Кітапхана Ұлы Отан соғыс жылдарында

Барлық елдер сияқты кітапханашылар да «Өзіміз үшін ғана емес, майдан даласындағы жолдастарымыз үшін еңбек етеміз!» деген ұранды берік ұстаған. Неміс фашистерін жеңуде тылда еңбек еткен миллиондаған адамдар тер төгіп, өз үлестерін қосты.

Ұлы Отан соғысы оқиғасы мен сұрапыл жылдардағы кітапхана қызметі тарих беттерінде мәңгі қалары сөзсіз. Ел қорғаушыларының ерлігі Жеңіске жеткізген жетістіктер біздің есімізде және кітап парақтарында мәңгі сақталады.

Адамзат тарихындағы осынау Ұлы Жеңіске жетуде біздің кітапханашыларымыздың да зор үлесі бар. Солардың бірі – Мария Васильевна Акимова. 1934 жылы 25 жастағы Мария Васильевна Н.В.Гоголь атындағы кітапханаға жұмыс істеуге келеді. Ал 1941 жылы облыстық денсаулық сақтау бөлімі оны бұрынғы зоотехникалық-малдәрігерлік институты ғимаратында орналасқан, Семейге эвакуацияланған №3593 госпитальдағы кітапхана-клубқа меңгеруші етіп жібереді. Госпитальда жұмыс істей жүріп, Мария Васильевна жаралыларға үнемі рухани қолдау көрсетуге тырысты. Оның бастамасы бойынша госпиталь сахнасында саяси хабарламалар жасалып, концерттер ұйымдастырылды, Украинаның «Франко» тетры өнер көрсетті.

htmlimageМария Васильевна госпитальда мәдени-ағарту және насихаттау жұмысымен ғана шектелмейді. Ол үнемі медицина қызметкерлеріне ауыр жаралы солдаттарды вагоннан түсіруге, госпитальға қабылдауға, оларға қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмектесті, науқастардың төсегінде кезекшілікте болып, жараларын таңып, жазылған жауынгерлерді үйлеріне апарып салды.

Ауыр жаралы жауынгерлерді өмірге қайтару үшін қаншама шыдамдылық пен жан жылуы керек еді, сөйтсе де, Мария Васильевна әрбір жауынгерге уақытын бөліп, мейірімді сөз таба білді. Айналасындағыларды осы бір нәзік әйелдің осындай адам күші жетпейтін ауырлықты мойымай көтергені таң қалдыратын. Әскери госпитальдағы ерен еңбегі үшін Акимова Мария Васильевна «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталды.

1950 жылы Мария Васильевна кітапханаға оралып, құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін оқу залының меңгерушісі болып қызмет атқарды. Жылдар өте келе, Мария Васильевнадан соғыс жылдары жеке ерлігін қалай бағалайтынын сұрағанда, ол таң қаларлық ештеңе жоқ, жай ғана өзімнің азаматтық, адами парызымды орындадым деп жауап беретін.

Кітапханадағы жұмысы барысында Мария Васильевна Мәдениет Министрлігінің, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің мадақтама қағаздарымен марапатталды. 1957 жылы оған «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағы берілді.

Ұлы Жеңіс мерекесіне орай ата-бабаларымыздың рухына тағзым ретінде олардың ерен ерліктерін, жер, Отан, біздердің жарқын болашағымыз үшін жасаған ерліктерін мәңгілікке есте сақтап, жадымызда ұстаймыз. Соғыс зор апат, сондықтан да бейбітшілікті сүюші әрбір адам соғыстың болмауын қалайды.

Әдебиеттер тізімі:

Аязбаева Г. Кітапхана Ұлы Отан соғысы жылдарында // Семей таңы.-2010.-3 мамыр.-3 б.
Семипалатинской библиотеке им. Гоголя 100 лет: Путеводитель.- Семипалатинск, 20 б.
Семипалатинская область в цифрах.- Семипалатинск, 1988.- 30 с.
Шығыс Қазақстан облыстық қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы: Құжат 1941 жылғы 25 қараша «Из политдонесения комиссара эвакогоспиталя №3593 председателю комитета по обслуживанию раненых и больных бойцов, командиров РККА»

Беттер: 1 2