2015 жылғы 3-ші желтоқсанда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі және «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығы» Қоғамдық Қорының бірлесіп ұйымдастыруымен Абай Құнанбаевтың 170 жылдығы аясында және Қайым Мұхамедхановтың 2016 жылы жылы аталып өтілетін 100 жылдығы қарсаңында «Қайым Мұхамедханов: Хаттар сөйлейді. Каюм Мухамедханов: Письма говорят» кітабының тұсаукесері өтті.
Кітаптың тұсаукесері жиынын ҚР Мемлекеттік орталық музейі директорының ғылым істері жөніндегі орынбасары Б.Хинаят қысқаша сөз сөйлеп ашты. Бұдан кейін аса сындарлы абайтанушы, білікті ғалым, қаламгер Қайым Мұхамедханов туралы белгілі жазушы-сатирик Ғаббас Ғабышұлы, жазушы, аудармашы, дінтанушы Уахап Қыдырханұлы, бірегей ғалымның тұяғы, қызы, «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығы» қоғамдық ұйымының директоры, профессор Дина Мұхамедхан, белгілі аудармашы, ақын, мәдениеттанушы, философ Әуезхан Қодар, М.Ә. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Серікқазы Қорабай, филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісмақова, Қайым Мұхамедхановтың шәкірті Астана қаласындағы Ә.Марғұлан атындағы №40 орта мектептің директоры Ербол Іргебай, кітаптың демеушісі Мақсұт Өмірханов өз ой-тілектерін ортаға салды.
Қайым Мұхамедханов – танымал ғалым, абайтану ғылыми бағытының негізін салушы, текстолог, КСРО Жазушылар Одағының мүшесі (1940), қоғам қайраткері, жазушы, ақын, драматург, аудармашы, педагог, ҚазССР Мемлекеттік әнұранының авторы, Семей қаласындағы Абай музейінің негізін қалаушы (1940).
Ғалым өзінің ғылыми-зерттеушілік қызметінің алғашқы күндерінен бастап Абай және оның ізбасарлары туралы материалдарды тірнектеп жинаған болатын. 1951 жылы қорғаған «Абайдың әдебиет мектебі» кандидаттық диссертациясы, «Абай ортасының ақындары» және «Абай шығармаларының текстологиясы» монографиялары, сонымен бірге көптеген ғылыми мақалалары Абай және оның шәкірттерінің өмірі мен шығармашылығын зерттеуге үлкен үлес қосты. Абайдың 150 жылдығы қарсаңында «Абай» Республикалық қоры «Абайдың ақын шәкірттері» атты Қ.Мұхамедхановтың іргелі зерттеу жұмысын бес томдық етіп жариялады. Қ.Мұхамедханов Абай атындағы Халықаралық сыйлықтың және Журналисттер Одағының сыйлығының лауреаты, «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының №1 медалімен марапатталған. 1996 жылы абайтануға қосқан үлесі үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
«Қайым Мұхамедханов: Хаттар сөйлейді. Каюм Мухамедханов: Письма говорят» кітабында ғалыммен бірге жүрген, бірге еңбек еткен ХХ ғасырдың көрнекті тұлғаларымен хат алмасулары берілген, олар: Ж.Сайын, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, С.Марков, І.Омаров, М.Хәкімжанова, Ә.Тәжібаев, М.Әуезов, Т.Иванова, Дм.Снегин, С.Мұқанов, Т.Жароков, С.Машақов, Ш.Мұртаза, Ә.Нұршайықов, М.Төлеуов, Н.Анов, А.Сейдембеков, В.Коротич, Х.Ерғалиев, Е.Жақыпов, А.Тоқпанов, Ж.Бектұров, В.Карпов, Ү.Сұбханбердина және т.б. Осы кітапта Абай мен Шәкәрім ұрпақтары, алашордалықтардың және басқа да белгілі қайраткерлердің балалары ғалым жайлы естеліктері және шежірелік білімдерімен бөлісіп, әкелерінің аттарын жаңғыртқаны үшін алғыстарын білдірді.
Сонымен қатар, аталмыш кітаптағы қазақ және орыс тілдерінде жазылған хаттарда отандық тарих пен ғылым, өлкетану мен мәдениет туралы, Карлагта өткізген ауыр репрессия жылдары жайлы аса танымдық мазмұнды фактілер келтірілген.
Кітап тұсаукесері кешінде ұлы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Сегіз аяқ», «Көзімнің қарасы» әндері шырқалды. Келушілерге жаңа кітапты таныстыратын фотосуреттер, Қайым Мұхамедханов туралы деректі фильм көрсетілді.