Қаламгер майдангерлер

Әдібаев Хасен
(1924-2012)

Хасен Әдібаев 1924 жылы 6 тамыз күні бұрынғы Семей облысы, Шұбартау ауданы, Қосағаш ауылында туған. Алғаш ауыл мектебінен сауат ашарлық дәржеде хат таныған ол кейін ата-анасымен отызыншы жылдардың зобалаңына тап болады. Әуелі Қытай жеріне қоныс аударып, ол жақтан да қиындық көргеннен кейін, елге оралады. Алматы қаласына қоныс аударып, осындағы орта мектепте оқиды. Ұлы Отан соғысына қатысушы. Қысқа мерзімді әскери курсты бітіргеннен кейін Х. Әдібаев соғысқа лейтенант болып қатысып, орта дәрежедегі командирлік қызметті атқарады.
Өзінің ұрыстарда көрсеткен ерлігі мен қыбілетінің арқасында кейін батальон командирі дәрежесіне дейін көтерілген. Ұлы Отан соғысы кезінде батальонға басшылық жасаған қазақ командирлерінің санаулы ғана болғанын ескерсек, Х. Әдібаевтың бұл әскери қызметі салыстырмалы түрде жоғары лауазымдық деңгейде деуге болады. Соғыста көрсеткен ерліктері үшін майдангер жазушы «Қызыл жұлдыз» орденімен және бірнеше медальдармен наградталған. Соғыстан оралғаннан кейін Аягөз ауданында аудандық комсомол ұйымының жетекшісі, мектеп мұғалімінің қызметтерін атқарды. Кейін Алматы қаласына қоныс аударып, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында ұзақ уақыт бойы ұстаздықпен айналысады. Ол қарапайым оқытушылықтан профессор дәрежесіне дейін өсіп, кафедра меңгерушісі міндетін де атқарған.
1955 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің философия бөлімін, 1959 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының аспирантурасын бітіреді. Әдеби сын және әдебиеттану ғылымымен шұғылдана жүріп, осы бағытта бірнеше кітпатар шығарған. Атап айтқанда, олардың қатарында «Уақыт және суреткер» (1967), «Талант, талғам, тағдыр» (1971), «Көкжиек» (1978), «Абай патшалығы» (2009) және басқа да еңбектері бар.
Сыншы, ғалым тек әдебиеттану ғылымымен шектеліп қалмай, өз қаламының қуатын көркем прозада да сынап көрсетті. Оның нақты мысалы «Таңбалы адам» (1975), прозалық жинағы, «Отырар ойраны» романы (1986), «Әупілдек» (1987), «Өмірдария» (2006) ғұмырбаяндық романы арқылы көрінді. Бұл шығармаларға енген көркем шығармалардың қай-қайсысы да ойының орнықтылығымен, көркем прозаға қойылатын шарттардың сәтті орындалуымен оқырман назарын аударды. Әсіресе, Отырар қаласының моңғол шапқыншылығынан қалай күйрегенін көрсетуге арналған «Отырар ойраны» романы.
Майдангер-қаламгердің жарық көрген кітаптарының саны бірсыпыра. Оның ішінде онға таяу еңбегі орыс тілінде жарық көрген. Бірнеше орден, медальдармен наградталған.

Әдебиеттер тізімі:

Майдангер-қаламгерлер: Анықтамалық.- Алматы.-2010.- б.24-25

 

Жұмаханов Жекен
(1913-1978)

Жазушы Жекен Жұмаханов 1913 жылы 5 желтоқсанда Абай ауданы Жүрекадыр ауылында кедей шаруа семьясында дүниеге келген. Жастайынан өлең жырға үйір болып, аңыз-ертегілерді жақсы білген. 1925 жылдан бастап оқыған, Семей қаласындағы 19-шы орта мектепті, педагогика техникумын, 1935 жылы Алматыда жаңадан ашылған Қазақ коммунистік журналистер институтына түсіп, оны айрықша дипломмен бітірді.
1905 жылғы орыс революциясына қазақ жазушыларының қатысуы туралы естіген, жинаған материалдар негізінде «Ақ бидай» поэмасын жазды. Поэманың үзіндісі 1939 жылы «Әдебиет майданы» журналында жарияланды. Ж.Жұмаханов соғыс жылдарында, одан кейінгі уақыттарда да барлық шығармашылық қабілетін прозалық шығармалар жазуға жұмсады.
Бұдан кейін «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында ұзақ жылдар меншікті тілші, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарды. Осы қызметте жүрген уақытта Ұлы Отан соғысы басталып, Ж. Жұмаханов майданға аттанады. Ұлы Отан соғысы жылдарында әуелі Калинин, кейіннен 11-Прибалтика майдандарында «Жауға қарсы аттан» газетінің тілшісі, ротаның саяси жетекшісі болып қызмет атқарды.
Жекен Жұмаханов осы майдан шебінде жүріп, қазақтың атақты батыр қыздары, Кеңес Одағының Батырлары Әлия Модағұлова, Мәншүк Мәметоваға көзі тірісінде жолығып, сөйлесіп қалған санаулы қаламгерлердің бірі. Соғыстан кейінгі жылдары да Әлия, Мәншүк туралы повестер, әңгімелер жазып, жеке кітап етіп бастырды. Сондай-ақ, төрт жүзге жуық фашисті жер жастандырған, атақты мерген Ыбырайым Сүлейменовпен, көзсіз батырлығымен ел назарына іліккен қазақ жауынгері Бексұлтан Рахметовпен ұшырасып, әңгімелескен. Бұл батырлармен қаламгер тек әңгімелесіп қана қоймай, олардың жан жүниелеріне еніп, өмірбаяндарына да қанық болған. Қандай адамдар екендігін аңдап, соған орай оларды өзінің кейіпкерлеріне айналдыра білген.
Тек бұл адамдарды айтпаған күннің өзінде Ж. Жұмаханов басқа да елден келген жауынгерлермен сөйлесіп, олар жөнінде де очерктер, шағын шығармалар жазып, жалпы соғыстың бет алысы жөнінде майдан газеттері арқылы қалың жұртшылықты хабардар етіп отырған.
Армия қатарынан 1946 жылдың мартында босаған соң, қайтадан журналистика, әдеби өмірге араласты. Ж. Жұмаханов прозасының негізгі тақырыбы – өзі көрген, басынан кешкен Ұлы Отан соғысындағы қанды оқиғалар. Жекен жазушы ретінде «Солдат жолы» (1958), «Жазылмаған кітап» (1959), «Келін» (1960), «Қаракөз қарындасым» (1962), «Үш бәйтерек» (1965), «Соқпақ соңы» (1967), «Адам тау қопарады» (1967), «Мен – жұмысшымын» (1972) т.б. көптеген кітаптардың авторы. Бұларда жұмысшы, малшы, жастар өмірінен алынған ауыл тұрмысы шынайы суреттелген. Жазушы драматургиямен де шұғылданды. «Махаббат пен мансап», «Ленинге хат» т.б. пьесалар жазды. Осы елеулі еңбектер қазақ әдебиетінің қажырлы қаламгерлерінің бірі – Жекен Жұмахановтың тіршілігінде тындырған игілікті ісі, көзі тірісінде жасап кеткен ескерткіші іспетті. Жекен Жүмақанов Н.Гогольдің «Рим» деген әңгімесін, В.Орловтың «Митра Кокорь» деген повесін қазақшалады. Ж.Жұмахановтың жеке әңгімелері орыс, өзбек, қырғыз, украин, латыш, поляк тілдерінде жарық көрді.
Қаламгер сонымен бірге көркем очерктер жазумен, аударма саласымен де шұғылданған. Оның аударма еңбектерінің қатарында Н.Гогольдің «Рим» әңгімесі, В. Орловтың «Батыл ой», М. Торездің «Халық ұлы» деген кітаптары бар.

Әдебиеттер тізімі:

Жұмаханов Ж. Делегат: Әңгімелер / Құраст. Ә. Бөпебаев.- Алматы: «Жалын», 1983.- 72 б.
Жұмақанов Ж. Қарагөз қарындасым: Әңгімелер.- Алматы: «Жазушы», 1979.-304 6.
Жұмақанов Ж. Махаббат пен мансап: Повестер.- Алматы: Жазушы,1970.- 191 6.
ЖұмақановЖ. Мен жұмысшымын: Повестер.-Алматы: «Жазушы»,1972.- 125 6.
Жұмақанов Ж. Шұбартау таңы: Повестер мен әңгімелер.- Алматы, «Жазушы»,-1975.-150 6.
Нұршайықов Ә. Жекен Жұмаханов // Семей таңы.-2004.-9, 16 қаңтар.

Беттер: 1 2 3 4 5