Қаламгер майдангерлер

Шәріпов Әди
(1912-1993)

Әди Шәріпов Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Мариновка селосында 1912 жылы 19 желтоқсанда дүниеге келген. Майдангер жазушы Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап Кеңес Армиясының қатарында Беларусь жеріндегі, Смоленск, Орлов облыстарындағы партизан отрядтарының құрамында болды. 1943 жылдың желтоқсанынан 1944 жылдың мамырына дейін партизан қозғалысының Смоленск штабында жұмыс істеді.
Жалпы ол кісі көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған адам. Ақын Т.Молда­ғалиев «Дара тұлға» деген өлеңінде: «Мы­нау елде, ағатай, өзің жайлы аңыз көп», деп тегін айтпаса керек.
1941 жылы соғыс басталған бетте, қоршауды бұзып шығып, Белоруссияның Мухин орманында партизан отрядын құрған «Саша-қазақты (Ә.Шәріповті) ұстап бергенге елу мың неміс маркасын және помещиктің жерімен қоса үй-жайын сыйға береміз» деп фашистер ұшақтан листов­каны жайдан-жай таратпаса керек. Иә болмаса, 1928 жылы Өскемен қаласы­нан жеті тиынға сатып алған А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы» оқулығын жанын шү­берекке түйе жүріп, сақ­тап, сондай кітаптарды туған жері Мариновка деревнясының Был­қыл­дақ өзенінің жағасын­дағы ағаштың түбіне көміп, соғысқа аттанарда күдік келтірмейтін жақын ағайын­дарының біріне қалдырып, елу жыл сақтауы, кейіннен А. Байтұрсыновтрады ақтаған комис­сияның мүшесі ретінде әлгі оқулықтың толық нұсқасын ең бірінші болып баспаға ұсынуының өзі жатқан ерлік емес пе?!
Майдангер-жазушы «Партизан қызы», «Ормандағы от», «Тон», «Қапастағы жұлдыз» атты шығармалардың авторы. Жазушының «Сахара қызы», «Дос сыры», «Қапастағы жұлдыз» т.б. шығармалары бүгінгі күні Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы кітапханасының кітап сөрелерінде әлі күнге сақтаулы, мерекелік іс-шараларда, кітап көрмелерінде оқырман назарына ұсынылып келеді.
Жазушының кез-келген шығармасын алып қарасақ та Ұлы Отан соғысы кезіндегі Кеңес жауынгерінің ерлігін баяндайтын, Отан үшін жанқиярлық батырлықтарын дәріптейтін шығармалар екеніне көзіміз жетеді. Партизан-жазушы өз шығармаларында сол бір аласапыран уақыттағы партизан достары, қарапайым да қаһарман замандастары өмірін өз шығармаларына бейнелеген. Әди Шәріповты сол кездері өзінің майдандас достары Саша-қазақ атағаны белгілі. Қатты жараланғанда оған қандай достық көмек, кіршіксіз ақ пейіл білдірген Роман шал және сол шалдың қызы Дусяның түн ұйқысын төрт бөліп, жаралы партизанға тездетіп тон тігіп бергені жөніндегі өмір материалдарының негізінде «Тон» деген повесть жазады.
Ә. Шәріптовтің «Партизан қызы» мен «Ормандағы оты» ортақ идея, ортақ кейіпкерлер тағдыры арқылы ажырамас тұтастық тапқан, бірінің бірі жалғасы боп келетін шығармалар, яғни повесть-диология. Мұны автордың өзі растағандай болып, 1969 жылы орыс тілінде шыққан «Бір тонның тарихы» деген жинағында, біз әңгіме етіп отырған шығармаларына «Ормандағы от» деп жалпы ат беріп, оның бірінші бөлімін «Партизан қызы», екінші бөлімін (бұрынғы «Ормандағы отты») «Жаза» деп атапты.
Жазушының «Қапастағы жұлдыздар» (1971) повесінің бас қаһарманы Лидия Герасимова да ешқашан ұмытылмады. Өйткені, оның Отан үшін қанқұйлы жаудан кек қайтару үшін гестапо тыңшылары мен барлаушылары тыным таппай кезіп жүрген қаладан аянбай әрекет еткені, ерен ерліктің үлгісін көрсеткені, ақыры қаһарманша қаза тапқаны шебер суреттелген. Әдидің сценарийі бойынша «Орман хикаясы» деген көркем суретті фильм де түсірілген. Ол 1972 жылы Азия-Африка елдерінің кинофестивальінде жүлделі орынға ие болды.
1944 жылы жараланып, елге оралғаннан кейін әуелі Қазақ КСР Оқу министрінің орынбасары, одан 1963 жылға дейін Оқу министрі, 1963-1966 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынба­сарынан Сыртқы істер министрі, 1966-1971 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, 1971-1979 жылдары Әдебиет және өнер институтының директоры сияқ­ты жауапты қызметтер атқара жүріп, «Жұ­мағали Саинның өмірі мен творчествосы», «Қазіргі дәуір және қазақ әдебиеті дамуы­ның проблемалары», «Қазақ әдебиетіндегі дәстүр мен жаңашылдық», «Сырбай Мәу­ленов творчествосы» атты монографиялық зерттеу еңбектер жазып, шетелге шыққан сапарларын бейнелейтін «Алыс жағалау­лар» атты очерктер жинағын шығарады. Әди аға қашан көзі жұмылғанша осы Әдебиет және өнер институтынан қол үзбей өтті.
Жан-жақты талант иесі Әди Шәріпов Ленин орденімен, екі мәрте Еңбек Қызыл ту орденімен, Қызыл Жұлдыз және «Құрмет Белгісі» ордендерімен, сондай-ақ Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Жазушы Әди Шәріпов өмірбаяны туралы «Жақсылыққа жаралған жү­рек» атты кітаптың баспадан шығуы біз үшін қуанарлық жағдай. Жерлес жазушымыздың үлгілі өмірі мен ерлігін біз мақтанышпен айтып, кейінгі жас ұрпаққа есімін танытуда еш аянбаймыз.

Әдебиеттер тізімі:

Арынұлы Р. Әлдидің әлемі: (Ұлы Отан соғысының ардагері, жазушы Ә.Шәріпов) // Ертіс өңірі.-2011.-22 маусым.-11 б.
Әдібаев X. Азамат жолы // Лениншіл жас.-1982.-31 желтоқсан.
Майтанов Б. Кемелдік асуы// Жалын.-1982.-№ 12.-194-196 б.
Нығметов А. Өмірінің өзегі ерлік пен достық //Қазақстан мұғалімі.-1982.-24 желтоқсан.
Чушекова Ж. «Саша-қазақ»: Әди Шәріповке 100 жыл// Семей таңы.- 2012.- 8 мамыр.- б.4

Беттер: 1 2 3 4 5