Ағайынды Белослюдовтар
Семей өңірі, Алтай өңірінің тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпын, географиялық ерекшеліктерін, қазба байлығын зерттеп, өлкетану мұражайын ашқан ағайынды Белослюдовтар еді.

Белослюдов Николай Николаевич – суретші.
Николай Белослюдов 1880 жылдың 1 желтоқсанында Семей қаласында туған. 1943 жылы қайтыс болған. Әкесі Семей облыстық басқармада төменгі чиновник қызметінде болып, ертеркте қайтыс болған. Әкесі өлгенде Николай 8 жаста еді. 1895 жылы 5 кластық училищені, одан Омбы техникалық училищесіне түсіп, оны 1889 жылы бітіреді.1906 жылы жылдан Сібір темір жолында Томск қаласында чертежниктік қызметте болады. Осы жылдары Сібір темір жол қызметкерлерінің Одағына мүше болып, жасырын саяси жұмыстармен айналысады. 1909 жылдан 1916 жылға дейін жер бөлімі мекемесінің басқармасында топограф болып қызмет істейді. Томск қаласында тұрады. Бұл қызметі бүкіл Сібірді аралап, оны зерттеуге үлкен мүмкіндік туғызады. Атақты ғалым Г.Н. Потанинмен өте жақын таныстықта болады. Өзінің туыстары суретші Виктор Николаевич, Алексей Николаевичпен өте бірлікте болып, археологиялық, этнографиялық коллекцияларды молынан жинады. Сөйтіп өз музейлерін ашуға бар күшін салды. Бұл музейдің Сібір қалаларындағы ең таңдаулы музей болғанын революцияға дейінгі, Кеңес өкіметі жылдарындағы баспаларда талай рет мақталып-мадақталып отырды. 1916 жылдан бастап Николай Николаевич Томск қаласынан Семейге көшіп келіп, мұғалімдер семинариясы мен қала мектептеріне сурет салу және сызу пәндерінен сабақ береді, өз өмірінің соңына дейін осы қызметінде болды. Тәрбиешілерді еңбекке, көркем өнерді сүюге деген ынта-жігерін дамытып отырды. Николай Николаевич Семейде Георгафиялық қоғамның мүшесі бола отырып, оның жұмысына белсене араласады. Археологиялық қазбаларға қатысып, археологиялық, этнографиялық матераиалдар жинады, қазақ фольклорын жиып жазды. Қазақтың ою-өрнектерін жинады, бұл қазыналардың жартысы Қазақстанның орталық музейлерінде. Көпшілік алдында баяндамалар мен лекциялар оқып, өнер және әдебиет мәселелерін ұғуға, сүюге шақырып отырды. Әсіресе, 1914 жылы қазақ мұғалімдерінің қысқа курстарын ұйымдастырып, лекциялар оқыды. Осы жылдары Абай туралы жазған конспектілері мен оқыған лекциялары өзектілігін бүгінгі күнге дейін жойған жоқ. Абай шығармаларын орысшаға аудару туралы ойлары 1911 жылдардан бастап оянған еді. Жалғыз өзі ғана емес, бұл іске барлық Белослюдовтарды тартты. Николай Белослюдовтың мәдени-ағарту ісі оның атқарған қоғамдық жұмыстарымен де, көрнекті болып жоғарылай береді. 1919 жылы 10 қаңтарда Томскіде өткен Сібірді зерттеу институтын ұйымдастыру съезіне қатысады. 1920 жылы 16 ақпанда Н.Н. Белослюдовты қызыл Армия қырғыз жұмысшы депутаттарының қалалық Советінің мүшесі етіп сайлайды. 1921 жылы 7 наурызда архив істерін ретке келтіру комиссиясына сайланады. 1922 жылы 15 маусымда қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинау ісіне Қарқаралыға іс-сапарға жіберіледі. 1924 жылы 21 қазанда өлкетану жөніндегі губерниялық конференцияның жұмысына қатысады. 1925 жылдары 1905-1908 жылдардағы Семейдегі революциялық қозғалыстың материалдарын жинау жөніндегі кеңеске қатысады. 1924-25 жылдардағы Семейдегі Географиялық қоғамның есебінде: 26 қазанда Н.Н.Белослюдов Барнаул, Николаевск, Томск қалаларына ғылыми саяхат туралы есеп берді. 12 желтоқсанда тарихи-археологиялық секцияда Н.Н. Белослюдов Николай Алексеевич Абрамов және оның Сібірдегі мәдени-ғылыми жұмыстары туралы лекция жасады. 1924-1925 ж. Географиялық қоғамның толық мүшелері ішінде: М.Әуезов, Ә.Ермеков, А.Белослюдов, Н.Белослюдов, Ж.Шаниндер бар еді. 1950 жылдары М.Әуезов те Н.Н. Белослюдов жайлы пікір білдіріп, оның жұбайы Ольга Дмитриевнаға дербес пенсия тағайындауға қамқоршы болады.

Н.Н.Белослюдов жергілікті өлке тарихының білгірі және соған белсене араласушы болды. Ол қазақ халқының өмірін тамаша білді. Және сүйе білді. Қазақ орнаменттерінің үлгілерін жинастырды. Қазақ әдебиеті туралы баяндамалар жасады. 1911 жылы Абайды орыс тіліне аударуға талаптанды. Ол туралы туысы Алексей Николаевичпен жазысқан хаттары сақталған.