Қаламгер майдангерлер

Анисимов Семен
(1911-1970)

Анисимов Семен Шығыс Қазақстан облысындағы Предгорное селосында 1911 жылы туған. Өскемен, Семей педагогикалық техникумдарында, Ленинград журналистика институтында оқыған.
1931-1933 ж.ж. Семей облыстық «Прииртышская правда» газеті редакциясының ауыл шаруашылығы бөлімінде мал шаруашылығы бөлімінде мал шаруашылығы секторын басқарады. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
1946-1970 жылдары облыстық «Прииртышская правда» газетінде әдеби қызметкер, сектор, бөлім меңгерушісі болды. Шығармалары 1930 жылдан жариялана бастады. Алғашқы өлеңдер жинағы «Ертіс бойында» деген атпен 1954 жылы жарық көрді. Шығармашылығын өлеңмен бастаған ол прозада да қалам тартты.
«Қайнар» (1956), «Замандас» (1962), «Сентябрь» (1972, 1980), «Жастық жалыны» т.б. поэзиялық кітаптарында Ертіс өңіріндегі жасампаз бейбіт еңбек, қазақ даласындағы ұлы өзгерістер, туған табиғат бейнесі, отандастарымыздың асыл-арманы, мақсат-мұраты жырланады.
Отызыншы жылдардан бастап оның әңгімелері баспасөз беттерінде жарияланды.
1968 жылы «Жазушы» баспасынан «Парамон Крутихиннің құпиясы» атты повесі мен әңгімелері жинағы жарыққа шықты. Бұл повесте екі шаруа адамының – қарт коммунист Матвей Щедров пен бұрынғы кулак Парамон Крутихиннің тағдырындағы қайғылы да қасіретті жайларды суреттейді. Адам бақыты, туған жерді сүю, жалпы адамзатты қадірлеу, өзінің де қадірменді болу туралы мәселелер «Мыс таңба» (1968), жастардың моральдық бейнесі, «Көкек» (1969) повестерінде көрініс тапқан. «Қызыл Жұлдыз» орденімен және бірнеше жауынгерлік медальдармен марапатталған.

Әдебиеттер тізімі:

Қазақстан жазушылары: Анықтамалық.- Алматы: Ана тілі, 2004.- 27 б.
Қазақ ССР Қысқаша энциклопедия 4 том.- Алматы,1989.- 121 б.

 

Әбдірахманов Төкен
(1917-1990)

Ақын Төкен Әбдірахманов бұрынғы Семей облысының Ақсуат ауданының Қызылтас деген жерінде 1917 жылы дүниеге келген. 1937 жылы Зайсанда педагогикалық училищені бітіріп, Алматыда КазПи-дің тіл-әдебиет факультетін бітірген соң Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінде бөлім меңгерушісінің орынбасары, «Пионер» журналының бас редакторы болды. 1951 жылдан КазПи-де аға оқытушы, доцент, көп жылдар педагогикалық қызметтерде болды. 1942-1944 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Алғашқы өлеңдер жинағы «Қарғаш» 1952 жылы шықты. Халық ауыз әдебиеті негізінде жазылған «Қожанасыр хикаялары», «Екі ертегі», «Қарша қыз» өлең кітаптары жарық көрді. Ақын сонымен қатар, 3-4 сыныптарға арналған «Ана тілі» оқулықтарының авторы. Ғ.Тоқайдың, С.В. Михалковтың, В.А.Осееваның, ағайынды Гримдердің т.б. шығармаларын қазақ тіліне аударды. «Құрмет» белгісі және т.б. медальдармен мараппатталды

Әдебиеттер тізімі:
Қазақ ССР Қысқаша энциклопедия 4-том, 1989.-136 6.
Құттықтаймыз: ( Ақынның туғанына 70 жасқа толуына орай) // Қазақ әдебиеті.-1987.-1 май.-10 б.
Советтік Қазақстан жазушылары: био-библиографиялық анықтамалық.- Алматы:
1987.-58 б.

 

Әбенов Шәкір
(1901-1994)

Шәкір Әбенов 1901 жылы 1 наурызда Абай ауданының Құндызды ауылында туған.
Әкесі Әбен қажы баласын 5-6 жасынан ауыл молдасына оқытып, Семейде Приходская мектебін тәмамдатқан. Кейіннен Уфа қаласына жіберіп, Ғалия медресесінде оқыған. 13-14 жасында Семейге оралып мешітте істейді, ез бетімен мүсылманша кітаптар оқиды. Осы жылы ол қазақтың белгілі ақыны С.Торайғыровпен танысып, оның өлеңдерін жатқа айтатын болған. Орыс ақындары А.Пушкин, М.Лермонтов жырларымен алғаш сусындауы да осы кез. Осы уақытта революция басталып, жас бозбала сол дүбірге ден қойып кетеді.
1921-1926 жылдары атқамінер белсенділер қатарына қосылып, Мақаншы жақта кеңсе қызметін атқарады. 1929-30 жылдары ауылдарды кеңестендіру кезінде өз пікірін білдіру кезінде қудалауға ұшырап, Алматыға кетеді. Мұнда С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин сияқты әдебиеттің майталман ақындармен бірге жырлаған ақын рухани азық алып еліне Мақаншыға оралады.
1937 жылы Алматыда “Әдебиет және искусство” журналында “Қозы Көрпеш Баян сұлу” дастанының Ш.Әбенов жырлаған нұсқасы жарық көреді. Сабырбай, Дулат, Жанақ, Түбек ақындардың мұраларын жаздырып, қолжазба қорына тапсырады. Жамбылдың әдеби хатшысы болып қызмет жасайды. Тағы да қуғынға ұшыраған соң, сұранып 1941 жылы соғысқа кетеді. Соғыста бір аяғынан жараланып, еліне қайтады, Отан соғысынын 1-дәрежелі орденімен марапатталады.
Ғасырға жуық жасап, заманның қилы-қилы қыр-сырына қаныққан сұңғыла ақын өз жырларына көбіне махаббат пен әділдік, ерлік пен ездік, адалдық пен арамдық, адамгершілікті өзек етуден еш айнымайды.
“Қозы Көрпеш -Баян сұлу”, “Таңшебер Жапал”, “Кейпін батыр”, “Ана махаббаты”, “Алданған қыз”,”Патша мен байғыз”, “Қорқыт қобызы” аңыз толғауларын, мысал-өлеңдерін жазады.
“Шәкір ақынның “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” дастаны жай жыр ғана емес, жеке адамдар қарым-қатынасы, тағдыры арқылы қазақ елін, яғни тұтас бір халықтың тұрмыс-тіршілігін, салт-санасы мен ғұрып-дәстүрін, жан-дүниесін, арманын қамтып суреттейтін, өлеңмен жазылған роман, шынайы эпикалық шығарма. Мұнда қазақ өлкесінің ұлан-ғайыр қиырлары, ең бастысы революцияға дейінгі көшпенді қазақ қауымының өзара қарым-қатынасы мен әлеуметтік жағдайы нақты адамдар аясында жан-жақты бейнеленген”,- деп жазады С.Байжан-ата ақын жырлары туралы.
Шәкір ақынның тағы бір ерекшелігі – домбыра, қобыз, гармон аспаптарын құбылта ойнаумен қатар, өлең мәтінін де өзі жазып, әнін де өзі шығарған сазгердің “Алтай аруы” Құндызды ауылының той-думанының көркі. Ақынның шығармашылығын зерттеуде бұған дейін Сапар Байжан ата XX ғасырдағы казақ поэзиясының еркін тұлғасы Шәкір Әбенұлының қос томдық шығармалар жинағын өз қолымен даярлап, ақын шығармашылығы туралы монография жазған еді. 2001 жылы “Жер кіндігі – Жидебай” атты кітабы Елорда баспасынан шықты. Онда ақынның өмірбаяны мен өлең-дастандары берілген.
Ш.Әбенов Республика Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталған. “Халықтар достығы” орденінің иегері. Түңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың ант беру рәсімінде бірінші бата берген ақсақал. Туған жерінде ақын мұражайы ашылды. Артына мол шығармашылық мұралар қалдырған, арқалы ақын, сазгер, көнеден қалған мұраны қастерлеп өткен Ш.Әбенов 1994 жылы қазан айында дүниеден етті.
Әдебиеттер тізімі:

Айтұлы Н. Ғасырдың кәзі тірі куәгері // Қазақ әдебиеті. 1992.-17 қаңтар.
Әбенов Шәкір [Қазанама] // Қазақ әдебиеті. – 1994. – 4 қараша. -146.
Байжан-ата С. “Өлсең де өнер емес, өмір өлер… ” немесе ақын жайлы сыр
// Абай. -1999. -№1. -52-55 бет.
Ғалымов Е. Шәкір ата ауылы – өнердің қайнар көзі // Ертіс өңірі. – 2004.-8
қаңтар
Кемелбаева А. Ш.Әбеновтің “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” дастаны // Абай. – 2001. – №4. – 31 б.
Шәкір шығармалары – жаңа кітапта // Ертіс өңірі.-2011.-12 қазан.-2 б.

Беттер: 1 2 3 4 5