Graph With Stacks Of Coins   ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Семей өңірінде алғашқы өнеркәсіп орындары пайда бола бастады. Кең көлемдегі сауда орындарының, жәрмеңкелердің ашылуы, зауыттар мен фабрикалардың сандарының артуы осы қалалардағы халық санының өсуіне де жағдай жасады, қалада сауда мәдениеті дамыды. Бұл туралы А.И. Левшин былай деп жазады: «Айырбас сауда жасау үшін олардың яғни қазақтардың келетін негізгі орыны Ресей шекарасындағы Семей, Өскемен, Петропавл, Омск қамалдары болды». Осылардың ішіндегі Семей қаласы уақыт өткен сайын аталған өңірлердегі негізгі сауда жүргізетін орындардың біріне айналды.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Семей қаласы арқылы Орта Азия мемлкеттерінен сауда керуендері өткен. Міне, осылайша Семей қаласы Ресейдің Құлжа, Қашғар мен сауда жасаудағы ірі орталығына айналды. Сонымен қатар, Семейден Қытай қалалары Шұғышақ пен Қоқанд сауда керуендері өтетін болды.

Қала экономикасы XX ғасырдың басында қарқынды дамып, ірі өнеркәсіп орындары салына бастады. 1925 жылдары қалада ірі, азық-түліктің әртүрлі ассортиментін сататын дүкендер ашылды. Қалада көлік тасымалы да қарқынды дами бастады. Ең алғашқы көлік қалада 1932 жылдары бағытты автобустар жүргізіле бастады. Бір жыл ішінде бұл автобустар 100 мың жолаушылар тасыды. 1936 жылдары қала көшелерінде 6 автобус жүргізіліп, қаладағы көлік қатынастарын дамытуда 30 автобус, 25 такси, 40 жүк машиналарын жүргізу жоспарланды.

1940 жылдары байланыс саласының дамуы ірі жетістіктердің бірі болды. Семей қаласы Алматы, Мәскеу қалаларымен қатар республиканың басқа қалаларымен байланысу мүмкіндігіне ие болды. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталысымен қала еңбекшілері «Бәрі де жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін» ұранымен еңбек етті. 1941 жылдың күзінен бастап Семей өңіріне батыс аймақтардан өндіріс орындары мен ұйымдары, жүздеген жанұялар қоныс аударды. Володарский атындағы тігін фабрикасы қалаға көшіріліп әкелінгеннен 20 күннен кейін, өнімдерін күннен күнге көбейтіп шығара бастады. Соғыс жылдары қиындық туғызған кадр мәселесін шешуге ат салысқан негізгі жұмысшы күші әйелдер мен балалардан тұрды. Ұлы Отан соғысы жылдарында обылста ондаған ірі зауыт-фабрикалар қалпына келтіріліп, пайдаланылуға беріліп, жаңа құрылыстар салына бастады. Соның арқасында қалаға көшіп келген өнеркәсіп орындарының негізінде кішігірім артельдер саны екі есеге, өнеркәсіп комбинаттарының саны үш есеге өсе түсті. Бұлардың барлығы облыс кәсіпорындары өңдейтін өнімдер көлемін ұлғайтты.

1942 жылы ұн комбинаты салынып, іске қосылды. Семйеліктер майданға өте зор көмек көрсете отырып, қорғаныс қорын жасауға ат салысты. Соғыс жылдары қала жеңіл өнеркәсіптің ірі орталығына айналды. Өнеркәсіп орындары соғыс кезіндегі қиыншылықтарға қарамастан, әскери тапсырмаларды орындап, кез-келген уақытта сұраныстарды артығымен орандауға тырысты.

Семей қаласының экономикасы 20 ғасырдың 50-60 жылдары жоғары қарқынмен дами бастады. 1960 жылдары Ертіс өзенінің сол жағалауында ет комбинаты маңайында республикадағы жоғары сапалы құрылғылармен жабдықталған ең алғашқы кабель заводы құрылды. Екі жылдан кейін 150 км. жоғарывольтты электржелісі жүргізіліп, қалаға Бұхтарма су электрстанциясынан арзан электр тогі келіп жатты. Семей қаласы үшін бұл зор оқиға болды. Екі жылдан соң, сүт комбинаты тұрғызылып, арматура зауытының құрылысы басталды. 1964 жылы семейліктер үшін Ертіс өзенінің үстіне салынған көпір қалалықтардың мақтанышына айналды. Семейдегі өзен порты республиканың шығысының экономикасын дамытуға үлкен үлес қосты. Ертіс өзені бойымен әртүрлі ауыр жүктер кен, темір кені, құрылыс материалдары, астық т.б. тасымалданды. Семей қаласы жеңіл өнеркәсіп, тағам өнеркәсібінің орталығына айналды.

Тоғыз жолдың торабындағы ежелден саудаға бейім Семей халқы 1990 жылдардағы қиын кезеңде кәсіпкерлікті дамытып, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында көптеген жұмыстар атқарып, егемен еліміздің іргесін қалауда өз үлесін қосты. Мұнда ең алдымен шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлінді.

1998 жылы жеке меншікке негізделген қала өнеркәсібі 87 ірі кәсіпорынды құрады. «Қаражыра» көмір кенішінің қуаты жыл сайын өсе түсті, 1997 жылы 2,5 млн.тонна көмір өндірілген. Атақты Шульба ГЭС-і жұмыс істеп тұрды. Өнеркәсіп өндірісінің жартысын ұқсатушы өнеркәсіп қамтыды. Бұлар-машина жасау, ұн тарту, тамақ, ағаш өңдеуші және металл өңдеуші кәсіпорындар, сол сияқты фармацептикалық және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар.

1998-1999 жылдары шетелдік инвестициялар мен республикалық бюджеттің қаржысы Ертіс өзені арқылы өтетін көпір құрылысына жұмсалды. Семей қаласында аспалы көпірдің ашылуы өлке тарихына қосылған үлкен жаңалық болды. 2000 жылы 16 қазанда пайдалауға берілген аспалы көпірдің ашылу салтанатына Елбасы Н.Назарбаев келіп, Жапония компаниясының менеджері Т.Мацузава мырзамен Ертіс өзені арқылы өтетін көпірдің көк лентасын қиып ұлы достық жолын ашты. Көпірдің маңызы сол, тек семейліктер мен Қазақстан үшін ғана емес, Орталық Азия мен Батыс Сібірді байланыстыратын халықаралық маңызы зор жол торабы болып отыр.

2010 жылы салалардың көпшілігінде оң нәтижелер байқалады: жаңа кәсіпорындар ашылды, қызметкерлердің айлық орташа жалақысы бюджет саласындағы сияқты, нақтылы секторда да өсті, жұмыссыздық деңгейі едәуір төмендеді. 2011 жыл бойы өнеркәсіп кәсіпорындары қолданыстағы бағада 109,5 млрд.теңгеге тауар өнімін өндірді, ол 2010 жылдың тиісті кезеңінен 14,8 млрд.теңгеге немесе 15,7%-ға жоғары. Нақты көлемнің индексі 100,5 %-ды құрады. Бүгінгі таңда өнім өндірушілердің 90 пайыздан астамы – жекеменшік, ұжымдық кәсіпорындар немесе акционерлік қоғамдар. Жүргізілген реформалар «Семей сусыны ЖШС, «Ромат» ЖШС, «Саян ЖШС, «Метиз фурнтитура заводы» АҚ, «Роза» ЖШС (бұрынғы пима-киіз бұйымдары комбинаты), «Ертіс» АҚ (бұрынғы үйрек фабрикасы), «Мирас» ЖШС (бұрынғы «Большевичка» АҚ өндірісінің бір бөлігін сатып алған), сияқты кәсіпорындарда оң нәтижелер берді.

Семей экономикасын дамытуда «Семей былғары-мех комбинаты» ЖШС былғары өндірісін қайта жаңарту, «Игеру ШҚ» ЖШС-теміржол тежегіш қалыптарын өндіру және «СемАЗ» ЖШС трактор өндірісін ұйымдастыру жөнінде жаңа жобалар іске асырылуда. 2012 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар саны 1506 болды, бұлардың ішінде 969 белсенді жұмыс істейді.

Семей қаласы өнеркәсіппен қатар ауыл шаруашылығын да жүргізетін қалалардың бірі болып табылады. Жерге егін егіп, дәнді дақылдар, күнбағыс, көкөніс дақылдарымен, картоп, жемшөп дақылдарымен қала және маңайындағы тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз етуде. Қала маңындағы «Приречное», «Жаңа Семей», «Шаған» ЖШС, «Кроман» және «Шанс» шаруа қожалықтары табысты еңбек ету үлгісі көрсетіп отыр.

Байқалып отырғандай, Семейдің келешекте де даму әлеуеті зор. Тәуелсіздігіміздің 20 жылы ішінде аяғынан тік тұрған кәсіпкерлік жоғары қарқынмен дамып, еліміздің өркендеуі жолында қызмет атқаруда. Кәсіпкерліктің дамуына жол ашатын түрлі идеялар арқасында экономикамыз бүгінде тұрақты даму үстінде. Өзіміздің әр қадамымызды Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы мен «Қазақстан-2030» стратегиясынан туындайтын негізгі талаптармен және қағидалармен салыстыра отырып қала халқы өңірдің гүлденуі үшін аянбай еңбек ететін болады.

Әдебиеттер:

Аймақ экономикасының кепілі: (өңірлік экономиканың жаңа моделі туралы) // Семей таңы.-2011.-23 ақпан.-1 б.
Асылжан П. Өңірдің іскерлік әлемін біріктіруде пәрменді қимыл бар [Текст] : ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімов бастаған Үкімет мүшелері Семей өңірінде болды // Семей таңы. – 2007. – 8 наурыз. – С. 1
Қасымжанұлы, С. ”Семей” экономикасы өрлеу үстінде [Текст] / С. Қасымжанұлы // Ертіс өңірі. – 2009. – 13 мамыр. – С. 3
Кәрімов А. Халық үшін аянбай еңбек етуіміз керек // Семей таңы.-2011.-23 ақпан. Сейсенов Д. Семей елі, Семей жері.-Семей, 2001.-401 б.
Семей қаласы әкімінің 2011 жыл бойынша өзіне жүктелген міндеттердің орындалуы жөнінде қалалық мәслихат сессиясында баяндайтын есебінің міндеттері // Семей таңы.-2012.-28 ақпан.-2 б.
Кузнецова З.В. Семипалатинская область.- Алматы, 1961.- 210 с.
Семей қаласының әлеуметтік-экономикалық жағдайы: (қалалық статистика орталығының мәліметтері).- 2001 жыл.