Кітапхана Ұлы Отан соғыс жылдарында

h16    Ұлы Отан соғысының отты жылдарында мәдениеттің барлық салалары, оның ішінде Семейдің облыстық Н.В.Гоголь атындағы кітапханасы (1992 жылы кітапханаға Абай есімі берілген) оқырмандар үшін қызмет етіп, еліміздің бейбіт өмірге жетуіне өз үлестерін қосқан.

Соғыс жылдарының қиын-қыстау кезіне қарамастан кітапхананың қоры жаңа кітаптармен, мерзімді басылымдармен үнемі толықтырылып отырған. 1941-1945 жылдары кітапхана бүкілодақтық, республикалық және жергілікті ”Война и рабочий класс”, ”Здравоохранение Казахстана”, ”Большевик”, ”Большевик Казахстана”, ”Казахстанская правда”, ”Прииртышская правда”, ”Правда”, ”Учительская газета”, ”Екпiндi”, ”Социалистік Казахстан” сияқты мерзімді басылымдарды жаздырып алған. Кітапханада кітап қорын сақтау және насихаттау шаралары тоқтатылмаған. Кітапханашылар Кеңес информбюросының сводкасын басшылыққа ала отырып, майдан даласындағы одақ әскерилерінің ерлігін жұртшылыққа насихаттау мақсатында шаралар мен әңгімелер өткізді.

1941-1945 жылдары кітапхана қызметкерлері жауына қарсы ортақ күресте жеңіске тез жетуде өз міндеттерін дұрыс жолға қоя білді. Олар үкіметтің шешімдерін жұртшылыққа түсіндіріп, тұрғындарға өнеркәсіп орындарындағы жаңа мамандықтарды игеруге көмектесті. Осы бағытта түрлі көпшілік шаралар ұйымдастырып, әскери госпитальдарда, егіс алқаптарында болып халыққа күш-жігер берді. Шығыс Қазақстан облыстық қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығынан 1941 жылғы 25 қарашада «Из политдонесения комиссара эвакогоспиталя №3593 председателю комитета по обслуживанию раненых и больных бойцов, командиров РККА» атты табылған құжатта төмендегідей деректер берілген:

«1941 жылы 15 қазаннан 23 қараша аралығында оқырмандарға 2481 дана кітап берілген, оның ішінде Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин шығармалары – 208 дана, медициналық әдебиеттер-191 және 2081 дана әдеби кітаптар. 23.ХІ күні 560 адам тіркеліп, 1.ХІ-23.ХІ аралығында көшпелі кітапханаға 2141 адам келді.

Госпиталь бөлмесінде Ұлы Отан соғысына арналған 3 кітап көрмесі және әдеби кітаптармен, газет-журналдар беттеріндегі мақалалардан «Что читать?» атты көрме ұйымдастырылды. Барлық бөлімдерге Сталин жолдастың 6.ХІ-41 жылы жасаған баяндамасы үлкен беттерге жазылып ілінді. Кітапханашылар Зощенконың 2 оқуын өткізді. Островскийдің «Как закалялась сталь» атты кітабы бойынша оқырмандар конференциясы белгіленді. Көшпелі кітапхана қызметі ұйымдастырылып, аурухана бөлмелерінде, әсіресе ауыр науқастар жатқан бірінші бөлімге қызмет көрсетті. Госпитальға журналдардан тек «Большевик Казахстана», газеттерден 7 газет: «Казахстанская правда», «Cоциалистік Қазақстан», «Прииртышская правда», «Екпінді», «Фрунзевец», «Красная звезда», «Центральная правда» түсті. Барлығы – 117».

Соғыстың алғашқы күндерінен-ақ, қала өнеркәсібі жұмысы ерекше әскери үйлесіммен жолға қойылды. Қалада кеме жөндеу зауыты, былғары өндіріс комбинаты, «Крупская» атындағы артель, «Пимокат», «Красный кожевник» сияқты өндіріс орындары майданға қажетті өнімдерді дайындады. 1941 жылдың күзінде қалаға басқа жақтан эвакуацияланған өнеркәсіп орындары көшіріле бастады. Былғары мен текстиль өнеркәсіптері дамыған Семей қаласына Калинин облысынан Осташковский атындағы былғары зауыты, төрт шұға фабрикасы, үш аяқ киім фабрикасы, бір тігін фабрикасы көшірілді. Қаладан майданға тұлып, тері күртешелер, қолғап т.б. жылы киім-кешек жіберілді. Соғысқа кеткен ер-азаматтардың орнын әйелдер, жасөспірімдер, қариялар басып, олар токарь, слесарь, механик жұмыстарын атқарып, меңгерді.

Беттер: 1 2