Қала саудагерлері

Тыныбай өзі өмір сүрген сол кездің өзінде-ақ орыс патшасының жоғары лауазымды шенеуліктері А.Трофимов, барон Врангель және орыс жазушысы Достоевский, ғалым Ш.Уәлиханов, өлкетанушы ғалым И.Земляницынның назарына ілініп, олардың ресми ақпараттарында, ғылыми-зерттеу мақалаларында жазылып қалған адам. Мысалы, Тыныбай туралы алғашқы деректі патша өкіметінің ерекше тапсырмасын орындаушы шенеулігі А.Трофимовтың 1839 жылғы 22 тамызында Батыс Сібір губернаторына жолдаған «Доклад о состоянии киргиз кочующих, выше города Семипалатинска» деген құпия ресми ақпаратынан кездестіруге болады. Онда қазақ арасында саудамен айналысатындардың әлі де аз екені, бірақ Семейдің бір қазағы Тыныбай Кәукеновтің қырда сауда жасап, өзіне жеткілікті капитал жинғаны айтылады және 1839 жылдан бастап 3-ші гильдиялы көпестіктің есебінде тұратыны сөз болады.

Қазақтың тұңғыш ғалымы Ш.Уәлихановтың 1855 жылы Семей арқылы Қашқарияға барған сапары кезіндегі күнделік дәптерінен Тыныбай есімін кездестіруге болады. Ол күнделігінде: «28-июль – Тыныбайдың керуені келді. Қойларын айдап әкелді» деген жазулар қалдырған.

Тыныбай ұсақ-түйекпен айналысқан қарапайым сауда-саттық иесі ғана емес, қазақтың Семей шаһарындағы бетке ұстар азулы, дәулетті бай көпесінің бірі. Ол кез келген орыс, татар байларымен үзеңгі қағыстырып, тең дәрежеде сөйлесе алатын үлкен бедел иесі әрі қала мен қырға ықпалын бірдей жүргізіп тұрған әккі саясатшы да. Тыныбай көпес Ресейдің ішкі қалалары мен Қытайға мыңдап қой, түйе, жылқы айдатып, сауда керуендерін ұстаған, ақшаны судай сапырған саудагер.

Тінібай туралы жазушы М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясында оның аға сұлтан Құнанбаймен құда болуына байланысты эпизодта айқын аңғарылады. Онда: «…Семейдің үлкен саудагері Тінібай бай Қарқаралыға келді. Көп жәшікке тең-тең қып бұл тиеп келген. Қарқаралы халқының барлық соғым терісін бір өзі баурап, жиып алғызбаққа келіпті»- дейді.
Міне, Семей қазақ байларының қай-қайсысын алсақ та бәрінің ойлағаны бір қазақтың қамы болғаны анық, олардың тұлғалары тарихта қалды.

Әдебиеттер тізімі:

Апсалямов Н. Семей және сауда-экономикалық кеңістік // Семей таңы.-1998.-8 қазан.-4 б.
Ахметұлы Т. Көпес Мусиндер көне Семей байларының алды болған // Семей таңы.-2001.-8 маусым.-9 б.
Зұлхаров Ғ. Тануға тұрарлық тұлға: (Қ.Үкібаев туралы) // Семей таңы.-2003.-14 ақпан.
Игембаев Б. Көне қалада түйе болған ба? // Ертіс өңірі.-2006.-27 қыркүйек.-14 б.
Кашляк В. Сауда байланыстары // Семей таңы.-1989.-31 август
Кенемолдин М. Тінібай қажы // Абай.-2004.-№3.-74-78 б.
Сәдуақасов Ә. Қос мұнаралы мешіт // Семей таңы.-1998.-30 шілде.-12 б.
Касымбаев Ж. История г.Семипалатинска (1718-1917 гг.). -Алматы, 1998.-276 с.

Беттер: 1 2 3 4 5 6