Семейлік Кеңес Одағының Батырлары

1945 жылы 25 қаңтарда Соломатиннің ротасы плацдармды кеңейту жөнінде бұйрық алды. Аға лейтенант ұрысты шебер басқарып, әрдайым солдаттармен бірге болды, өзінің салқын қандылығымен, ержүректілігімен оларға жігер беріп отырды.
Кеңес Армиясы гитлершіл Германияның территориясына кіруіне және онан кейін фашист жыртқышын өз апанында жермен-жексен етуіне мүмкіндік берген осы көрнекті жеңіске, өзінің әскери ерлігі үшін 1945 жылы 10 сәуірде Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған А.Соломатиннің атқыштар ротасының ер жүрек жауынгерлерінің де қосқан үлесі зор.
Ленин орденімен, 1 дәрежелі Отан соғысы орденімен екі рет, Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталды.

Ыбыраев Айткеш Абайұлы

Ыбыраев Айткеш 1924 жылдың 15 мамырында Семей облысының Жаңасемей ауданында туған. Калинин, Брянск, 2 Беллоруссия майдандарында ұрысқа қатысады. Беллоруссия жерін азат етуге қатысты. Осындай қанды шайқастардың бірінде старшина Ыбыраевтың взводы 70 фашист солдатын және көптеген танкті жойып жіберді.
1944 жылы Белоруссия жерінде шабуылды ұрыстар жүріп жатты. Гитлершілер әрбір елді мекенге жармасып, шегінгісі келмеді.
Құрамына старшина Ыбыраевтың зеңбірек расчеты енген 380 – ші Орел атқыштар дивизиясы 1264 – полкінің танкіге қарсы ататын зеңбірек взводы жауынгерлік бұйрықты алған соң, түн қараңғысын жамылып, су бөгетінен өтті. Гитлершілер қарсы атакаға шықты. Зеңбірекшілер взводының командирі Жукашев оққа ұшты. Сол кезде старшина Ыбыраев басшылықты өз қолына алып, зеңбіректен оқ атуды өзі басқарып тұрды.
Гитлершілер ірі күшпен қоршаудан шығуға тырысып, тағы да бірнеше рет қарсы атака жасады. Бірақ олардың бәрінен де ештеңе шықпады. Старшина Ыбыраевтың взводы жаудың қарсы атакаларын тойтарып, оның адам күші мен техникасын зор шығынға ұшыратты. Ыбыраевтың зеңбірегі дәлдеп атып, фашистердің екі жүзге жуық солдаты мен офицерін жайратты, қару-жарақ тиелген 19 автомашинасы мен 55 ат-арбасын өртеп жіберді, танкіге қарсы ататын 6 зеңбірегі мен 12 пулемет ұясын жойды. Бірақ бұл ұрыс старшинаның өміріндегі ақтық шайқас болды. 1944 жылғы 27 қазанда ол қаза тапты.
Жанқиярлық ерлік көрсеткені үшін 1945 жылы 24 наурызда А.Ыбыраевқа Кеңес Одағының батыры атағы берілді. Ленин орденімен, 2-дәрежелі Отан соғысы орденімен, Қызыл Жұлдыз орденімен екі рет және медальдармен марапатталды.

Ысқақов Қапай

Қапай Ысқақов 1906 жылы 15 шілдеде Семей облысының Жарма ауданындағы Георгиевка селосында кедей шаруаның семьясында туды. 1941 жылғы шілдеде Қызыл Армия қатарына шақырылды. Батыс, Сталинград, 2–Украин майдандарындағы ұрысқа қатысты. Отан үшін ұрыста ерлікпен алдыңғы майдан шебінде жүріп бірнеше рет жараланды. «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 13 қыркүйектегі қаулысы бойынша Қапай Ысқақовқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Шакенов Кенжебек Шәкенұлы

Кенжебек Шәкенов 1924 жылы 22 ақпанда Семей облысының Жарма ауданында жұмысшы семьясында туған. 1942 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылды. 1943 жылы тамызда Ташкенттегі пулемет училищесін бітірген соң майданға шақырылды. 62-гвардиялық атқыштар дивизиясы құрылып болысымен, жорық маршымен Днепр жағалуларына жылжып келді де, 2- Украин майданының 37 – армиясының құрамына енгізілді. 184 гвардиялық атқыштар полкі Днепрдің оң жағалауына өтіп, қолайлы бекініске орнықты. Кенжебек пулемет оғымен тура көздеп, фашистерді жайрата бастады. Осы ұрыста ер жүрек пулеметші 30- ға тарта гитлершінің көзін жойды.
1943 жылы жауынгерлік күзетте болған пулеметші Шәкенов жаудың үш рет жасаған атакасын тойтарып, 17 солдаты мен офицерін және ірі калибрлі пулеметін жойды. Сержант Шәкенов екі рет жараланды. 1944 жылғы наурыз айында Ашхабадтағы жаяу әскер училищесіне оқуға жіберілді. 1944 жылы Днепрден өтуде көрсеткен қаһармандығы мен ерлігі үшін сержант Кенжебек Шәкеновке КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының 1944 жылғы 22 ақпандағы Қаулысымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10