Семейде құрылған дивизиялар

h13   1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының шежіресіне семейлік жауынгерлер аса зор үлес қосты. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ неміс-фашист басқыншыларына қарсы бүкілхалықтық күрес ұйымдастырылды. Семейден аттанған ер-азаматтарымыз Ленинградты қорғауға, Волга бойындағы, Курск даласындағы шайқастарға, партизан қозғалысына, Украина, Белоруссия, Балтық бойын, Молдавияны, сондай-ақ еуропалық мемлекеттерді азат етуге, Берлинді алуға, Жапон милитаристерін талқандауға белсене қатысты.

Семейліктер Москва түбіндегі барлық бағыттарда жанқиярлықпен шайқасты. Волоколамск түбінде болған шайқастарда Қазақстанда жасақталған 316-атқыштар дивизиясы өшпес даңққа бөленді. Семей қаласы қазақстандық әскери бөлімінің қалыптасуына маңызды рөл атқарды.
1941-1945 жылдары ел басына күн туған ауыр шақта Семей облысы аумағында қысқа мерзімде әскери бөлімдер мен құрамалар жасақтала бастады. Семейде екі атқыштар дивизиясы: 238-гвардиялық және 8-атқыштар дивизиясы жасақталды. Олар даңқты жорық жолдарын бастан өткерді. Соғыстың басынан аяғына дейін гвардияшылар Отанымыздың азаттығы, тәуелсіздігі мен абыройы үшін өз аттарын өшпестей етіп қалдырды.
Көрсеткен жауынгерлік қызметтері үшін дивизияның 13 мыңнан астам жауынгері үкімет марапаттарын алды, елуден астам жерлестеріміз Кеңес Одағының Батыры атанды. Көптеген семейліктер жау тылында партизандық ұйымдардың ішінде күресті.

8–ші атқыштар дивизиясы

1941 жылдың желтоқсанында Семейде әскери құрама 8-ші атқыштар дивизиясы жасақталады. Дивизия жауынгерлері екі мың алты жүз шақырымға жуық майдан жолынан өтті. Ауыр күндерді бастан кеше отырып, керемет ерліктер көрсетті.
1942 жылы сәуірде Семейден аттанған 8-ші атқыштар дивизиясы жолда 24 күн жүріп отырып, алғы шептен 100-110 километрдей Москва түбіндегі Тула қаласының Сталиногорск (қазіргі Новомосковск) қаласының станциясына келіп тоқтады. Орел облысының Ливны қаласы түбіндегі фашист басқыншыларымен 1942 жылдың шілде айында айқасқа түсіп, фашистерге соққы берді. Мәскеу түбінде соққы жеп, кейін шегінген жау өз жағдайын жақсарту ниетімен осы ауданда қарсы шабуыл жасады. Дивизия олардың алға басуын тоқтатып, қорғануға мәжбүр етті.
1943 жылдың қаңтарында семейлік жауынгерлер ірі темір жол торабы Касторное ауданында жау әскерлерін қоршап алып, құртып жіберді. Осы станцияда фашистер жүздеген вагонға тиеп, Германияға жөнелтуге дайындап қойған азық-түлік, дүние-мүлікті қолға түсірді. Касторное станциясында 2000 неміс солдаты, офицері, 40 қару-жарақ, 1000 автомашина, 500 ат, 15 танк, 800 вагон соғыс мүліктері және 6700 автомашина қолға түсірілді.
8–ші атқыштар дивизиясы 13 армияның сол қанатында өзінің шабуылын әрі жалғастырып, едәуір табысқа жетті. Дивизия мұнан кейін Малоархангельск станциясы, Курск иінінде қан төгіс ұрыстар жүргізді. Сол жылдың шілдесінде Курск иініндегі қантөгіс шайқастарда нағыз қаһармандарша айқасты. Бұдан кейін 8-ші дивизияның бөлімдері Десна, Днепр, Припять өзендерін кесіп өту үшін және Карпат тауларында болған ұрыстарда жеңіске жетіп, Украинаның ондаған қалалары мен жүздеген селоларын жаудан тазартты. Соғыстың соңғы кезінде туысқан чехославак халқын гитлершілерден азат ету ұрыстарына қатынасты. Жеңіс күнін Чехословакия астанасы Прагада қарсы алды.
Дивизия Кеңес Одағының 50 батырын тәрбиелеп шығарды, мыңдаған офицерлері, сержанттары мен солдаттары үкімет наградаларына ие болды. 8-ші атқыштар дивизиясының Батырларының бірі 151-полктағы Н.Силин. Кеңес Одағының батыры Г.Будник 1942 жылы майданға аттанып, 8-атқыштар дивизиясының құрамында шайқасты. 1944 жылы Каменец-Подольск облысының Ямполь қаласын азат еткені үшін дивизияға «Ямпольдық құрама» деген құрметті атақ берілді. Майданда командованиенің жауынгерлік тапсырмаларын үлгілі орындағаны үшін дивизия Қызыл Ту және Суворов ордендерімен марапатталды.

238-ші атқыштар дивизиясы

1941 жылдың 26 қыркүйегінде Семейде жасақталып, Батыс майданға аттанған 238–ші атқыштар дивизиясының жеке құрамы Москва түбіндегі шайқастарда өзінің жауынгерлік туын өшпес даңққа бөледі. Қызыл Армияның Бас штабының 16 қазандағы жарлығы бойынша дивизия 49-армияның құрамына енді. Жауынгерлік тапсырманы орындауда 238-атқыштар дивизиясының жауынгерлері ерліктің небір тамаша үлгілерін көрсетті.
17 қазанда Тула облысындағы Алексино қаласының түбінде алғаш рет жаумен айқасқан дивизия жауынгерлері, Москваға ұмтылған неміс-фашист әскерлеріне 35 тәулік бойы кесе көлденең тұрды. Сол жылы желтоқсанның басында жау бекіністерін талқандап, гитлершілердің адам күші мен әскери техникасын зор шығынға ұшыратып, батысқа қуды. Осы қалада монумент орнатылып, дивизияның жорық жолдары туралы алтын әріппен жазылған. Белгісіз солдаттың қабірі де осында. Алексино қаласында 238-атқыштар дивизиясының Отан үшін қаза болған жауынгерлерінің құрметіне Мәңгілік даңқ қорғаны тұрғызылған.
Москва түбіндегі ерен ерлігі үшін Дивизия Қызыл Ту орденімен наградталды, оған «80-ші гвардиялық дивизия» деген құрметті атақ берілді. Бұдан кейінгі жылдары дивизияның бөлімдері Тула, Смоленск, Псков облыстарының, Литва ССР-нің территорияларын жаудан тазартты. 1944 жылы Латвияда ұрыс қимылдарына қатысып, Риганы азат етуге қатысты. Осы ұрыстардан кейін дивизияға «Рига дивизиясы» деген құрметті атақ берілді. Осы құраманың қатарында гитлершілермен ерлікпен шайқасқан политрук Ковтун, комиссар Груданов, капитан Скрыпников, қатардағы жауынгерлер Лукин, Шаповалов, Саратов, П.Корнев, К.Коротков, Зуенко өздерінің нағыз ер екендігін көрсете білді.
Атақты 238-дивизияның қатарында болған Ұлы Отан соғысының ардагері Нұртаза Машпиев: «Бұл отты жылдарда мен ротаның саяси жетекшісі болдым, коммунистер мен комсомолдар ерліктің небір ғажайып үлгілерін көрсетті»-деп, еске алады. Батыр жерлестерінің ерлігін бүгінгі және келер ұрпақ мақтан етеді, есімдерін мәңгі сақтайды.

Әдебиеттер тізімі:

Ақбергенов К. Семейлік 8-ші дивизияда // Семей таңы.- 1983.- 4 ақпан.
Біздің жерлестеріміз Ұлы Отан соғысы майдандарында // Бралинова Д.И. т.б. Шығыс Қазақстан тарихы: 2-бөлім.-Семей: Тенгри, 2013.-99-116 б.
Демаков Н. Семейліктер Ұлы Отан соғысы жылдарында // Семей таңы.-1968.-16 февраль.
Мәлікаждар Қ. Ерлігі асқан Ер Қайым: 316 атқыштар дивизиясының 1075 полкының 1-ші батальонының рота командирі Қайым Гарипов туралы // Ертіс өңірі. – 2014. – 23 сәуір. – Б. 9
Сләмов А. Жерлес жауынгерлердің жасампаз ерлігі // Семей таңы.-2010.-6 мамыр.-3 б.
Ысмағұлов Д. Семейліктер майданда // Семей таңы.- 1980.- 9 май.
Чушекова Ж. Семейліктер Ұлы Отан соғысы жылдарында // Семей таңы . – 2010. – 15 сәуір. – Б. 3