Отбасы

Жұмахан Маусымбайұлы жайлы мәліметтер өте аз кездеседі. Ғалым өмірінің бізге беймәлім тұстарына жарық сәуле түсірген Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным-Алаш!»- зерттеуі болды.
Жұмахан Күдериннің баласы Фирдауси сәби шағында шетінеген. Ал, одан кейінгі ұлы Сарым (Сырым) Жұмаханұлы бір жасқа толар-толмаста әкесінен жетім қалған, Сарым Жұмаханұлы Күдерин қазақ ұлты тарихында ойып орын алатын тұлға. Сарым Жұмаханұлы Күдерин – қазақтың тұңғыш кәсіби альпинисі. 1962 жылы 25 жасында альпинизм саласы бойынша СССР чемпионы атанды. 1963 жылы 14 шілдеде Кавказ тауының Сванетия шыңдарының Чатын-Тау мұздағында қаза тапқан. Сарымның есімін мәңгі қалдыру мақсатында Алматы аңғарындағы шыңға Күдериннің аты берілген.
Оның шәкірттері Э.Ильинский, Ю.Голодов, В.Хрищатый 1982 жылы кеңестік тұңғыш құраманың қатарында Гималайды бағындырды. Шәкірттері өздерінің тұңғыш жаттықтырушысы Сарымның суретін ала барып, Эверест шыңының ұшар басына ескерткіш ретінде белгі етіп қалдырды. Әкесі тұтқындалғанда іште қалған Лариса Жұмаханқызы Күдерина анасы Т.Г.Күдерина-Насонованың өтініші бойынша анасының күлін асқақ рухты ұлы мәңгілік орын тапқан Сванетия асуының Чатын-Тау мұздағының түбіне жерлеген. Қай жерде қалғаны белгісіз әкелері Жұмахан Маусымбайұлы Күдериннің де портретін сонда ескерткіш етіп орнатқан.
Лариса Жұмаханқызы Ресей Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті, аймақаралық «Феникс» қорының президенті, Мәскеу қаласында тұрады. Л.Жұмаханқызы әкесінің 1927 және 1930 жылдары араб және латын әріптерімен тұңғыш рет қазақ тілінде басылып шыққан «Өсімдіктану» оқулық кітабын қазіргі қазақ жазба нұсқасына көшіріп, 1992 жылы «Рауан» баспасынан қайта басып шығарған. Семей қаласына келіп, Абай атындағы кітапханада оқырмандармен кездескен асылдың тұяғы – Лариса Жұмаханқызы әкесінің жаңадан шыққан кітабын сыйға тартқан болатын. Бүгінде ғалым Л.Жұмаханқызы әкесі жайлы өмір бойы жинаған мәліметтері негізінде кітап жазбақ.
Жұмахан Маусымбайұлы Күдерин 1956 жылы, ал әкесі Маусымбай мен інісі Төлеубек тек 1990 жылы ғана ісінде қылмыстық белгісі жоқ деп ақталды.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Алаш. Алашорда. Энциклопедия /Құраст.: Ғ.Энес, С.Смағұлова.- Алматы: «Арыс» баспасы, 1999.- 544 бет.
2. Қалымов Д. Жұмахан Күдерин //Семей таңы, 1991.- 12 ақпан.- 4 бет.
3. Сексенбаев Б. Шайқалған Шаңырақтар //Семей таңы, 1991.- 24 сәуір.- 5 бет.
4. Күдерин Ж.Өсімдіктану.- Алматы:Рауан, 1992.- 261б.
5. Кудерин Жұмақан Маусымбайұлы //Қазақстан ұлттық энциклопедиясы.- Т.5.- 2003.- б.107.