Семейлік Кеңес Одағының Батырлары

Шулятиков В.А.

Василий Шулятиков 1917 жылы 9 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысының Большенарым ауылында туған. Кеңес Одағының Батыры Василий Шулятиков ұзақ жылдар бойы Семейде, осы Ертіс өңірінде тұрады, оқу оқыды, қызмет істеді. Оның әкесі 1929 жылы Семей қаласында қайтыс болды. Ал, шешесі Жалғызтөбе станциясында 1942 жылы дүние салды.
Василий 1932 жылы жеті класты бітіргеннен кейін Семейдің педагогоикалық училищесіне түсіп, оны бітіріп шығысымен Георгиевка ауылына қызметке жіберілді. Онда 1935-1939 жылдар аралығында мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, кейінен Маяковский атындағы мектептің директоры болып қызмет атқарды. Осы қызметте жүргенде 1939 жылы Жарма аудандық соғыс комиссариаты арқылы ол Совет Армиясы қатарына шақырылды. Ленинград соғыс округінде қызмет етіп, атқыштар полкінің құрамында ақ финдерге қарсы соғыс қимылдарына қатысты.
Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін Эстонияда әскери қызметте болды. Байланыс батальонының телефон-кабель взводы бөлімшесінің командирі болып жүріп,1941 жылдың 22 мамырында неміс-фашист басқыншыларына қарсы соғысқа кірді. Одан соңғы ұрыстар барысында взвод командиріне тағайындалды. Алғашында Балтық жағалауындағы ұрыстарға қатысты. Кейіннен Солтүстік – Батыс, Воронеж, Степной, 1,2–ші Украина майдандарында болды. Еліміздің Батыс шекрасындағы Шауляй қаласынан Румынияның астанасы – Бухарестке дейін қиын да қантөгіс ұрыс жолынан өтті. 1942 жылдың қыркүйегінде Лычково станциясы маңында аса қиын ұрыстар жүргізіп жатқан атқыштар дивизиясының Шулятиков басқаратын взводы шабуылдағы полкты телефон байланысымен сенімді түрде қамтамасыз етті.
1943 жылдың күзінде аса үлкен бөгет – Днепр өзенінен тоқталмастан көсіп өту міндеті жүктелген алғашқы құрамалардың қатарында Василий қызмет ететін дивизияда болды. Дивизия құрамынан арнаулы отряд бөлінді. Ол отрядқа Днепрден өтіп, дұшпан қолындағы қарсы жағалаудан плацдарм алу және дивизияның басқа бөлімдерінің µзеннен тез өтуін қамтамасыз ету жөнінде бұйрық берілді. Аға лейтенант Шулятиков отрядтың байланыс бастығы болып бекітілді. Отряд жауынды, ызғарлы түннің қою қараңғылығын пайдаланып, қолда бар құралдармен өзеннің батыс жағына өтіп шықты. Жау әскерлерімен кескілескен ұрыс басталды. Фашистер қайткен күнде біздің әскерлердің алдыңғы отрядын Днепрге қайта құлатып, өз қорғанысын қалпына келтіруге тырысты. Бірнеше дүркін қарсы шабуылға шықты. Дұшпан самолеттерін іске қосып, ержүрек жауынгерлердің бекінісін астан-кестеңін бомбалай бастады. Дивизияның командованиесімен және негізгі күштерімен сенімді де үздіксіз байланыс болуының арқасында алдыңғы отряд дер кезінде біздің артиллерия мен авиацияның қуатты көмегін алып үлгерді. Шулятиковтың байланысшылары өзеннен өтерде су астымен телефон-кабель линиясын қоса тартып өткен болатын. Жиі-жиі үзілген осы байланыс линиясын аға лейтенант Шулятиков тез қалпына келтіріп отырды. Осының арқасында алдыңғы отряд жауынгерлік бұйрықты табысты орындап шықты.
Осы ұрыстарда көрсеткен ерлігі, табандылығы және батырлығы үшін аға лейтенант Василий Шулятиковқа КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының 1944 жылғы 22 ақпандағы Қаулысымен Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен Алтын жұлдыз медалі қоса тапсырылды. Ұлы Отан соғысы жылдарында жауынгерлік тапсырмаларды үнемі табысты орындап отырғаны үшін Шулятиков екі дүркін «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін» медальдарымен және әртүрлі қалаларды алуға қатысқаны үшін тағы да бес медальмен наградталды. 1955 жылы соғыс академиясы жанындағы адьюнктураны бітіріп, соғыс ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. 1964 жылы оған доцент ғылыми атағы берілді.

Әдебиеттер тізімі:

Боздақтар: т.1.- Алматы, т.1.- б.7-16 б.
Боздақтар. 1 том: Семей облысы.- Алматы, 1995.- 8-10 б.
Герои Советского Союза.-Семипалатинск, 2004-56 с.
Ешкім де ешнәрсе де ұмтылмайды// Семей таңы.- 2009.- 7 мамыр.- б.3

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10