Біз Абай атындағы кітапхана, Абай оқырманы болған кітапхана болғандықтан 2013 жылы кітапханамызда «Абайдың рухани орталығы» ашылды.

Бұл орталықты ашудағы мақсатымыз: Абай оқыған әдебиеттер әлемімен, Абай заманында қоғамдық кітапхананың рухани қазына қорымен көпшілік қауымды таныстыру, абайтану ғылымына байланысты әдебиеттерді зерттеуші-ғалымдарға даралап ұсыну.

Орталық жұмысының міндеттері:

  • сирек басылымдар қорын зерделеу;

  • сирек басылымдарды сандық түрге көшіруді ұйымдастыру;

  • ғылыми бағытта жұмыс істейтін ғалымдарымыз бен ғылым жолындағы жастар үшін орта құру;

  • шетел кітапханаларымен, ғылыми зерттеу орталықтарымен сирек басылымдар қорын толықтыруда қарым-қатынас орнату, ақпарат алмасу.

  • шетел кітапханаларынан, ғылыми орталықтардан абайтануға байланысты ғылыми-зерттеу еңбектер мен әлем тілдеріндегі Абай шығармаларын жинақтау, сирек басылымдар қоры аясын кеңейту;

  • сирек басылымдар қорын, заманында Абай оқыған әдебиеттер әлемін республика көлемінде насихаттау.

  • сандық форматтағы әдебиеттермен Интернет пайдаланушылардың қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Орталықтың қорында ағылшын, араб, қытай, қырғыз, өзбек, түрік тілдерінде Абай шығармалары сақталған.

Осы қорды әрі қарай әлем тілдерінде жарық көрген Абай шығармаларымен, аудармаларымен толықтыру мақсатында шетелдерінің (барлығы 42) Қазақстандағы елшіліктеріне хат жазылып, әлем тілдеріндегі Абай шығармалары сұралды. Нәтижесінде сирек басылымдар қоры Әзірбайжан Елшілігінен кітапхана қорына «Шерлар вә поемалар» (Өлеңдер мен дастандар) атты Абай шығармаларының аудармасының электронды нұсқасымен (9,86 МБ) толықты. Германия Елшілігі хат жолдап, Германия кітапханасынан табылған неміс тіліндегі Абай шығармалары табылып, алдағы жылда кітапханамызға келіп, салтанатты түрде табыс етуді жоспарлап отыр. Қытай Халық Республикасынан профессор, академик, Қытайдың ғылым білім министрі болған ғалым Жанболатов Сұлтанның «Қытайда Абайдың туысы бар екен» деген зерттеу мақаласы кітапханаға келіп түсті.

Қытай Республикасының Құлжа қаласындағы Іле педагогикалық институтының профессоры, кітапханамыздың қонағы, оқырманы болған Жақып Жүністің атына хат жазылып, осы орталыққа қытай еліндегі қытай, қазақ тілдерінде абайтануға байланысты ғылыми зерттеу еңбектермен орталықтың қорын толықтыруға көмек сұралып, бірлесіп жұмыс атқарып, ақпараттық қолдау көрсетуді өтіндік. Дәл осындай хат Монғолиядағы әлемдік Шыңғысхан Акдемиясына жолданып, бірлесіп қызмет атқару ұсынылды. Алдағы уақытта сирек басылымдар қорын жұртшылыққа кеңінен насихаттау шаралары атқарылмақшы. Бұл шараларды алыс-жақын шетелдер – көршілес Ресей, Қытай, Монғол елдері кітапханаларымен бірлесіп қызмет атқару шаралары жоспарлануда.

Қала тұрғындары және қонақтары, студенттер, мамандар, ғалымдар мен ізденушілер, қаламгерлер, зейнеткерлер сирек басылымдарымыздың алтын қорынан өздерінің шығармашылық ізденістеріне, ғылыми жұмыстарына, кәсіби шыңдалуына қажетті ақпаратты кітапханамызға келіп пайдалана алады.