Семей қаласының экономикасы

h19   Тоғыз жолдың торабындағы Семей халқы ежелден саудаға бейім. Соның арқасында қаламыз сонау 90 –шы жылдардағы қиын кезеңде кәсіпкерлікті дамытып, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында көптеген жұмыстар атқарып, егемен еліміздің іргесін қалауда өз үлесін қосты.

Нарық талабына сай меншік түрлерінің өзгеруіне байланысты көптеген кәсіпорындардың жұмыс көлемі ұлғайып, бірқатары өздерінің өнім өндіру бағытын өзгертсе, кейбіреулері халыққа қызмет көрсетудің жаңа салаларын меңгеріп үлгерді. 2011 жылы Елбасының қаңтар айындағы Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының мәселелерін қамтитын жиналысында қала әкімі А. Кәрімов өңір экономикасының жаңа моделі жайлы баяндады. Осы мәселені қамтитын баяндамада ол өңір экономикасын көтерудегі басым бағыттарды, базалық салаларды, көтерілген мәселелерді шешудің жаңа жолдарын атап көрсетті.

2010 жылы тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсарту, қала экономикасының басты салаларын дамытуға жағдай жасау мақсатында 5 жылға арналған Семей қаласының аймақтық даму Бағдарламасы жасалған болатын. Даму стратегиясының және 2015 жылға дейінгі бәсекелестікке қабылеттілікті дамыту стратегиясының, экономиканың жеке салаларын дамыту бойынша бағдарламалардың негізгі қадамдары интеграцияланды.

Аймақтық экономика моделін табысты енгізу үшін, әсіресе, көмір, алтын, никель, молибден, мыс және т.б. тау кен өндірісін дамытуға себеп болатын қазба байлықтарының қорын анықтау қажет. Салалардың көпшілігінде 2010 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда оң нәтижелер байқалады: жаңа кәсіпорындар ашылды, қызметкерлердің айлық орташа жалақысы бюджет саласындағы сияқты, нақтылы секторда да өсті, жұмыссыздық деңгейі едәуір төмендеді.

«Флер», «Барыс», «Москва», «Париж», «Астана», «Керемет», «Астаналық» атты сауда және қоғамдық тамақтандырудың заманауи кәсіпорындарды пайдалануға енгізілді.

2011 жылы қаланың шағын кәсіпкерлік кәсіпорындарында 2139 жаңа жұмыс орны құрылып, өсу қарқыны 2010 жылға шаққанда 114 % болды.

Қазақстанды индустрияландыру картасы шеңберінде «Семей былғары-мех комбинаты» ЖШС былғары өндірісін қайта жаңарту, «Игеру» ШҚ ЖШС теміржолдың жылжымалы құрамы үшін тежегіш қалыптарды өндіру және «СемАЗ» ЖШС 3022 ДЦ үлгілік «Беларус» тракторларын құрастыру өндірісін ұйымдастыру жөніндегі жобалар іске асырылды.

2012 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар саны 1506 болды, бұлардың ішінде 969 белсенді жұмыс істейді. Жалпы алғанда 2011 жылы қала бюджетінің көлемі 23 млрд. теңгеден асты.

Өңірде тамақ өнеркәсібі де дамып келеді. Шығыс Қазақстан облысын азықтық бидаймен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы меморандумның арқасында 2011 жылдың наурыз айында жасалған қосымша келісімге сәйкес Семей қаласы бойынша 4 оператор: «Ай-Ар» ЖШС, «Шығыс» нан комбинаты» ЖШС, «Семнан» ЖШС, «Құрмашев» ЖК өз кәсіпорындарында және қаланың 16 наубайханасында ұн тарту өнеркәсібінің өндіріс көлемін ұлғайтты.

Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қан жүгіртіп, жан бітірудің негізгі қуат көзі – ауылшаруашылық өнімдерінен бастау алатыны аян. Қаланың аграрлық секторы да экономикаға біршама үлес қосуда. Семей қаласының экономикасының қазіргі уақытта дамуында көп ілгерілеушілік байқалады.

Сайт бөлімдерінде қала зауыттары мен фабрикаларының іргетасы қаланған уақыттан бастап, қазіргі уақытқа дейінгі аралықтағы тарихы мен дамуы, өндіретін өнім түрлері жайында ақпараттар ұсынылады.