Майдан хабарлары «Екпінді» газетінің беттерінде

h15    Адамзат тарихында алапат жылдар ретінде тарихта ерекше орын алатын Ұлы Отан соғысы өткен (1941-1945) сұрапыл жылдар жайында біз қанша естіп, оқып-біліп жүрсек те, әрдайым туған елдің сол жылдардағы қиын жағдайы, жауынгерлеріміздің Отан қорғаудағы жанқиярлық ерлігі мәңгілік ұмтылмақ емес
Семейде шығып тұрған «Екпінді» газеті 1941-1945 жылдары Семей өңіріне соғыс майданының хабарларын жеткізуде, майданға аттанған сол жылдардағы жерлестіріміздің ерен ерлігін, тыл еңбеккерлерінің жан қиярлық еңбегін ең көп жазған, орны ерекше басылымдардың бірі болған. Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдары майдан мен тыл «Екпіндінің» негізгі тақырыбына айналды. Газет «Бәрі майдан майдан үшін, бәрі жеңіс үшін» деген ұранды негізгі қағидаға айналдырды. Бұл күндері басылым беттерінде «Семей патриоттары майданға іспен көмектесуде», «Жауды талқандау үшін алға басыңдар», «Социалистік жарыс туын одан сайын жоғары көтерейік!» деген ұрандар үлкен әріптермен көрнекті орында беріліп отырған. Мұнда қала, ауыл-село жұмысшы және еңбекшілерінің халықты еңбекке жұмылдырып, жігерлендіру мақсатында айтқан сөздері жарияланған.
Сұрапыл соғыс жылдары шығып тұрған газет беттерін парақтар болсақ, 1943 жылғы 6 апрельде (сәуір) шыққан номерінде «Қызыл Армияның даңқты жеңістері» деген мақалаға еріксіз көзің түседі. Мақалада Кеңес әскерлерінің 1943 жылы жеңіске бастар алғашқы қадамдарын қыстай 4 ай бойы үздіксіз жүргізе отырып, дұшпан армиясының шегінуге мәжбүр болғаны жайында, Отанымыздың бірқатар қалаларының азат етілуі жайында жан-жақты айшықталған. Газет бетіне көз жүгіртсек, «Мұнда Еділдің жағаларында немістер соғыс тарихындағы аса үлкен жеңіліске ұшырады. Орталық Дон, мен Воронеж аудандарында да, Демянскі ауданында да дұшпанға өлтіре соққы берілді. Қуатты соққы беру арқылы Қызыл Армия Ленинградтың қоршауын бұзды. Орталық майданда біздің әскерлеріміздің шабуылы дұшпанның Ржев, Гжатскі, Вязьма аудандарындағы бекініске сүйенген, шығысқа қарай көп алға басқан қамалдарын жоюды жүзеге асырды.
Қыстың ауыр жағдайларында Қызыл Армия кейбір учаскелерде батысқа қарай 600-700 километр алға басты. Совет елінің Қызыл Туы ондаған ірі қалалардың, соның ішінде облыстық, өлкелік, орталықтардың көптеген мыңдаған селолардың, деревнялардың, хуторлар мен поселкелердің үстінде желбіреп тұрды.
Миллиондаған совет азаматтары фашист қақпанынан босатылды. Ставрополь өлкесі, Шешен, Ингуш, Солтүстік Осетин, Кабардо-Балқар және Қалмақ автономиялы республикалары, Воронеж және Сталинград облыстары, Черкесс, Карачай, Адыгей автономиялы облыстары жаудан түгелдей тазартылды. Краснодар өлкесі, Ростов және Курск облыстары түгел дерлік, Ворошиловград, Смоленскі және Орлов облыстарының едәуір бөлігі жаудан тазартылды».-, деп жазады.
«Совет информбюросының хабары бойынша 4 ай 20 күннің ішінде неміс-фашист әскерлерінің шығындары 850 000-нан аса солдаттары мен офицерлерінен тек өлі айырылған, 343.525 адам қолға түсірілген.
Қызыл Армияның соғыс олжалары шынында өте көп. 1490 самолет, 4670 танк, әртүрлі калибрдегі 15 860 зеңбірек, 9 835 миномет, 30 000- нан аса пулемет, тағы басқа көптеген әртүрлі қару-жарақтар мен соғыс мүліктері біздің қолымызға түсті». Міне, бұл үзінділерден Ұлы Жеңіске қадам басудағы орасан жетістіктер мен жауынгерлеріміздің өшпес ерліктерін байқаймыз.

Беттер: 1 2 3