1941-1945 жылдар

h12    Ұлы Отан соғысының шежіресіне, Отан қорғау жолында семейліктер де аса зор үлес қосты. Олар жаумен ерлікпен шайқасып жатқан Қызыл Армияның алғы шебінде болды. Соғыстың алғашқы күндерінен-ақ мыңдаған семейліктер армия қатарына шақырылып, майданның алғы шебіне жіберілді. Соғыс басталысымен қан майданға 6950 коммунист, 16 мың комсомол мүшелері аттанды.

1941 жылдың 26 қыркүйегінде Батыс майданға 238-атқыштар дивизиясы жіберілді. Қызыл Армияның бас штабының 16 қазандағы жырлығы бойынша дивизия 49-Армияның құрамына енді. Жауынгерлік тапсырмаларын ойдағыдай орындағаны, батылдық пен ерлік көрсеткені үшін 238 –дивизия КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1942 жылдың 3- мамырындағы жарлығымен Жауынгерлік Қызыл Ту орденімен наградталды.

1941 жылдың күзінде Семейде 8 – атқыштар дивизиясы жасақталып, олардың бөлімшелері жауынгерлік әзірліктен өтті. Семей өңірі азаматтарының басым көпшілігі соғыстың алғашқы күндерінен қолдарына қару алып, неміс-фашист басқыншыларымен соғысқа аттанды. Ұлы Отан соғысы жылдары семейліктер майданда жауынгерлік ерлікпен қатар, Жеңіс күнін жақындатуда тылдағылар да жан аямай еңбек етті. Тылдағылар өз шаруашылығын төтенше жағдайға лайықтап дереу қайта құруға кірісіп, белсенді еңбектерімен майдан қажетіне сүбелі үлес қосып, фашизмнің дүлей күшін жеңіп шығуға жаппай ат салысты. Семей өңірінің барша халқымен еңбек ұжымдары «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңісүшін» – деген ұранмен өмір сүріп, еңбек етті. Сол өмір тынысы еңбектеген жастан, еңкейген кәріге ортақ болды. Армияға маман жұмысшылардың кеткеніне қарамастан өнім өндіру толастамай, әрбір ай сайын артып отырды. 1941 жылдың тамыз айында Семей қаласының өнеркәсіп орындары өнім шығарудың алпыстан астам түрін игерді.

1941 жылдың күзінен бастап Семей өңіріне батыс аймақтардан өндіріс орындары мен ұйымдары, жүздеген жанұялар қоныс аударды. Тек Семей қаласында 9 өнеркәсіп орны, 9 оқу орны, 15 балалар үйі, жекелеген жанұялар орналастырылды. Семей облысындағы жетім балалар үйіндегі жеткіншектер саны 700- ден 4000–ға жетті.

Беттер: 1 2