Қала саудагерлері

1908 жылы Латип Мусин Қалжыр өзенінде су электр станциясының құрылысын бастайды. Осымен бір мезгілде Зайсан уезінде қант зауытының құрылысын жүргізуді де қолға алады. Оған қажетті құрылыс материалдарын, цементті, металды Қара Ертіс арқылы өз есебінен жеткізеді.

1914 жылы Латип өз су кемелерін жаңарта бастайды. Кемелердің қайраңдап қалмауы үшін көптеген шақырымдарға жаңа бакендер қояды. Мусиндер қай іске болсын тиянақты қараған. Мәселен, диірменде ұнның сапалы болып тартылуымен, оның тоқтаусыз жұмыс істеуі үшін бидай мен қара бидайдың құрғақшылыққа төзімді сорттарын таңдаған. 1903 жылы Мәскеу көпесі Г.Елисеевтен қара бидай сатып алады. Ол Семей жерінде жақсы өнім берген, құрғақшылық жылдардың өзінде 10 центнерден, ал ылғалды жылдары одан 30 центнерге дейін өнім алған. Мусиндерді кез келген пайдалы істер қатты қызықтырған.

Семейдегі бір мұнаралы мешіттің салынуына да Мусиндер қаржы қосқан. Ол ХІХ ғасырдың сәулет өнеріне жатады. Академик Павлов атындағы көшедегі көп үйлерді Л.Мусин салдырған, мұнда кезінде дүкендер, керуен сарайлары да болған.
Міне, Семей қаласының өркендеуі мен өсуіне сол заманда қызмет еткен татар көпес-саудагерлердің еңбектері осындай ұшан-теңіз болды.

Қазіргі уақытта да татарлар Семей өңірінің экономикасы мен мәдениетінің өркендеуіне ерекше атсалысып жүр. Мәселен, қаладағы татар қоғамының жетекшісі, 2002 жылғы Қазан қаласындағы Халықаралық конкурстың жүлдегері, «Ертіс мұнары» ансамблінің жетекшісі Ғ.Ахунжанов шәкірттерімен Қазан қаласында концерт қойып, Семей қаласының атын шығаруда. Танымал Камила Исмаилова биден, Хасановтар спорттан Семей атағын шығарып жүр.
Бұл күнде Семей қаласында 12 мыңдай татар бар екен. Семей мектептерінің арасында бір татар және екі аралас мектеп жұмыс істейді. Татар ұлтының тілін, салт-дәстүрін сақтауға қолайлы жағдай жасалынған.
Семей өңірінің экономикасының өркендеуіне Р.Хазипов, З.Хайрулин, Я.Булатов сияқты меценаттар өзіндік үлестерін қосып жүр. Я.Булатов 2004 жылы Семей еңірінің ең үздік фермері деген атақты жеңіп алды.
Қорыта айтқанда, Семей татарларының экономика мен мәдениет, спорт салаларына қосып жатқан үлестері айтарлықтай қомақты. Олардың асыл қасиеттері жергілікті қазақтардың бауырмалдығымен ұштасып, өңірдің ұлттық достығы мен бірлігіне тірек болып тұр. Алдағы уақытта да бұл ізгі қасиет нығая түседі деуге негіз бар.

Орта Азия және орыс саудагерлері

Қазақ жеріндегі сауда-экономикалық қатынастардың басталуы қазақ халқының дүниетанымдық көзқарасы, шаруашылығы мен әлеуметтік жағдайларының өзгерістерге ұшырауына, соның ішінде әсіресе қазақ-ресей сауда қатынастарының басталуы мен дамуына әсер етті.

Жалпы алғанда, қазақ халқының Ресеймен арадағы байланысының алғашқы бағыттарының бірі – сауда қарым-қатынасы болды. Оның жолға қойылып, екі халық арасындағы тығыз араластың басталуы негізінен қазақ жерінің орыс мемлекеті құрамына бастау кезінен-ақ іске асырылды. Осы аталған уақыттан бастап қазақ даласының Шығыс мен Алтай өлкесі осындай екі жақты қарым-қатынасқа тартылып, уақыт өткен сайын ол кең қарқынмен дами түсті. Алдымен патша үкіметі ойраттармен сауда жасауды мақсат етті. 1729 жылы Сібір губерниялық канцелериясы сыртқы істер коллегиясының жазбаларында Ямышево және Семей қамалдары арқылы Жоңғариямен сауда жасаудың тиімділігін атап көрсетілді. Осы кезден бастап жергілікті қазақтармен сауда қатынастары арта түсті.

Беттер: 1 2 3 4 5 6