Қала кәсіпорындары

«Семей құс» фабрикасы
h32    «Семей құс» фабрикасы кезінде дүрілдеп тұрған шаруашылық болатын. 1967 жылы ресми түрде ашылған кәсіпорын 1992 жылы акционерлік қоғам ретінде қайтадан құрылды. Шығаратын өнімдері – құс еті және тауық жұмыртқасы. «Семей құс» қазіргі күні табысты шаруашылық екендігін дәлелдеп отыр. Қалада тауық еті, жұмыртқамен қамтамасыз етілмейтін бірде-бір дүкен, асхана жоқ. Бұл фабрика сыртқа қоқыс шығармайтын, экологиялық жағынан таза кәсіпорынға жатады.

Фабрика бірнеше цехтардан тұрады. Ең неігзігісі – құс өсіру цехы. Әзірше 14 құс өсіретін корпуста 117 адам жұмыс істейді. Израильден, Ресейден әкелінген тамаша құс түрлері де бар. Ірі салмақтағы, етті, көп жұмыртқалайтын тауықтарды өсіп-өндіру үшін оларға витамині мол жем мен су қажет. Күндік тапсырма бойынша 40-45 тонна жем азығы дайындалады екен.

Мамандар инкубация цехына түскен жұмыртқаларды обоскоп аппараты арқылы қарап зерттейді. Жұмыртқаның сапасы тексерілген соң АТМ препараты арқылы ауруға қарсы шаралар жүргізіледі. «Семей құс» ААҚ қаламызды жұмыртқамен қамтамасыз етіп отырған бірден-бір мекеме.

Кейінгі жылдары Германиядан тауықтың жаңа түрі әкелінді. 18 мың тауық пен 2 мың әтеш қазір күтімде тұр. Бұл құстың өнімділігі – әр тауықтың 305-310 жұмыртқа беру мүмкіндігі бар. Фабриканың ең үлкен цехында Германиядан алынған жаңа жабдық орнатылған. Бұл цехта 37 мың құс күтіліп, бағылуда. Жаңа жабдықтардың тиімділігі сол – жұмыртқаны өзі жинайды және электр қуаты да аз жұмсалады.

Семейдің құс фабрикасы өнімін тек жергілікті тұрғындар ғана емес, Астана, Алматы, Қарағанды, Павлодар облыстары да тұтынады.

Әдебиеттер:
Нұғманбекова Р. Қадамы сәтті, өнімі тәтті// Дидар.- 2003.- 21 қыркүйек.- б.2
Раисова К. Құс саны көбейтілуде // Ертіс өңірі.- 2004.- 22 қаңтар.- б.2
Шарапиева Л. Құлашын кеңге жайған кәсіпорын: ”Прииртыш бройлер құс фабрикасы” ЖШС-де облыс әкімі Б.Сапарбаевтың қатысуымен жаңа цехтар ашылды // Семей таңы . – 2011. – 22 шілде. – С. 1-2

«Мирас» ЖШС
h33    «Мирас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кешегі Кеңес дәуіріндегі «Большевичка» жеңіл өнеркәсіп бірлестігінің негізінде құрылған. 1941 жылы Семейге көшіріліп әкелінген «Большевичка» тігін бірлестігі ерлер мен балалар көйлегін тігуге маманданған. Донецк қаласының Володарский атындағы және Харьков қаласының «Большевичка» жеңіл өнеркәсіп бірлестігінің негізінде құрылған. Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға арналған өнімдер шығарып тұрды.

Мекемеде 200-дей адам еңбек етеді. Кәсіпорын республикалық тендерлерде бірнеше тапсырысты жеңіп алды. Мысалы, Қорғаныс министрлігінің әскери киімдерге берген тапсырысын жоғары сапамен ғана емес, мерзімінен бұрын орындап шықты. Бұрын ерлердің ғана киімін тіксе, қазір тұтыну рыногының талаптарына сай басқа да халық тұтынатын тауарларды дайындайды. Сондай-ақ ер адамдардың көйлектері, жұмысшылардың арнайы киімдері, төсек-орын жабдықтары, тағы басқа тұрмысқа қажетті заттарды дайындайды.

Әдебиеттер:

Оспанов М.Отандық өнім өз байлығымыз // Ертіс өңірі.-2003.-11 қыркүйек .-7 б.
Зекенұлы Қ. Кәсіпорындарда болды // Семей таңы.-2004.-30 шілде.- 2 б.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8 9