басқа бір рудың айттырып, қалыңмалын баяғыда төлеп қойған Батым қызын алып қашуы себеп болып, бұкіл бір әулетті қасіретке душар еткен.
1937 жылдың 22 мамырында қайта тұтқындалған есіл ер Жұмахан Маусымбайұлы Күдерин 1938 жылдың 7 наурызында нақақтан ату жазасына кесілген.
Артында қалған інісі Төлеубекке «халық жауы» деген жала жабылып 1937 жылы тұтқындалған.