XIX ғасыр

Қазақстанға біртіндеп нарықтық қатынастардың ене бастауы, қазақтардың шаруашылығына, оның ішінде сауда қатынастарына өзгеріс кіргізді. Біртіндеп айырбас сарайларының орнын жәрмеңкелер ала бастады. Сауда көлеміне байланысты Семей өңірінде басқа да ірі жәрмңкелер болды. Соның ішінде Шар жәрмеңкесінің мал сатудан ғана түскен табысы 1891 жылы 15 940 сом, Семияр станциясындағы –91 900 сом, Сергиополь жәрмеңкесінің табысы 1899 жылы 78 000 сомға жеткен. Жәрмеңкелер қазіргі тауар биржаларын құруға негіз болғаны белгілі. Биржалар бір жағынан қаламен көшпенді халықтың арасындағы байланысты нығайтуда да біршама рөл атқарды. Семей қаласында алғашқы тауар биржасы 1910 жылы 29 маусымда ашылды. Оның пайда болуына Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық байланыстардың нығаюы да әсер етті. Семей биржасы Москва мен Петербург ет және мал өнеркәсібі биржаларымен, сонымен қатар Орынбор, Түркістан және кейбір Батыс Сібір қалаларының биржа комитеттерімен тұрақты байланыс жасап тұрған.

Тауар биржасының негізгі мақсаты – жергілікті сауда және өнеркәсіпті қолдау қажеттілігінен туындады. Биржа комитетінің құрамына жергілікті сауда және өнеркәсіп буржуазиясының өкілдері кірді. Сонымен бірге акционерлік компаниялар мен коммерциялық банктердің өкілдері мен биржа мүшесі болды. Семей биржасының мүшелері болып ірі саудагерлер мен өнеркәсіпшілер Л.Мусин, А.Плещеев, Қ.Үкібаев, Красильников, Мұртазин, Мірсалимов, Ғабдулжапаров және тағы басқалар сайланды. Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық байланыстардың ұлғаюы, ішкі айырбастың өсуі, жәрмеңкелер, дүкендер санының көбеюі, қоймалар және олардың тауар айналымының артуына ықпал етті. Осының әсерінен қалаларда банкілер ашыла бастады. 1887 жылы Семейде Мемлекеттік банктің бөлімшесі ашылды.

Жалпы, әрі қарай Семей саудасы жақсы деуден гөрі тамаша дерлік деңгейде өркендеп кетті. ХІХ ғасырдың орта шенінде қала тұрғындарының 2688-і өзін көпес санаған, оның ішінде 2-ші гильдия, 346-3 гильдия дәрежесіндегі көпес болған. Қысқасы, Семей Сібірдегі ең қалталы қаланың біріне айналды, бұған оның жәрмеңкелерінің даңқы қосылып, атағы елден елге жерден жерге жетіп, Еуразия кеңістігіне ауадай жайылды. Орта Азия мен Қытайдан тең артқан мыңдаған түйелер келетін Семейге «алтын түйесі» жарқыраған гербтің тағайындалуы (1854) заңды дүние болды.

ХІХ ғасырдың соңғы жылдары, яғни 1886 жылы Семей облысында жалпы көлемі 63 өндірістік орын болды. Олар 15 тері өңдеу, 9 сабын қайнату, 2 шарап жасау, 5 май айыру, 25 кірпіш дайындау, 1 сыра қайнату, т.б. кәсіпорындар болды. 1898 жылы Семей облысындағы өнеркәсіп орындарының саны 72, оның ішінде 55-і қалаларда, 17-і уездерде болды.

Әдебиеттер тізімі:

Ақбергенов Н. Қоянды жәрмеңкесі// Семей таңы.- 1968.- 27 июль
Апсалямов Н. Сұлтанов Ө. Семей және сауда-экономикалық кеңістік // Семей таңы.- 1998. -24 қыркүйек.- б.4
Кашляк В. Сауда байланыстары// Семей таңы.- 1989.-31 август.
Қарасаев Ғ. Қазақстанның шығыс және Алтай өлкесі 19-20 ғасыр басында.- Алматы, 2007.- 47 б.
Касымбаев Ж. Исторя города Семипалатинска (1718-1917 г.г.).- Алматы, 1998
Семей жәрмеңкесі// ҚСЭ т.10.- 1977.- 117 б.

Беттер: 1 2 3 4