Семейлік Кеңес Одағының Батырлары

Косенков Иван Васильевич

Иван Васильевич Косенков 1923 жылдың 30 желтоқсанында Семей облысының Белағаш ауданындағы Богословка селосында шаруа семьясында туған. 1941 жылы желтоқсанда Қызыл Армия қатарына шақырылды. 1- дәрежелі Отан соғысы орленімен және медальдарімен наградталды. Сержант Косенков Днепрден өту кезінде екі қайықты қосып байлап, оған снарядтарымен 76 миллиметрлік зеңбіректі тиеп алды да, дұшпанның артиллерия-минометтері мен пулеметтерінің зуылдаған оғының астымен жүріп отырып, өзеннің оң жағалауына шықты. Зеңбіректі жағаға орнатып, атыс позициясына қойды да, дұшпанды төпеп атқылады.
Косенков өз зеңбірегінің оғымен жанталасқан жаудың бірнеше қарсы атакасына тойтарыс берді.Гитлершілердің көптеген солдаттары мен офицерлерін, бірнеше атыс ұясы мен соғыс техникасын жойып жіберді.
Днепрден өтерде неміс-фашист басқыншыларға қарсы ұрыстарда ерлік пен батырлық көрсеткені үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі 1944 жылғы 22 ақпандағы Қаулысы бойынша сержант Иван Васильевич Косенковқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Молдағалиев Жанғазы

Молдағалиев Жанғазы 1917 жылы бұрынғы Семей облысы, Абай ауданындағы Бестамақ ауылында туған. Жанғазы жастай жетім қалса да, орта мектептің 8 – сыныбын тәмамдап, аудандық кеңес атқару комитетінде хатшылық қызметін атқарады. Әскери қызметке 1938 жылы шақырылды.
Ұлы Отан соғысы басталған күннен-ақ Жанғазы Молдағалиев гитлершіл басқыншылармен батыл айқасқа түсті. Гвардияшы лейтенант Молдағалиев ротасының жауынгерлері Елизарово селосын азат етіп, жаудың жүзден аса солдаты мен офицерін жойып, 25 гитлершіні тұтқынға алды.
Фашистер оқты үсті-үстіне жаудыртып жатыр. Гвардияшыларға қатер төнді. Молдағалиевтің ротасы тағы да жауынгерлік тапсырма алды. Бұл жолы жау қорғанысының деревняға таяу орналасқан тірек-пункті – 167,2 – биіктікті басып алу қажет.
1943 жылдың қазан айында рота командирі, гвардия лейтенанты Молдағалиевқа Днепрден өтіп, арғы жағалауды басып алу және басқа әскери бөлімшелері келгенше ұстап тұруға бұйрық берілді. Молдағалиевтің басшылығындағы рота түн ішінде қиындықтарға қарамастан өзеннен өтіп, қатты қақтығыстан соң Днепрдің оң жақ жағалауында бекініп алды. Соның нәтижесінде біздің әскерлер Днепрден өтіп фашистерге тұтқиылдан шабуыл жасады. Жау қатты қарсылық көрсетті. Черноправка деревнясы маңында немістер күшті қорғаныс бекіністерін жасаған еді. Біздің әскери бөлімшелердің шабуылдары тоқтап қалды. Жау оқтың астына алды. Осы бір қиын қыстау сәтте гвардияшыл лейтенант Молдағалиев Александар Мотросовтың өшпес ерлігін қайталап, жау дзотының аузын өз денесімен жапты. Сол-ақ екен, жауынгерлер жауға лап қойып, тас-талқанын шығарды. Жаужүрек командирдің ерлігі жауынгерлерге жігер берді. Гвардияшылар қаза болған батырдың кегін қайтарып, жауды талқандады да, тірек пунктін басып алды.
Жанғазы Днепропетровск облысындағы Черноправка деревнясының жанына жерленді. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 19 наурыздағы Указымен Жанғазыға Кеңестер Одағының батыры атағы берілді. Жанғазы Молдағалиев Сталинград, Дон майдандарындағы ерліктері үшін 2 рет «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен, Жоғарғы бас қолбасшының бірнеше мақтау грамоталарымен марапатталды. Жанғазы Калинин, Сталинград, Дон, Воронеж, үшінші Украина майдандарында әуелі взвод, одан кейін ротаны басқарды. Елизарово селосындағы №1 украин орта мектебі мен Семей аймағындағы Абай ауданы, өзінің кіндік қаны тамған жерінде, Тоқтамыс ауылындағы орта мектеп Жанғазы Молдағалиев атымен аталады.

Рубусин Сергей

Сергей Рубусин 1924 жылы 24 қаңтарда Барнаул қаласында туған. 30- жылдары Рубусиндер семьясы Семей қаласына көшіп келді. Сергей Рубусин 15 жасынан бастап болат құюшының үйренушісі болып еңбек етіп, сонан соң темір жолда істейді. Ол жақтан 1942 жылы Қызыл Армия қатарына алынады. 2 және 1- Украин майдандары құрамында ұрыстарға қатысады.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10