Қаламгер майдангерлер

Нұршайықов Әзілхан
(1922-2011)

Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, А. Фадеев атындағы Ресей жазушылар сыйлығының лауреаты Әзілхан Нұршайықов 1922 жылы 15 желтоқсанда бұрынғы Семей облысы, Жарма ауданында Ақбұзау ауылында туған.
Әдебиетке талабы бар жас Семейдегі Абай атындағы қазақ педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, одан кейін сондағы Н.К. Крупская атындағы институтта оқиды.
Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін он тоғыз жасында 1941 жылы армия қатарына шақырылады. Алғашында 100–қазақ дербес атқыштар бригадасының құрамында зеңбірек командирі болған Ә. Нұршайықов Калинин, 2 Прибалтика, I және II Белорусь майдандарында неміс фашистерімен болған шайқастарға қатысты.
Бір рет жау танкісі Ә. Нұршайықов басқарған расчеттің бес зеңбірекшісін өлтіріп кетеді. Сол шайқаста зеңбірек көздеушісі Әділхан Құсайынов екеуі ғана тірі қалады. Екі көзінен бірдей айырылған соғыс ардагері Әділхан Құсайыновқа жазушы өзінің «Махаббат жыры» (1964) деген алғашқы повесін арнады.
Соғыстан кейін жазушы «Социалистік Қазақстан» газеті редакциясында қызмет істеді. Әр жылдары осы газетте істеген жалпы еңбек өтілі – он жеті жыл. Әуелі әдеби қызметкер болып бастаған ол жауапты хатшының орынбасары, бөлім меңгерушісі, облыстағы меншікті тілші, редактордың орынбасары, бөлім меңгерушісі, облыстағы меншікті тілші, редактордың орынбасары міндетін атқарды. Бұдан кейін Павлодар облыстық «Қызыл Ту» газетінің редакторы (1953-1956), республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы (1963-1965) қызметтерінде болған.
Жазушының алғашқы кітаптары – «Алыстағы ауданда» (1956), «Тың астығы» (1958), «Ертіс жағасында» (1959) және «Жомарт өлке» (1960) жинақтары. Ә. Нұршайықовтың есімін жазушы ретінде Қазақстан жұртшылығына ерекше танытқан шығармасы «Махаббат, қызық мол жылдар» (1970) романы болды. Жазушының екінші кесек шығармасы «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы 1976 жылдың аяғында жеке кітап болып шықты.
Ә. Нұршайықовтың бұдан басқа «Махаббат жыры» (1964), «Әсем» (1966), «Алтын соқпақ» (1967), «Батырдың өмірі» (1969), «Тоғыз толғау» (1977) атты повестері жарыққа шыққан.
Жазушының Б. Момышұлы туралы жазған «Аңыз адам» деген радио-пьесасы, М. Әуезов туралы орыс, қазақ тілдерінде айтқан естеліктері мен басқа да бірсыпыра сөйлеген сөздері қазақ радиосының алтын қорына қыбалданған. Орыс тіліне аударылғаннан кейін «Ақиқат пен аңыз» басқа халықтар оқырмандарының игілігіне айналды. Алдымен Украинаның «Днепро» баспасы украин тіліне аударып жариялады (1984). Одан кейін Чехословакияның «Наше войско» баспасы чех тілінде шығарды (1985). Жекелеген шығармалары қырғыз, өзбек, тәжік, молдован, татар тілдерінде басылған.

Әдебиеттер тізімі:

Әдебиетіміз Әз-ағадан айырылды (1922-2011) // Дидар.-2011.-14 ақпан.-7 б.
Әз-аға сексеннің сеңіріне шықты// Семей таңы.-2002.-27 желтоқсан.
Ермек С. Дәрісханаға халық жазушысының есімі берілді // Семей таңы.-2009.-14 қазан.-3 б.
Елеукенов Ш. Ерлікке жаралған ұрпақ жазушысы// Қазақ әдебиеті.-1992.- 4 желтоқсан.-4 б.
Зүкенов М. Тана – Тұрсын: (Жазушы кейіпкері туралы) // Семей таңы.-2003.-7 наурыз.-4 б.
Кәкішев Т. Шынайы өмір жыршысы// Қазақ әдебиеті.-1992.-4 желтоқсан.-5 б.
Майдангер қаламгерлер: Анықтамалық.- Алматы,2010.-101-103 б.
Молдашева Р. Махаббат жыршысы өмірден өтті // Семей таңы.-2011.16 ақпан.-11 б.
Төлеуов С. Ақбұзауын аңсаған Әз-аға: Семейдегі сапарын жазушы «Семей таңынан» бастады // Семей таңы.-2003.-19-25 қыркүйек.-1.5 б.
Ыдырысов Д. Әз-аға және оның өмір өрнектері// Дидар.-2001.-12 маусым.-4 б.

 

Оразалин Кәмен
(1920-2008)

Шәкәрім ақынның қолынан дәм татқан, Мұхтардай ғұлама жазушымен үзеңгілес, сыйлас, Абай рухының асыл шырақшысы бола білген жазушы Кәмен Оразалин 1920 жылдың 16 маусымында Семей облысы, Абай ауданы, Құндызды ауылының Қылышбек жайлауында туған. 1939 жылы орта мектепті аяқтап, әскер қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Жасы 20-ға жеткен өрімдей жас жігіт өлім мен өмір арпалысқан қан майданның қақ ортасында жүрді. Сол кездің өзінде-ақ Абай, Шәкәрім, Көкбай, Шәкірлер сияқты өлең жазып, Мұхтардай зерделі сөздің зергері болсам деп армандайтын жас жігіт қалам мен қаруды қатар ұстап жүрді. Соғыстан аман оралған жазушы өзінің болашақ шығармаларына қыруар материалды туған жер төсінен жинады.
1947 жылы мұғалімдер институтын бітірген соң, туған ауылындағы орта мектепте мұғалім болып қызмет атқарды. Бала оқытумен қатар жазушылықты та қатар алып жүрді. Абай ауылының құрметті азаматы.
Ұлы Отан соғысынан қан кешіп оралған Кәмен Оразалин 1950 жылы алғаш рет «Жексен» повесімен әдебиеттегі жолын бастады. 1959 жылы тың тақырыбына арналған «Ақ жазық», коллективтендіруді суреттеген «Көктем салқыны», «Кең байтақ» романдары, «Абай ауылына саяхат» атты жол сапар, тарихи мағлұматтарға бай кітаптары жарық көрді.
Абай – Мұхтар әлемінде Кәмен Оразалиннің дербес орны болуы заңды, ұлы дәстүрге адалдық, ал дәстүрді жалғастыру парыз. 1972 жылы жазушы Мұхтар Әуезов туралы төрт томдық роман жазды. Бұл романды жазуға 20 жыл ізденіп, 35 жыл табан аудармай жазды. «Абайдан соң» – жазушының ең кесек, ең негізгі туындысы, мұнда қазақ дүниетанымының негізгі қағидаларынан, сахаралық қалыбынан айрылмаған мұрат бар. Өзінің жарты ғасыр ғұмырын Абай атындағы орта мектепте жас жеткіншектерді білім нәрімен сысындатып, зейнеткерлікке шықса да жазумен шұғылданды.
Майдангер жазушы, қазақ әдебиетінің қадірменді ақсақалы Кәмен Оразалин 2008 жылы наурыз айында дүниеден өтті. «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі», Октябрь революциясы, ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерінің, «Парасат» орденінің және көптеген медальдардың иегері.

Әдебиеттер тізімі:

Әдебиетшілердің ақылшы ағасы еді: [Жазушы туралы қазанама] // Семей таңы.-2008.-27 наурыз.-9 б.
Бәшей К. Шығыстың шымыр ақсақалы // Арна.-2000.-4 тамыз.-19 б.
Біржанқызы М. Ұмытылмас бейне // Арна.-2000.-4 тамыз.-19 б.
Қабдолов З. Аға туралы сөз // Семей таңы.-1980.-11 июль.
Қабдолов З. Ар бол, бар бол, аға! // Арна.-2000.-4 тамыз
Кемелбаева А. Қалам құдіретімен… //Арна.-2000.-4 тамыз.-18 б.
Кемелбаева А. Қараорда Қарауылдың абызы еді // Егемен Қазақстан.-2009.-18 наурыз.-5 б.
Көркембаев Р. Сергек ойлы қаламгер // Арна.-2000.-4 тамыз.-18 б.
Нұршайықов Ә. Қош, ең соңғы дос ағам // Семей таңы.-2008.-27 наурыз.-9 б.
Сапаев Ғ. Ұлылардың шапағаты // Арна.-2000.-4 тамыз.-18 б.

Беттер: 1 2 3 4 5